Сенімнен айырылғандар

Бағашар Тұрсынбайұлы - 21.08.20198796

Тоқсаныншы жылдардың соңында жемқорлыққа байланысты қылмыстық істер қозғала бастады. Солардың бір тобын біле жүріңіздер.

Ең шулы іс Міндетті медициналық сақтандыру қорынан қомақты ақшаның жымқырылуы еді. Бұл қордың сол уақыттағы бұрынғы директоры Талапкер Иманбаев кінәлі деп танылған. Оған қылмыстық топ құрды және 1996-1997 жылдары қызметін асыра пайдаланып, мемлекеттік мекемеге 906, 5 млн теңге зиян келтірді деген айып тағылған. 1998 жылдан бері халықаралық іздеу жарияланған. Сыртынан тоғыз жылға дүние мүлкін тәркіленсін деп сотталған. Қазір шетелде жүр.


1994-1997 жылдары Қазақстанның премьер-министрі болған Әкежан Қажыгелдин 1998 жылы Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынады. Содан бірнеше ай өткенде оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ол өз қызметін әсіре пайдаланған, билігін жүргізген, ақша бопсалап, пара алған, заңсыз қару-жарақ сақтап, салық төлеуден қашқан деп айыпталды. Қажыгелдин шетелге қашып кеткен. 2001 жылы сырттай он жылға дүние мүлкін тәркіленсін деп сотталған. Қазір Лондонда тұрып жатыр. Әлі күнге «Интерполдың» іздеу тізімінде аты жүр. 


Оқи отырыңыздар: Сотталған генералдар



2002 жылы Өскеменнің экс-әкімі Алекандр Лукиннің үстінен жемқорлыққа қатысты ісі қозғалды. Іс қараушылар Лукин сыбайластарымен ЖШС құрып, қаланы жылыту үшін қолдан жоғарылатылған бағамен көмір алған деп айтқан. Жалпы соммасы 66 млн 262 мың теңге заңсыз жұмсалған. Сот 3, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

2002 жылы көлік және коммуникация министрі Абылай Мырзахметов жемқорлық үшін айыпталып, темір торға түсті. Қылмыстық іс оның соған дейінгі "Қазақстан Темір Жолы" компаниясындағы қызметіне байланысты еді. Ол қылмыстық топ құрып, 1,1 млрд теңге жеген деп айыпталды. 2003 жылы Мырзахметов 5 жылға шартты түрде сотталды. 2013 жылдан бері Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының төрағасы.


2002 жылы Семейдің, кейін Павлодар облысының әкімі болып кеткен Ғалымжан Жақиянов жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Жақиянов «Қазақстанның Демократиялы таңдауы» қозғалысының төрағасы болып сайланғаннан кейін қамалды. Түрмеден шыққан соң, шетелге кетті. 


Оқи отырыңыздар: Әкесі шенеунік болған шенеуніктер



Сенат аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының және екі көмекшісінің өлімін ұйымдастырды деп айыпталды. 2006 жылы Алматы облысының соты оны 20 жылға соттады. 2014 жылы түрмеде отырып, саясаткердің өліміне өзі емес, ҰҚК бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаев пен Рахамет Әлиев тапсырыс берді деп мәлімдеме жасады. 2014 жылы қарашада бостандыққа шықты. Бірақ бұл сотқа да, оны ұйымдастырды деген Өтембаевтың сөзіне де халық иланған жоқ.


Рахат Әлиев болса, 2008 жылы «Нұрбанктың» топ-менеджерлерін ұрлады, сонымен қоса бопсалаумен айналысты деп айыпталып, сотталды. Сот дүние мүлкін тәркіленсін, енді мемлекеттік қызмет мен банк ісімен айналыса алмайды деген үкімін сырттай ғана оқи алды. Сонымен қоса, 2008 жылы Ақмола шекаралық соты билікке шабуыл жасамақ болған және басқа да әскери қылмыс жасады деп 20 жылға сырттай соттады. Рахат Әлиев жазадан шетелге қашып құтылды. Алайда 2014 жылы Австрияда түрмеге түсіп, 2015 жылы түрмеде асылып өлген денесі табылды.


Рахат Әлиевтің істесі болған Әлнұр Мұсаев болса, ол да шетелге қашып кеткен. Оның елде атқарған қызметтері жеткілікті. Президенттің көмекшісі, Президент күзетінің бастығы, ҰҚК төрағасы қызметтерін атқарған. 2008 жылы Ақмола әскери трибуналының жабық отырысында мемлекетке сатқындық жасады, мемлекеттік құпияны жариялады, төңкеріс ұйымдастырмақ болды, адам ұрлады деп айыпталып, 35 жылға қатаң режимде сырттай бас бостандығынан айырылды. Барлық мемлекеттік наградаларынан айырылды.


Виктор Храпунов энергетика министрі, Алматы қаласының әкімі болған. Төтенше жағдайлар министрі болып тұрғанда әкім кезінде су қоймалары аймағынан заңсыз жер таратқан деп айыпталып, қызметінен кеткен. 2012 жылы Храпуновтың үстінен бірнеше жемқорлық факті бойынша және экономикалық қылмыстар істеген деп айып тағылғаны туралы айтылған. Оны сырттай ғана айыптап, қамауға үкім шықан. Бірақ шетелге қашып кеткеніне байланысты ұсталмаған. Қазір Швецарияда тұрады.


Оқи отырыңыздар: Әкімнен әкім туады


Мұхтар Әблязов «KEGOС» мемлекеттік компаниясының президенті, энергетика, индустрия және сауда министрі болған. 1999 жылы ақша жымқырды, кірісін жасырды, қылмыстық топ құрып, қызметін асыра пайдаланды деп айыпталып, қамауға алынды. Бірақ артынан босап, «Қазақстанның Демократиялы таңдауы» қозғалысының ұйымдастырушыларының бірі болды. 2002 жылы қылмыстық топ құрды, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деп айыпталып, қамалды. Алты жылға сотталды. Бірақ бір жылдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев кешірім жасаған. 2009 жылға дейін әртүрлі қызмет атқарған. «Банк Тұран Әлем» банкінің директоры болды. 2009 жылы заңсыз қызмет етті деп қайтадан айыпталды. Сол кезде Әблязов шетелге қашты. Мұхтар Әблязов пен сыбайластары 7,5 млрд доллар ұрлап кетті деген ақпарат бар.

Мұхтар Жәкішев «Казатомпром» Ұлттық атом компаниясының президенті еді. 2009 жылы ұсталды. Сот оны қызметін асыра пайдаланды, алаяқтықпен айналысты, мемлекет мүлкін заңсыз пайдаланды, пара алды деп айыптап, 14 жылға қатаң режимде бас бостандығынан айырды. Биыл түрмеде отырғанына 10 жыл болды. Семей соты уақытынан бұрын босатудан бас тартты. 


Серік Бүркітбаев «ҚазМұнайГаз», «Қазақтелеком» компанияларының басшысы болған. Әлиев ісімен байланысы бар деген күдік бар. «Қазақтелеком» компаниясының басшысы кезінде Әлиевке телефон әңгімелерін тыңдайтын құрылғы жіберген деп айыпталады. 2008 жылы жемқорлық ісі бойынша қамауға алынды. 2009 жылы алты жылға сотталып, 2012 жылы уақытынан бұрын босап шықты. 


Жақсыбек Күлекеев 2008 жылы «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының басшысы кезінде ұсталды. Пара алып жатқан жерінде қолға түскен. Үш жылға бас бостандығынан айырылды. 2009 жылы шартты түрде босап шықты. 2010 жылдан бастап, Қазақ мұнай-газ институтының директоры.


2011 жылы денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиевтің ісі бойынша үкім шықты. Сот Досқалиевтің мүлкін тәркілеп, 7 жыл бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуге кесті. Жақсылық Досқалиев Астанадағы медицина академиясын басқарып отырған кезде «Астана КБТ» ЖШС-іне жер беріп, сол үшін тоғыз пәтер сыйға алған. Мемлекетке 673 миллион 487 мың теңге көлемінде зиян келтірген. Досқалиевқа бірнеше айып тағылған . Министр болып тұрған кезінде пара алды, мемлекет мүлкін талан-таражыға салды деп айыпталған. Жақсылық Досқалиев Н. Назарбаевтан кешірім сұрап, экс-президент сол кезде 7 жыл мерзімін екі жылға дейін қысқартуды мақұлдап, кешірген. 2012 жылы мерзімінен бұрын түрмеден босап шықты.


Оқи отырыңыздар: Биліктегі ақын-жазушылардың балалары


2013 жылы ауыл шаруалығының экс-вице-министрі Мүслім Өміряев ұсталды. Іс жүргізушелердің зерттеуі бойынша шенеунік 100 мың доллар көлемінде пара алған. 2014 жылы сот Мүслім Өміряевті кінәлі деп танып, 10 жылға қатаң режимде бас бостандығынан айырып, дүние мүлкін тәркілеуге үкім шығарды. 2016 жылы сот экс-шенеуніктің ісін қайта қарап, рақымшылықпен босатқан.


2014 жылы наурызда Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынды қаржы полициясы Павлодар облыстық әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тұтқындаған еді. Әуелде оған «ұйымдасқан қылмыстық топ» құрды, «бюджет қаржысын ысырап қылып, иеленді» деген айыптар тағылған. Кейін облыстық прокуратура істі қарап, айыптардың кейбірін алып тастаған. Осы жылдың қарашасында Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бүгін осы облыстың бұрынғы әкімі Ерлан Арынды 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға және бес жыл мерзімге дейін мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салуға үкім шығарды. Ерлан Арын қазір Гумилев атындағы Еуразия университеті жанындағы Отырар кітапханасының директоры. Ерлан Арын босап шығар алдында экс-президент Назарбаевтан кешірім сұрады.


Осы уақытта «Астана ЭКСПО-2017» Құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов те рақымшылыққа ілікті. Үсенов ұлттық компания қаражатын аса ірі көлемде иеленіп, ысырап ету жолымен 200 миллион теңге ұрлады деген айыппен сотталған болатын. 2015 жылы үй қамаққа алынған, 2016 жылы сотталған  Үсеновтің бұлайша тез босап шығуында не сыр бар екен. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясынан қаржы жымқыру ісі бойынша бірнеше адам сотталған. Істің басты фигуранты Талғат Ермегияев 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр. Осы іс бойынша Аян Адамбаев – мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға, Сұламбек Баркинхоев – 7 жылға, Орал Ибадильдина – мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға,  Шохан Матайбеков – 5 жылға,  Қуаныш Медеуов – мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға,  Мұрат Омаров – 8 жылға, Валерий Син –мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға, Мадина Дәулетбаева – 4 жылға,  Азамат Туматаев – 10 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Алишер Пирметов – 5 жылға шартты түрде сотталды. Жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, "Астана ЭКСПО-2017" компаниясынан ұрланған қаражаттың мөлшері 10 миллиард 200 миллион теңге.


2015 жылы экс-премьер-министр Серік Ахметов мемлекет қаражатын талан-таражыға салғаны үшін деп 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл істе 21 фигурант болды. Олардың арасында Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев 5 жылға, ал Қарағандының экс-әкімі Мейрам Смағұлов үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бауыржан Әбдішев пен Мейрам Смағұловтардың жазалары қысқарып, артынан шартты түрде босап шықты. 2017 жылы Серік Ахметовтың өзі де рақымшылықпен босап шықты. Серік Ахметов босар алдында экс-президент Назарбаевтан кешірім сұраған.


2016 жылы Қостанайдың экс-әкімі Ахметбек Ахметжанов жемқорлық үшін мүлкі тәркілене отырып, 13 жылға бас бостандығынан айырылды. «Үлкен әкімдік ісі» аталып кеткен қылмыстық іс бойынша қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Қалиев «Парақорлыққа делдал болу» және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» баптары бойынша айыпталып, мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Мақст Қалиев 2016 жылы-ақ айыппұл төлеумен бостандыққа шықса, Ахметбек Ахметжанов 2019 жылы бостандыққа шықты. Жазасы қысқарып, айыппұл төледі.


2017 жылы президент әкімшілігінің бұрынғы жоғары шенді қызметкерлері, мемлекеттік құпияны заңсыз жинау, тарату және әшкере ету" айыбы тағылған Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихинге үкім шыққанын хабарлады. Астананың Есіл аудандық №2 соты Бағлан Майлыбаевты бес жылға, Николай Галихинді төрт жылға бас бостандығынан айырды. Майлыбаевтың дүние-мүлкі тәркілеп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

2018 жылы ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталды. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас болған,
сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп, талан-таражға салды, пара алды деп айыпталды. Қуандық Бишімбаев 2016 жылдан бастап ұсталып, тергеу ісі 2 жылға жуық жүргізілді. Бишімбаев ісі қоғамда қызу талқыланып, ата-аналары да мәлімделерін жасады. Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев Мәжіліс депутаты болған. Қуандық Бишімбаевтың ісінің ең қызу талқыланғаны оның пара алғаны емес, «Болашақты» бітіріп кеп, істі болуы еді. Н. Назарбаевтан кешірім сұраса да, босаған жоқ.


2018 жылы елімізде 1290 адам сыбайлас жемқорлықпен ұсталыпты.
Оның 25-і республикалық деңгейдегі, ал 91-і облыстық деңгейдегі басшылар екен. Қалғандары әртүрлі сатыдағы мемлекеттік қызметкерлер. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің биылғы есебі қалай болар екен?


Фотолар: Ашық интернет көздерінен алынды


Мақала авторы:

Бағашар Тұрсынбайұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар