Үйсіз қалған Шымкент тұрғындары аштық жариялады

Асмира Ермекқызы - 22.08.20191347

Шымкенттегі Абай ауданында тұратын бір топ тұрғын аштық жариялады. Олар өртеніп кеткен үйлерінің орнына үй салып беруге уәде берген әкімдіктегілерді немқұрайлылық танытуда деп айыптап отыр. Бұл туралы 1tv.kz хабарлады.

Аштық жариялаған 45 отбасы үкіметтен көмек сұрайды. Шағымдары сол, қала әкімдігі мәселені тездетіп шешетін сыңай танытпайды. Олар бұған дейін үйлері өртеніп кеткен тұрғындарға бір жыл ішінде үй салып береміз деп уәде берген. Бірақ, бұл туралы тұрғындардың қолына ешқандай құжат берілмеген. Тұрғындарды алаңдатып отырған да осы. Олар өздерін ешкімнің елемейтінін айтады.

- Бізге ешкім мына үйді сырып тастады деген қағаз берген жоқ. Мына жерге үй салып береміз деп ешкім құжат берген жоқ. Содан кейін, біз өзіміздің үйіміз, жеріміз болған жерге келіп, жатырмыз, - деді осы жерде үйі болған бұрынғы тұрғын Закура БАТЫРБЕК.

Бұл тұрғындар жаз айынан бері баспанасыз жүргендерін айтады. Үйлері жанып кеткендіктен, әркімнің шаңырағын паналауға мәжбүр. Үш ай бұрын өртенген жатақхананы сүріп тастағанмен, құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Бұрынғы әкім Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ берген уәдесін орындамай, орнынан кетті, ал, жаңа әкімнің қабылдауына кіру мүмкін емес.

- Бізді күнде арқамыздан қағып шығарып салады. Ертең жасаймыз дейді. Міне, үш ай өтті, ертең деп келе жатқандарына. Әбден тойдық. Біздің талабымыз мынау: әкім осында келсін, бәрімізді жинап, жеке-жеке келісімшарт жасасын. Тұрғын үйді салатын инвестормен таныстырсын. Өйткені, біз заңмен қорғалуымыз қажет, - дейді тағы бір тұрғын Гүлназ ЫСТАУОВА.

Ал, жауапты шенеуніктер жаңа салынбақ үйдің сызбасы дайын екенін айтады.

- Жаңа үй құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Одан кейін мемлекеттік сараптама бар. Сол мемлекеттік сараптамадан өтсе, инвестор қазір іздестіріліп жатыр. Ол табылады. Сондықтан құрылыс жұмысы биылғы жылы басталады деп отырмыз, - деді Абай аудандық әкімнің орынбасары Нұрлан ТІЛЕШ.

Фото: almaty.tv

Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.