Мұғалім - мектептің жүрегі ме, жұмыс күші ме?

Құралай Қуат - 22.08.20191837

Қазақстандағы шенеуніктер армиясы «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ Ұлт Көшбасшысы деп қолпаштағанымен, айтқан тапсырмасын орындамайтын болыпты.

2018 жылы «Ұстаздар мәртебесі» жайлы заң әзірлеуді тапсырған еді. Және мұғалімдерді басқа жұмыстардан қорға керектігін айтып, сенбілік пен қара жұмысқа салатындарды сынаған болатын.

Атырауда жазғы демалыста тегін жұмыс күші ретінде мұғалімдерді қара жұмысқа салу фактісі анықталды. Зиялыларға қымбат сыйлық жасауды, ақын-жазушылардың кештерін ұйымдастыруды сүйетін Нұрлан НОҒАЕВ бұл іске мән берер деп ойлаймыз. Шынтуайтында құрмет көрсетуге тиіс нағыз зиялы қауым ұстаздар емес пе?

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жасқайрат ауылындағы Ш.Еркінов атындағы орта мектептің тәрбиешілері интернаттағы бірнеше кабинетке жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Белгілі болғандай, жазғы каникул күндерінде бұл жерде балалар лагері жұмыс істеген. Білім ошағы қызметкерлерінің қара жұмысқа жегілгенін мектеп психологі Гүлнұр ҒҰБАШЕВА түсіріп, таратып жіберген бейнежазбадан кейін облыс жұртшылығына мәлім болып, үлкен тексерістерге жол ашты.

Қазіргі күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесе жұмыс атқаратын «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аталған аудандағы білім ошақтарын тексеруде.

«Біз аудандық білім беру жəне аудандық әкімдік өкілдерімен кездесіп, мектеп басшылығына заңсыз әрекеті үшін шара қолданылуды ұсындық. Әзірге, 2015 жылғы 23 қарашадағы ҚР Еңбек Кодексінің 64-бабының 1 тармағы 3 тармақшасына сәйкес мектеп басшысы А.Қосдәулетоваға қатаң сөгіс жарияланып отыр. Сондай-ақ, ұстаз деген атқа кір келтіріп, оларды қара жұмысқа салған мектеп басшысын жұмысынан босату, аудандық білім саласына, жауапты аудан әкімі орынбасарына және білім беру бөлім басшысына өз міндеттеріне салғырт қарағаны үшін тәртіптік шара қолдану, сонымен қатар, облыстық білім беру басқарма басшысына қажетті қадағалаудың жоқтығына байланысты тәртіптік шара қолдану жөнінде тиісті органдарға ұсыныс жолданып отыр», - дейді жобалық кеңсе жетекшісі Әлфия ӘДИЕВА.

Ш.Еркінов атындағы орта мектеп директоры Айнұр ҚОСКЕЛДИЕВА өз кезегінде «мұғалімдерді мәжбүрлемегенін, олардың өз еріктерімен келісім бергенін» айтып, ақталған бейнеүндеуін жариялады. 

«Бұл жерде кейбір түсініксіз жайлар бар. Қазір тексеру жүріп жатыр, ал ол кісілер интернатты өз бастамаларымен жөндеп жатқанын, ешкім қинамағанын айтып жатыр. Менің қолымда солай деп жазған түсініктемелері де бар. Айнұр Зейноллақызының өзі 41 жылдық өтілі бар, тәжірибелі педагог, басшы. Оның осыған дейінгі ұзақ жылдық тәжірибесін, еңбегін жоққа шығарып, бірден қатаң жазаға тарту дұрыс болмас деп ойлаймын», - дейді Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді БАҒДАРОВ.

Атырау облысында 2017 жылы мектептерді ағымдағы жөндеуге 116 млн.теңге, 2018 жылы 135 млн.теңге бөлінген. Бұл жөнінде аймақтағы білім саласының мәселелері бойынша өткен жиында мәлімдеген облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ «Бұл қаражат жыл сайын өсіп отыр, сондықтан, бұл жұмыстарға ата-аналардан қаражат жинаудың, басқалай заңсыз әрекеттерге барудың еш қажеті жоқ» деп мәлімдеген еді. Соған қарамастан, жаңа оқу жылына дайын болмаған білім мекемелерін ұстаздардың күшімен қалыпқа келтіру дерегі әлі де ұшырасып қалуда. Аты-жөнін атағысы келмеген бір мұғалімнің айтуынша, «Шын мәнінде, мұндай мектептер көп-ақ. «Қол сынса жең ішінде» деп мұғалімдер мектеп жөндеп жатқанын айтпай, жасырып қалады. Бұл жолы не болып жатқаны тек бейнежазба тарап кеткесін ғана белгілі болып қалды».

Айтпақшы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ тамыз конференциясында мұғалімдерді өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға салатын шенеуніктерді сынаған болатын. Бірақ әзірге бұдан жағдай өзгеріп жатқан жоқ. Мұғалімдер әкімшіліктердің барлық жұмысын атқаратын тегін жұмыс күші болып тұр.

Фото автордікі.

Мақала авторы:

Құралай Қуат

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.