Тамыз кеңесі: мақтаулар мен мақтандар

Ербол Ілияс - 22.08.20192050

Талдықорғанда өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде, жылдағыдай, білім басқармасының басшысы Дәурен ЖҮНІСОВ облыс әкімі Амандық БАТАЛОВПЕН  жаңадан тұрғызылған театрдың фоейсіндегі білім көрмесін аралады. Басқарма басшысы және оның орынбасарлары  облыстағы білім саласының жетістігі туралы зор мақтанышпен айтып, алдағы жоспарларын баяндады. Айтпақшы, мақтан сөзін мақаламызда жиі пайдалануға мәжбүрміз.  


Алматы облысындағы жиындардың көбі (бәрі болмауы мүмкін), облыс басшысына мадақ немесе алғыс айтудан басталады. Бұл жиын да сол дәстүрді айналып өткен жоқ. Амандық ҒАББАСҰЛЫНЫҢ мұндайға құлағы үйренген болар, мақтап алып жөнелетіндерге ескерту айтқан кезін байқамадық. Бірақ, құрылысшы әкімнің еңбегі, шынымен-ақ, мақтауға тұрарлық. Мұны облыс жұртшылығы жиі айтады.

Алғаш боп сөйлеген білім басқармасы басшысы ұстаздар қауымымен амандаспай жатып, алдымен, «құрметті Амандық Ғаббасұлы» деп сөзін бастады. Содан кейін ғана алдағы оқу жылына дайындық барысы туралы әңгіме қозғалды. Биыл Алматы облысы оқу маусымына тас-түйін дайын деген маман бұл жетістіктердің біразын облыс басшысының ерен еңбегімен байланыстырады екен. Одан кейін сөз алған ұстаздар қауымы да Амандық Ғаббасұлының алдында бас иетіндерін жеткізді. Мәселен, көпшілік алдына шығып сөйлеген 7 адамның 3-і әкімге алғыс айтуды жөн көрді.

«Құрметті, Амандық Ғаббасұлы, біз әрдайым сіздің қолдауыңызды сезінеміз. Бүгінде мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарып, ұстаздарымыздың еңбек етуіне қолайлы жағдай  жасалуда. Облыс әкімдігі тарапынан педогог мамандығына былтырғы жылы 74 грант бөлінсе, биыл 141 грант бөлініп отыр. Бұл ұстаздар қатарын жаңашыл, жалынды жастармен толықтыруға мүмкіндік береді деп есептеймін. Осындай игілікті істе қолдау көрсеткеніңіз үшін сізге облыс мұғалімдері атынан алғыс айтқым келеді», - деді жиында сөйлеген Талдықорғандағы Шоқан Уәлиханов атындағы №10 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Айжан ЖҰМАДІЛОВА.


Татьяна СОКОЛОВСКАЯ Талдықорған қаласы № 8-мектебінің психологы: «Құрметті, Амандық Ғаббасұлы сіздің қолдауыңыздың арқасында инклюзивтік білім беруде 2018-2019 оқу жылы 130 бала бақша, 516 жалпы білім беретін орта мектеп және 43 колледждегі арнайы білім беруді қажет ететін балаларға толық жағдай жасалды. Логопед, дефектолог мамандарға штаттық бірліктер бөлінді», - деді. 

Осындай мақтауды естіген әкім мақтанарлық ісін айтпасқа болмады. Баталов мырзаның сөзінше, 10 жыл бұрын облыста балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі небәрі 21 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 99 пайызға жуықтаған.

«Биыл білім саласының бюджеті 200 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 43 миллиардқа артып отыр. Білімге осынша қаражат жұмсаған басқа өңір бар ма? Меніңше, ондай облыс әлі жоқ», - деп масаттанды Амандық ҒАББАСҰЛЫ.


Өңір басшысының сөзінше, облыста 20 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оған жергілікті және республика қазынасынан 9.9 миллиард бөлінген екен. Алайда, қомақты қаражат құйдық деп мақтанған әкім де білім басқармасының басшысы да өңірдегі 3 ауысымды мектептердің проблемасын әлі шеше алмай келеді. Қазір Алматы облысында 3 ауысымды 34 мектеп бар. Білім министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ облыстағы демографиялық өсімнің артуына байланысты олардың саны 50-ге дейін артуы ықтимал екенін айтқан болатын.

Жиынға проблемасы бастан асып жатқан шалғайдағы мұғалімдер келе ме деп күткеміз. Бірақ, тамыз кеңесінде оларды байқамадық. Жоғарыдан пәрмен келсе басына орамал тағып, ағаш әктеп, парк пен көше тазалаудан қолы босамайтын мұғалімдердің орнына бұл жиынға костюм-шалбар киіп, туфлиі жылтыраған қала және аудан әкімдері келген екен. Ал, сыйлы қонақтар отыратын орынға жуырда ғана облыс әкімінің орынбасары болған Бағдат МӘНЗОРОВ пен өзге де шенділер жайғасты.

16 тамыз күні елордада өткен Тамыз конференциясында президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ мұғалімдерді еркінен тыс жұмысқа салатын әкімдерді сынға алған еді. 2018 жылы экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ та осы проблеманы айтып, «Ұстаздар мәртебесі» туралы заң әзірлеуді бұйырған.

Бүгінгі жиынға келген әкімдердің көптігін көріп, облыс басшысы президенттің тапсырмасын нықтай ма деп ойладық. Бірақ...

Жалпы, бұл жиын жылда өтетін тамыз кеңесінен еш ерекшеленген жоқ. Жылдағыдай баяндама оқылып, дайындалған сөздер айтылды. Айтпақшы, тамыз кеңесіне қатты дайындалатын білім басқармасындағылар келетін қонақтар адасып кетпесін деген оймен болар әр орындықтың артына кімнің не істеу керекгін жазып қойған екен.

Орны белгіленген меймандар арасында білім министрлігінен келген өкіл де бар. Ол кісі де облыс басшылығын мақтап өтті.

«Амандық Ғаббасұлы, Нұр-Сұлтанда өткен тамыз кеңесінің қорытындыларын қарап отырып,  Алматы облысының айтарлықтай алға жылжығанын байқадым. Мәселен, жаңа аттестациядан өткен 56 мұғалім бар екен. Олар нағыз шеберлер. Мүмкіндікті пайдаланып облыстың барлық педогогтарына алғыс айтқым келеді. Амандық Ғаббасұлы, мен де осы облыста қызмет атқарғам. Сөзіме сенсеңіз, Талдықорғанның келбеті ғана емес, білім жүйесінде де елеулі өзгерістерді байқадым. Аймақтағы білім саласын қаржыландыру 2 есе өсіпті.  Жалғыз өтінішім бар! Дәурен(Даурен Жүнісовке қарап айтылды), тек, осы атқарылып жатқан үлкен әрі қажырлы еңбекті көрсете білу керек, жұмыстарыңды жарнамалай білу керек. Тіпті, халықаралық конференциялар өткізетін мүмкіндіктеріңіз бар», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті басшысының орынбасары Сәуле ҚАБИМОЛДАЕВА

Біз осы жиында конференция ұйымдастырушылары ілген слайдты (фотосы төменде) түсіне алмадық. Суретте білімнің арбасын осы саланың шенеуніктері сүйреп барады. Ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар болса кедергі келтіруде. Шындығында солай ма?



Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.