Агроөнеркәсіп саласы инновацияланып келеді

Асмира Ермекқызы - 23.08.2019560

Заманауи технологияларсыз қандай да бір сала өз бағыты бойынша үздік көрсеткішке жете алмақ емес. Себебі де белгілі, уақыт талабына сай әрекет етпеген өндіруші ел өзге елдерден әлдеқайда артта қалады. Шаруа мен істі тездетіп, қол күшін, адам күшін үнемдейтін компьтерленген уақытта ауыл шаруашылығы да осы бір уақыттың өзі тудырған ғаламат мүмкіндікті шама-шарқынша пайдаланып келеді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы да солай. Әлемдік трендтен қалып кетпеуге тырысып-ақ келеді. Қандай да болсын соңғы үлгідегі мүмкіндігі зор компьтерленген, автоматтандырылған техника қазақстандық шаруаларға таң емес. Өйткені, өздері де қолданып жүр, қолданбаса да қолданып жүрген өзге әріптестерімен тәжірибе алмасу кезінде арнайылап көрген.

Біздің ел заманауи тахникалар шығарушы ел болып есептелмегенмен аталмыш техникаларды қолдану жағынан тым кенже қалды деп айтуға болмайды. Бар тарапқа ашық саясат ұстанудың арқасында жағдайы жеткен кез келген шаруа, кез келген шаруашылық өкілдері қажет деп тапса техниканың кез келген түріне қол жеткізе алады. Әрине, бір кездері мұндай техникаларды қолдану жағынан білікті мамандар жетіспей жататын, сол себепті көптеген шаруалар қорқасоқтайтын. Дегенмен, соңғы кездері бұл мәселе де біршама шешіліп келеді. Түрлі шет елдермен (дамыған!) байланыс, білім алу жөнінен барыс-келіс мәселелері жиі айтылып, тіпті, Қазақстанда арнайы оқыту орындарының ашылуы немесе дәстүрлі білім беріп келген салалық жоғарғы оқу орындарының жаңа деңгейлі білім беру стандартына өтуі бұл төңіректе біраз мәселені реттеп берді. Бірақ, іс мұынмен бітпейді, атқарылар шаруалар шаш етектен. Мұның бастысы – шаруалардың тегістей жаңа технологияға ұмтыла бермеуі десек болады. Сондықтан, шаруаларға түсіндіру, таныстыру, оқыту, үйрету сияқты шаралармен қатар, қымбат техникаларды сатып алуға қолдау білдіру, көмек көрсету, субсидия бөлу сияқты жан-жақты демеушілік шаруалар атқарылуға тиіс. Бүгінгі сөз ауылшаруашылығының заманауи технологиялармен қамтамасыз ету тұрғысында осы және өзге де мәселелерге арналмақ.

Ауыл шаруашылығының заманауи техникамен қамтылуы сөз болғанда соңғы жылдары көтеріліп жүрген түрлі мәселелерді айтуға болады. Мәселен, Қазақстан шаруаларының ескі әдіске жүгінгіш, көне соқпақпен жүре беруге бейіл немқұрайдылығы жайлы аз айтылған жоқ. Тіпті, Қазақстанның агроөнеркәсібі ат арба кезеңінде қалып қойған деген де сөздер айтылған.

Заманауи техниканың қолданылудың маңыздылығы, әсіресе, жер өңдеу мен топырақты күтуге қатысты. Бұл туралы дәстүрлі һәм заманауи ғылым саласын қатар игеріп жүрген ғалымдарымыз арнайы кеңесіп те көрген. Соның соңында «Топырақтың құнарына мән бермесек, келешекте өңделетін жерден айырылып қалуымыз мүмкін» деген тоқтамға келген. Түсіне білген адамға бұл жай ғана сөз емес, қағылған дабыл. Өйткені, қазір баяғы уақыт емес, экологиялық мәселелер күн санап адамзаттың алдына жаңа проблемалар қойып жатқан кез, жердің құнарын жіті қадағалап отырмай болмайды. Бұл жағынан ескі заманның ескі әдістері мәселені толықтай шешіп беруге қауқарсыз. Міне, заманауи автоматтандырылған, компьтерленген техниканың ең керек жері осы.  

Бұрын адам қолымен істелетін шаруалардың дені қазір автоматты түрде, техниканың күшімен атқарылады. Жаңа технология, ескі технология деген мәселе осыдан келіп шығады. Осыны ескерсек, ескі технология бойынша жұмыс істеу – ысырап. Алдымен, әрине, көп уақыт талап етеді, екіншіден, адам қолы тиген соң оның әр қимылдағаны ақша. Одан кейінгі тағы бір проблема – топырақты тыңайту мәселесінде туындайды. Топырақтың құрамын зерттеп, зиянкестері көп, құнары аз немесе ескірген жерді автоматты түрде анықтап отыру компьютерлік техникаға қиын болмағанмен, адам көзіне көп түсе бермейді. Оның үстіне, топырақ құрамында жетіспейтін минералдардың көрсеткішін анықтауда да жаңа техниканың көмегі зор. Осының бәрін анықтап алған соң қай жерге қандай тыңайтқыш керек екенін білесің де, сеуіп шығасың. Аурудың диагнозы тура қойылса, оны емдеу жоғары деңгейде жүреді ғой. Сол сияқты егін себілмек аймақтың жағдайын алдын ала білу де маңызы зор іс. Егер шаруа құнарсыз жерге дән ексе өнім аз береді немесе мүлде шықпай қалуы мүмкін. Ескі технология ысырап деген міне сол.

Жаңа заманның игілігін пайдалана білу – әлемдік нарықта өз орныңды таптың деген сөз. Міне осы мақсатта цифрлы технология қазір көптеп қолданылып келеді. Соның ең бастысы жерді қашықтықтан (биіктен) бақылау. Әр түрлі, әр деңгейлі ұшу аппараттары жерді түрлі қашықтықтан бақылап, қай жерде қандай дақыл өсіп тұрғанын, қай жерде арам шөптер көп екенін, қандай зиянкестер шоғыры пайда болғанын немесе топырақтың сапасы нашарлаған (егін сирек шыққан немесе мүлде шықпаған) тұстарды дәл анықтай алады. Мұндай ұшу аппараттары компьютер арқылы өзіне берілген тапсырманы дәл орындап, проблема бар жерді анықтайды. Содан соң ол орынға арнайы мамандар барып, қандай шара қолдану керек екенін шешеді. Міне, осындай ғарыштық аппараттың көмегімен біраз шаруа реттеліп қана қоймай, тыңайтқышты орынсыз рәсуа қылмауға, тек проблема шыққан жерді ғана емдеуге септігін тигізеді.

Дегенмен, тағы бір айта кетерлігі мұндай ұшу аппараттарын бас-көз жоқ ала беруге болмайды. Оның да жерге икемделіп, климатқа негізделіп жасалғаны болады. Өйткені, олар әр климатта әр түрлі жұмыс істейді. Бірі біздің еліміздің жері мен ауасына қатысты түрлі проблемаларды анықтауға арналса, енді бірі өзге бір жерлерді зерттеуге арналған дегендей. Осы мақсатта Қазақстанда ғылыми жұмыс тобы құрылып, біздің жерімізге нақты қандай ұшу аппараты керек дегенді талқылаған да. Қазір осы мақсатта зерттеу жүргізіп, түрлі тәжірибелер жасап жатқан мамандар жер үстілік қадағалау арқылы жан-жақты деректер жинайтын спектрлік орталық құруды жоспарлап отыр. Бұл орталық өсімдіктердің жай-күйі, арамшөптердің шоғырлану деңгейі, түрлі аурулар мен зиянкестердің орнын анықтап, компьютерден көрсетіп тұрады. Мұның барлығы өздігінен басқарылатын спутниктік ұшу аппараттары мен қолдан басқарылатын дрондардың көмегімен атқарылады.

- Қолға алынған шаруаның өз орнымен іске асуы үшін біз агроөнеркәсіптік сала мамандарына ұшқышсыз басқарылатын аппараттар мен дрондардың мүмкіндіктерін таныстырсақ дейміз. Себебі, бұл ауыл шаруашылығы саласында өте маңызды. Қандай да бір жаңашылдықтарды егін алқаптарының көлеміне қарай пайдалану керек. Мәселен, фермердің жері шағын болса, онда оған соншалық қымбат құрыл-жабдық сатып алып, шығынданудың керегі жоқ. Ал, егістік көлемі 100 мың гектардан астаны алпауыт фермерлер ғарыштық түсрілімдер мен дрондардың көмегіне жүгінбесе болмайды», - дейді ҚазАТУ жер ресурстарын басқару факультетінің деканы Фараби Ермеков бір сөзінде.

Бұл да оңды ескерту. Қымбат құрал-жабдық алып шаруашылыққа қажет. Ал, шағын және орта бизнеске бейімделген шаруалар мұндай қымбат аппаратты жекелеп сатып ала да алмайды. Сол себепті, олар ірі фермерлердің тәжірибесін көзбен көріп, өзі болмаса да, қатар тұрған өзге шаруалармен бірігіп, жоғарыда аталған заманауи цифрландырылған техникаларды қолдануға мүмкіндігі бар. Мұны айтып жатқанымыз осы күні елімізде заманауи технологиялар мен дәл егіншілік техникалары жаппай қолданысқа енді деп айта алмайсыз. Өз шаруашылығын цифрландыруға фермерлердің басым көпшілігі қауқарсыз, қаржысы тапшы. Мұны шешудің бір жолы жоғарыдағыдай бірігу болғанымен, оны да ескеріп жатқан адам аз. Бір жағы оларды да түсінуге болады, цифрлы технология елімізге енді келіп жатыр, пайдасына нақты көз жеткізбей тұрып шығындануға қорқасоқтайды. Оның үстіне, «ортақ өгізден оңаша бұзау» дегендей, соншама қымбат техникаларды бірігіп сатып алудың соңы не болары тағы белгісіз. Бірақ, мамандар бұл мәселе жақын арада шешіліп қалады деп отыр. Олардың сөзінше компьтерлік техникаларды жаппай қолдану алдағы жылдары іске асуға тиіс. Өйткені, бұл, алдымен, техника. Күн сайын жаңа түрі ойлап шығарылады. Бұл тарапта әлемнің озық, техника өндіруші елдері өзара бәсекелесе қимылдап жатыр. Сондықтан, бұл техникалардың бағасы уақыт өте келе түсе байтайды. «Бір замандарда ұялы телефон да екінің бірінің қолы жете бермейтін, қымбат еді ғой» дейді олар. Бұл да солай. Уақыт өте келе шағын шаруалардың өзі пайдалана беретін әдеттегі техникаға айналады.

Бұдан бөлек, арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары да шаруаларға қазір біраз жеңілдіктер ұсынып отыр. Олар алпауыт демей, шағын демей бүкіл шаруалардың жерін зерттейді. Әрине, биіктен, ғарыштан немесе дрондардың көмегімен жақынырақтан. Бұл еліміздегі агроөнеркәсіптің дамуына зор ықпалы бар жоба. Өйткені, бір шаруаның жерінен ауру шықса ол тарала келе өзге шаруаларды да әуреге салуы мүмкін. Осы жағынан алғанда, заманауи технологияны әртараптандырумен және жалпыға қолжетімді қылу қамымен айналысатын ғылыми орталықтар ғарыштан түірілген әртүрлі суреттер мен дрондар арқылы алынған ақпараттарды шаруаларға тегін ұсынады.

Бұдан бөлек, ақпараттық технологияларды пайдалану бойынша бірқатар ұсыныстар да бар. Мәселен, жерді жаңа техниканың көмегімен зерттеу бойынша дайын платформа ашылған. Фермерлер соған ақылы түрде тіркеліп, жерінің көлеміне қарай абоненттік төлем жасап отырады. Есесіне өзінің егіншілік алқабындағы проблемаларды дер кезінде біліп отырады. Бұл туралы орталықтың операторлары дер кезінде фермерге ақпарат жолдап отырады. Бұл да жаңа техниканы жаппай қолданудың бір жолы. Мамандардың пікірінше бұл жол әзірге ең мүмкін болған, қол жетімді әрі ең тиімді жол болып тұр.

Жеке шаруашылықтардың дамуы – еліміздегі бүкіл бір саланың өркендеуіне сеп. Сала өркендесе, сол сала өндіретін тауар арзандайды. Сапасы да арта түседі. Сапалы әрі арзан бағалы тауарларға ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұраныс көп болмақ. Сондықтан, мемлекет шағын және орта бизнес өкілдерін қолдауды бастап кеткелі біраз жылдың жүзі болды. Шауашылықтарды инновациялауға қатысты да солай. Мәселен, фермер өз шаруашылығына цифрлы технология енгізіп, оны пайдалануды меңгерем десе мемлекет субсидиялайды және тегін курстардан өтуіне мүмкіндік береді. Әрине, цифрлы технлогиялар шаруашылыққа бір күнде кіре салмайды. Бұл тарапта әлі талай шаруа атқарылып, түсіндіру жұмыстары көптеп жүргізілу керек. Мысалы, жоғарыда аталған техникалардың мүмкіндігін, пайдасын қарапайым дихан түсіне бермеуі мүмкін. Өйткені, олар өздерін қара жұмыстың адамымыз деп есептейді. Сондықтан, заманауи білім беру маңызды. Бұл тарапта біраз шаруалар басталып та кеткен. Мәселен, егісті өңір саналатын солтүстік аймақтарда бірқатар шаруашылықтарға цифрлы технологиялар енгізілген. Мемлекеттің көмегімен. Бір жағы көмек, екіншіден тәжірибе, үшіншіден өзге шаруаларға түсіндіру. Жаңашылдықтың мүмкіндіктерін байқап көру үшін нақты шаруалармен қатар дихандардың қатысуымен түрлі семинарлар өткізілген. Бұл жиындардың негізгі тақырыбы – инновацияның артықшылықтары мен қиындықтары сөз болып, оларды қалай игеру керек деген мәселелер талқыланған.

Нәтижесінде құрғақ жыл есептелетін биылғы жыл үшін тәп-тәуір көрсеткішке жеткен. Әр гектардан 30 центнер астық алуға болады. Ал, технология қолданылмаған аймақтарда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Гектарынан 20-25 центнерден аспаған. Осыны көрген өзге шаруалар бұл жаңашылдықтың артықшылықтарын түсіне бастайтыны анық.

Жалпы, шаруашылықты инновациялаудың да өзіндік қиындықтары бар. Саты-сатымен, кезең-кезеңімен атқарылуға тиіс шаруалар аз емес. Мәселен, ғарыштық ұшу аппараттары мен дрондардың көмегіне жүгіну үшін алдымен жердің электрондық картасы әзірлену керек. Содан кейін ғана аппарат нақты әрі тұнық кадрлар жасай алады. Топырақтың агрохимиялық анализі болуы шарт. Оған қосымша мүмкіндігі жоғары компьтер керек. Өйткені, ол аталмыш аппаратпен байланыс жасау кезінде талап етілген күшті көтере алмай қалмауы керек. Осындай жағдайдан кейін ғана инновациялық құрал-жабдықтарды пайдалану мүмкін болмақ.

Қазақстандық мамандар «дәл егіншілік» деп атап жүрген инновацияландыру технологияларының пайдасы аз емес. Ол ең алдымен үнемділік мақсатында зор роль атқарады. Айталық, компьтердің көмегімен автоматтандырылған кез келген себу техникасы қай жерге қанша дән себу керек екенін анықтап, артық дән шығындамайтын болса, тыңайтқыш себуде де дәл солай. Одан кейін суару кезінде де осындай үнем жасауға мүмкіндік зор. Тағы бір айта кетерлігі, жаңа технологияның арқасында жанар жағар майдың жетімсіздігінің алдын алуға болады. Мұнда да үнем. Бәрі алдын ала ойластырылғандықтан тракторлар мен өзге ауыл шаруашылығы техникаларына күш аз түседі, яғни, машинаның күшін әдеттегіден азырақ пайдалануға мүмкіндік зор.

Шаруашылықта осындай үнем пайда болған соң, шығыны азайған шаруалар тауарының құнын төмендетуге бейілді болады. Демек, осы бір кішкене ғана ғылыми жаңалықтардың арқасында бүкіл ел қаражатын үнемдей алатын мүмкіндікке жетеді. Одан бөлек, астықтың шығымы артатынын да ескеру қажет. Өнім көбейген соң, әрине, түсетін пайда да көбейеді. Ал, мамандар бұл технологияның негізгі пайдасы – өнімнің сапасы мен топырақтың тозбауы үшін маңызды дейді.

Қазір мамандар шуаруаларға химиялық тыңайтқыштардан бас тартып, биологиялық, минералды тыңайтқыштарды пайдалануға шақырып жүр. Өйткені, соңғы жылдардағы көрсеткіш бойынша жердің құнары, топырақтың сапасы орасан деп айтарлықтай түсіп кеткен. 40 пайыз! Бұл дабыл қағарлық жағдай. Бұл бағытта кете беретін болса егіс аумақтары аз жылда өнім беруден қалады. Заманауи техникалар мен инновациялық аппараттарды осы мақсатта пайдаланбай болмайды. Осындай проблемаларды шешу үшін қазір Қазақстан тарапы Германия сияқты ауыл шаруашылығын толықтай цифрландыруға бет бұрған елдермен әріптестікті нығайтып келеді.

Германия қазір егін шаруашылығын басқаруды толықтай роботты техниканың қолына берген. Яғни, шаруаның барлығы түгелге жуық интернеттің көмегімен атқарылады. Роботты техника жоғары дәлдікпен жұмыс істейді. Жер жыртудан бастап (тіпті оған дейінгі жер құнарын зерттеуді де айтуға болады) дәнді жинап алғанға дейінгі аралықтағы бүкіл жұмыс кезеңі автоматты түрде басқарылады. Цифрландыру дегеніңіз осы. Германия қазір осы сатыдан өтті. Енді, бұнымен тоқтап қалмай, жаңа бір деңгейге өтудің жолын қарастыруда. Яғни, роботтардың мүмкіндігін жетілдіре түспек. Осындай елдің бізбен әріптес болуы, Қазақстанға инвестиция салып, арнайы мамандар дайындауға, оқытуға көмектесіп, техникалар мен роботтарды жеткізіп беруге атсалысуын жетістіктің басы деп есептеуге болады. Егіс басында жүрген тракторлары мен машиналарына дейін бір орталықтан басқарылатын елдің жетістігі енді аз жылда бізге де келуге тиіс. Қазір жаппай болмаса да бірқатар шаруашылықтар көліктерін GPS арқылы компьтермен бақылап отыратын мүмкіндікке ие болып отыр. Ғарыштан түсірілген сурет арқылы топырақтың құнары мен жердің жағдайын, егістіктің жай-күйін біліп отыру да Қазақстанда қолға алынған, нәтижесін берген шаруалар.

Әзірге қолбайлау болып тұрған ауылдық жерлердегі интернет күшінің әлсіздігі демесеңіз, үлкен қалаларға жақын орналасқан үлкен шаруашылықтар соңғы заманауи игіліктерді барынша пайдаланып-ақ келеді. Мәселен, күн сайын ақпарат алып отырады. Интернеттің көмегімен алынған кез келген ақпаратты тіркеп, жазып отырады. Бұл жыл соңында сараптама жасап, одан қорытынды шығарып, келер жылы кеткен қателіктер болса түзеуге, шаруашылығын одан ары дамытуға мүмкіндік береді. Тіпті, жаңбырдың түріне дейін анықтау маңызды. Жауының түрін тез арада анықтап, соған орай әрекет ету де егіншіліктегі пайдасы зор іс. Ежелден солай болған. Қазір де солай. Енді осыны арнайы техниканың көмегімен анықтап, дер уағында қимылдауға мүмкіндік бар.

Тіпті, Германияның цифрлы жаңа технологиясы кез келген климатты жатырқамайды. Жерге қатысты ақпарат енгізілген соң, қалған шаруаға өзі тез бейімделіп алады да, ары қарай қай жерге қандай тыңайтқыш керек екенін де айтып береді. Шаруа аппарат берген мәліметке сай қимылдап отырса болғаны. Өнімі де көбейеді, жерінің құнары да артып отырады.

Мақтаулы Германияда да роботты технологияны енгізу оңай болмаған. Тіпті, о баста күлкілі көреніпті де. Бірақ, тәуекел етіп, шаруалар сатып алған. Соның нәтижесінде екі гектардан алатын өнімді бір гектардан алған. Яғни, өнім көлемі екі еселенді деген сөз.

Германия ғана емес, Еуропа елдерінде, АҚШ-та, Канадада осыдан 20 жыл бұрын қолданысқа енгізілген GPS құрылғы арқылы комбайндарды басқару біздің елімізге енді келіп жатыр. Ештен кеш жақсы дегенмен 20 жылға кешігу оңай емес. Сол себепті, аз уақыт ішінде жаппай инновацияландыру кезек күттірмес шаруа. Осы ретте бірқатар шаруалар да атқарылып жатыр. Алдымен елімізде қанша шаруашылық бар, соны аныұтау маңызды. Осыған орай сатылы жұмыстар былай өрбиді:

- Шаруашылықтардың тізімі жасалды;

- Жер қыртысына агрохимиялық тексеріс жүргізілді;

- 18,3 млн гектар жердің 77,8% цифрландырылады;

- 2018-2021 жылдар аралығында төрт облыста тоғыз шаруашылық цифрландырылады;

- Ақмола мен Қарағанды облысында ауа-райы мен климатты бақылайтын 10 метеостанция салынады, қазір алғашқы қадамдар жасалып та қойды.

Былтыр цифрландырылуға тиіс тоғыз шаруашылықтың жерін зерттегенде бірқатар мәселелр анықталды. Оның негізгісі – жердің тозуы. Топырақ сапасының төмендеуі. Осыған орай сапасы 40 пайызға төмендеп кеткен жерге қанша тыңайтқыш керек екені де айтылды. Осы технологияның арқасында шаруалар осы күнге дейін бар деп білмеген бітқатар проблемаларды анықтады. Олар жердің жағдайы осынша қиын деп ойламағанын айтады. Ендігі көтеріліп жатқан мәселе осы жерлерді тыңайту.

– Алынған картограмманы қарап отырсақ, цифрландырайын деп отырған тоғыз шаруашылықтағы әр гектарға 500 келі тыңайтқыш керек екен. Оны шаруа өз қалтасынан сатып алайын десе, тыңайтқыш қымбат. Қазір оған жағдайы да жоқ. Сондықтан көпшілігі топыраққа тыңайтқыш сеппейді. Соның салдарынан азот пен фосфордың мөлшері тым төмендеп кеткен. Ал мемлекет көмек ретінде 1 га жерге 46 келі ғана тыңайтқышқа субсидия беріп отыр. Ол ештеңеге жетпейді. Бірінші мемлекетке осыны ескеру керек. Ең болмағанда бір жыл 1 га жерге 500 келі тыңайтқыш берсе, топырақтың жағдайы жақсарып қалар еді, - дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті техника факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы Саяхат Оразұлы.

Иә, ең болмаса бір жыл қолдау көрсетіп жіберсе, биыл сапасы бір оңалып алған жер келер жылы дәл мұндай көлемдегі тыңайтқышқа мұқтаж болмас еді. Бұған дейін алаңсыз жүрген шаруалар қазір жерлерін тыңайту үшін жанталасып жатыр. «Осы зерттеулерге дейін шаруалар "бәрі жақсы" деп жүрген. Нәтижесін көргеннен кейін жағаларын ұстады. Топырақ тақырға айналды деген осы. Фосфор мен азот болмаса да өнім жап-жасыл болып өсіп тұрады. Бірақ, піспейді. Осылай жалғаса берсе, мүлдем өнім алынбайды. Бұл дегеніңіз – жерден айырылу деген сөз», дейді Саяхат Оразұлы.

Жалпы, топырақтың сапасы туралы әсіресе былтырдан бері көптеп айтылып, мәселе көтеріліп жатыр. Топыраққа қажетті минералдар анықталды, енді соны шаруалар шамасы келгенше топыраққа сіңіру керек. Алдағы жылдары бұл олқылықтың орны толатын болса Қазақстанда астық алудың көлемі екі еседен асып түсуі мүмкін. Өйткені, топырақтың құнары ойдағыдай емес деген мәселе бұған дейін аса көп айтылмайтын.

- Топырақтың 80 пайызы фосформен жеткілікті деңгейде қамтылмаған. Мұның алдын алу үшін аталған элементті жерге жеткілікті әрі дұрыс мөлшерде сіңіру керек. Ол үшін әр дақылға қажетті элементтің көлемін біліп алған жөн. Бұл мәселе бойынша ұзақ уақыт бойы зерттеулер жүргізе келе анықтадық. Мысалы 1 килограмм бидайға – 35, рапсқа – 32, бұршаққа – 28, сояға – 26, жүгеріге – 40 мг фосфор керек, - дейді топырақтанушы, профессор Валентина Черненок.

Міне, ғылыми орталық осындай қорытынды шығарып берген соң, шаруалар автоматтандырылған техникалар арқылы тыңайтқыштарды сіңіреді. Артық-кемі жоқ, бәрі есептелген, алдын ала компьютер арқылы машинаға жазылған, машина сол арқылы автоматты түрде жердің көлемі ғана емес, дақылдың қалың өскеніне, сирек біткеніне қарап нақты бөліп шығады. Осының арқасында қаншама уақыт және тыңайтқышқа кететін қаржы үнемделеді. Онымен қоса еңбек русурстары қысқарады және қоршаған ортаға келетін зиян да азаяды.

Дәл егіншілік туралы айтқанда тек техникамен түрлі әдістемелерді айта беру де дұрыс емес. Бұл алдымен уақыт сұранысына жауап беру. Оған қосымша жердің тең бөлінуі, геоақпараттардың дәлдігі. Енді Қазақстанның агроөнеркәсібі саласының алдында дәл егіншілікті жаппай қолдану мүмкіндігін енгізу міндеті тұр.

Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.