Таразда «Тектұрмастан» «Шахристанға» дейін аспалы жол салынады

Нұрболат Әлдибек - 08.08.2019441

Таразда «Шахристан» тарихи кешенінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Ол Жамбыл облысының 80 жылдығына орай пайдалануға берілмек.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында салынып жатқан кешенде өлкетану мұражайы, көрме павильоны, «Руханият» орталығы, көркемдік бейнелеу өнерінің галереясы, қолөнер шеберлерінің галереясы, «Ретро-фестиваль» амфитеатры бой көтереді. Кешеннің құрылысын кестеге сәйкес «Өмірзақ» ЖШС және «КДСМ» ЖШС екі ауысымда қарқынды жүргізуде.

Осы нысандармен қатар, этно-тарихи кешеннің абаттандыруы мен инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым желілерінің құрылыс жұмыстарын іске асыру ағымдағы жылы жоспарланған.

Қаланы көркейту жұмыстарын жалғастыру мақсатында, осы жылы Төле би даңғылы бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер аймағы мен аллеясы (арбат) және  «Мамыр» саябағын абаттандыру мен «Көне-Тараз» кешенінің маңында биіктігі 40 метрден тұратын «Сағат» стелласы орнатылады деп жоспарланып отыр.

Жалпы, кешен аумағы 200 гектарға созылып жатыр. Болашақта кешен аумағына көркемсурет галереясы, облыстық өлкетану мұражайы, 700-800 орындық амфитеатр, көрме залы және «Руханият» орталығы салынады деп күтілуде. Қазіргі таңда мұнда тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері Тараз қаласын түлетудің тың жолдары қарастырылып, тиісті ұсыныстар енгізілуде. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне қаланың сәулеттік келбетін арттыруға бүгінде тиісті мекемелердің бәрі де атсалысып жатыр. Айталық, Тараз қалалық сәулеттік бюро мекемесіне қала ішінен бой көтеретін нысандардың нобайын сызып, сұлбасын дайындау жүктелген. Бюро басшысы Арман Әбдешов қазіргі уақытта «Шахристан» этномәдени орталығының жобасына ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Сондықтан да аталған орталықтың құрылысы күзге дейін аяқталатын болады.

Сонымен қатар, болашақта «Көне Тараз» кешені мен «Шахристан» этномәдени орталығы қосылмақшы. Сол екі нысанның арасынан бір шақырымға созылатын арбат құрылысы жүргізіліп, шаһар көркін арттыруға ерекше серпін береді. Бұдан бөлек, «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде «Көне Тараз» стансасы салынып, аспалы жол тартылады деп жоспарлануда. Аспалы жол «Тектұрмас» кешенінен «Шахристан» орталығына дейін созылатын болады. Мұның бәрі де көне Тараз шаһарының тарихын білгісі келген туристерге жасалған жақсы жағдай болып есептеледі. Бұл орайда Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова алдағы уақытта «Шахристан» орталығында 60 шақты шеберхана орналасқан қолөнершілер қалашығы пайда болатынын айтты.

Жалпы, «Шахристан» кешенін қайта түлетуге арналған жаңғырту шараларын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жергілікті әкімдік Әулиеата жеріне келетін туристердің қатарын биыл 400 мыңнан асыруға барынша күш салуда. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазіргі таңда аталған бағытта 50-ге жуық кәсіпкерлік нысан арнайы тіркеуден өтіп, қызмет көрсетуге әзір екен. Сондай-ақ, жуырда Тараз қаласындағы «Төрткүл» тарихи кешені маңынан бірегей «Қазақ ауылы» этножобасы да бастау алып, көптің қызығушылығын тудырған еді. Ол үшін Тараз қаласынан 12 арнайы туристік бағыт әзірленіп, қонақтарға ыңғайлы жағдай туғызу мақсатында 33 туристік орталық арнайы мобильді қосымшаға егжей-тегжейлі түсіндіріліп, енгізілген. Ол жерден барлық қажетті мәліметтерді QR код арқылы бес тілде алуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, ол қосымшада Жамбыл облысында қызмет ететін 178 қонақ үй мен 300-ден астам тамақтану орнының және көлік тасымалының сызбасы, ақша айырбастау пункттері мен туристік агенттіктердің тізімі, бағалары жасақталған.

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.