Әкім Нәлібаев ардагерін ардақтамай ма?

Асмира Ермекқызы - 02.09.20191542

«Жас АЛАШ» редакциясына Қызылордадан 96 жастағы қарт жауынгер Әбдіраман ӘБІШҰЛЫНАН хат келді. Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмге қарсы соғысқан ардагер әлі үйсіз жүргендігін айтады. Қала әкімі Нұрлыбек НӘЛІБАЕВТЫҢ қабылдауына кіре алмай жүрген ақсақалдың журналистерге шағымдабасқа амалы болмаған сынайлы. 2018 жылғы ресми дерек бойынша Қызылорда облысында бар-жоғы 37-ақ соғыс ардагері қалған екен. Жас ғұмырлары майданда қалған ардагерге бір пәтердің бұйырмағаны өкінішті. «Жас АЛАШ» ақсақалдың хатын қаз-қалпында жариялауды жөн көрді. Бәлкім жаңадан облыс басшылығына тағайындалған Қуанышбек ЫСҚАҚОВТЫҢ назарына ілігер. 

Біз, бейбіт елімізді алған сұм соғыста ерлік пен қайсарлықты көрсеткен жандармыз. Біздер елге жеңіс, бақыт, теңдік, ерлік сыйлаған аңыз адамдармыз. Жастарға - Отанды қалай қорғайды, елін қалай сүю керек екендігін үйренсе екен дейміз.


Мен Әбдіраман ӘБІШҰЛЫ, 1923 жылы Қазалы ауданының «Томайкөл» ауылында дүниеге келдім. «Сарытоғай» мектебін бітірісімен 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып кеттім. Алдымен жауынгерлер тиелген поезбен бізді Орынбор маңына түсірді. Екі жетіден соң поезбен Горкий облысының Дзержинский деген қаласына жеттік. Біршама уақыттан кейін, Мәскеуге жақын 40 шақырымға келіп жеткенде гитлершіл Германияның фашистік армиясына қарсы жасақталған Қазақстанның №365 Панфиловтың полкіне қосып жіберді. Сөйтіп, даңқты әскери қолбасшылар  Сталин мен Жуковтың өте құпия түрде белгіленген жоспарына сәйкес фашистерді Москва түбінен аластап кері қайтару мақсатында, 1941 жылдың 6-шы желтоқсанында 50-55 градус суық аязда, таңғы сағат 4-те басталған тарихи қарсы шабуыл қырғынына қатыстым. Бұл күнгі ұрысқа сол уақытқа дейін іс жүзінде пайдаланбаған, кейін жаудың зәре-құтын қашырған күшті қару «Катюшаны» бірінші рет қолдану арқылы болашақ Ұлы Жеңіске берік негіз қаладық.

Совет армиясының ержүрек солдаттарының қайраты мен қуатына шыдамаған басқыншылардың беті қайтып, сағын сындырдық. Соның нәтижесінде біз қорғаған Ресей қалалары мен елді-мекендері жаудан тазартылып, азапқа түскен азаматтар азаттық ала бастады. Мен Ә.Әбішұлы сұрапыл соғыстың басынан бастап аяғына дейін қатысқан тірі куәгердің бірімін. Мен жүріп өткен жауынгерлік жолдың ауыртпалығын, жаудан тазартуда талай боздақтардың жанын пида еткенін қинала еске аламын. Әдепкі кезде Украина майданы қарамағында Киев арқылы жүріп отырып, Германия шекарасына жауынгерлердің алғы сапында кірдім. Берлинді басып алу жөніндегі тарихи құпия жоспардың іске асырылуына қаруластарыммен бірге аянбай атсалыстық.

Гитлер армиясы Москвамен ақырғы рет қоштасқан күні, олардың Отан соғысындағы алғашқы күйреуі еді. Бұл СССР үшін үлкен тарихи бетбұрыс жеңіс болды. Панфилов бас болған жаяу әскер қатары, оның батыры Б.Момышұлы басқарған қазақстандықтар Москваны азат етіп, неміс армиясына қарсы күйрете соққы беруде үлкен рөл атқарды. Маршаль Жуков басқарған Белорусь фронты қарамағында Украина, Киевке қарай шайқасқан қан төгіспен ілгері қарай немістерді шегіндіріп, баяу жылжи бердік. Әсіресе, Украина елінің «Белый» деген қаласында немістер беріспей қарсыласып, 4-5 күнде әрең дегенде азат еткеніміз есімде. Қала халқы Совет әскерін көшеде қол шапалақтап қарсы алды. Шығын екі жақта да көп болды.

Қайсы бірін айтайын, соғыстың небір қиыншылықтарын көріп, оқ жауып тұрғанда артымыздан тамақ келмей, траншейдің ішінде аш жатқан күндер де болды. Сонымен СССР және Германия басып алған шет мемлекеттерді азат етіп, соғыстың аяқталуына аз қалғанында снаряд жарқыншағынан госпиталда біраз жатып, елге мүгедек болып оралдым. Үшінші дәрежелі «Отан соғысы», екінші дәрежелі «Отан соғысы», бірінші дәрежелі «Отан соғысы», «Жеңістің 20 жылдығы», «Жеңістің 30 жылдығы», «Жеңістің 40 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы», «КСРО Қарулы Күштеріне - 70 жыл» мерекелік, «Маршал Жуковтың» естелік медальдарымен марапатталдым.

Ауылға келген соң өмірімнің негізі «Қазалы» асыл тұқымды қой совхозында өтті. Сол шаруашылықта Жанкүл Байназарқызымен бас қосып, отбасы құрдым. Жұбайым Жанкүл 13 баланың анасы, «Батыр Ана», «Алтын алқа» атағына ие болды. Өзім ауылда 52 жыл түрлі саладағы шаруашылық жұмыстарын атқардым. Есеп-қисап саласын жетік меңгеріп, совхоздың бас есепшісі болдым. Балаларымның білім алуына және отбасы құруына жағдай жасадым. Енді жас ұлғайды, 3 рет ауыр операцияға түстім. Соғыстың зардабы да, көбірек сырқаттанып қала беремін.

Менің жастық шағым соғыста, қиындықта өтті. Елдің тыныштығын, ұлттың қамын, әлеуметтік экономиканы дамытуға өз үлесімді қостым. Жұбайым Жанкүлдің дүниеден өткеніне 22 жыл болды. «Тумақ бар да, өлмек бар» деген емес пе? Менің жасым 97-ге келді. Бірақ, бүгінде тұратын тұрақты баспанам жоқ.

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВҚА 2017, 2018, 2019 жылдары баспана сұрап арыз жазып едім. Қала әкімі Нұрлыбек НӘЛІБАЕВҚА сілтейді, ал оның мені қабылдауға құлқы жоқ па әлде ҰОС ардагерлеріне деген мейірі, сыйластығы жоқ па?! Рас, 2013 жылы Титов қыстағынан 2-ші қабаттан бір бөлмелі үй берді. Ал, ол үйдің жағдайы өте нашар. Қыстай іші көгеріп, сарыаязданып тұрады. Қанжылым жылуы кәрі ағзаны жылыта алмайды. Екі күннің бірінде жедел-жәрдемнің көмегіне зәрусін...  

«97 жас жасайын деген жасым ба, атала ішейін деген асым ба?» – демекші, өмірімде соғыс көріп, бүкіл өмірімді бейнетпен өткізгенімде, енді қашан зейнетін көрем – деп, ойлаймын. Мен, қазір құжат бойынша Қызылорда қаласында тіркеуде тұрамын. Ал, өзім Шымкентте жүрмін. Өткен жылы Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа барғанымда, жиналыс болып жатыр деп қабылдамады. Санаулы ғана ардагер қалдық қой. Тіпті, осы жылы ардагерлерге билбордта ілген жоқ. Келіп құттықтап, батамызды да алған жоқ.

Титов қыстағындағы бір бөлмелі үй маған керек емес. Мен жалғыз ол үйде қалай тұрамын. Маған Марат деген балам қарайды. Бірақ, Мараттың 5-6 баласы бар, бір бөлмелі үйге қалай сыйамыз. Мені далаға шығаратын, тамақтандыратын, киіндіріп, шешіндіретін қамқоршыларым балаларым емес пе? Олар қайда тұрады. «Өлім бар да, қаза бар» демекші, мен өлсем, Шымкентке қаласына жерлей ма?

«Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала не боларын ойламайды». Ертеңгі облыс, қала әкімі менің жасыма келмей ма? Тіпті, 3 бөлмелі үй менің соғысқа қатысқан күндеріме де татымас. Осындай жаста өз баспанаң жоқ, әр есікте тентіреп жүрген не қорлық. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Титовтан берген бір бөлмелі үйді қайтып алсын!

«Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» деген емес пе? Қала әкімі онсыз да «Үрлеп ішіп, шайқап төгіп» отыр ғой. Ал, біз сияқты ҰОС ардагерлері паналайтын баспанамыз жоқ, тентіреп жүргеніміз мынау. Менің зарымды кім тыңдар екен?!...

Қарт жауынгер – Әбішов Әбдіраман 

Фото: kyzylorda.gov.kz

Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.