Жамбылда жол жөндеуге 14,8 миллиард теңге бөлінген

Нұрболат Әлдибек - 28.08.2019365

«Жолдың жайын жүрген біледі» деп аталарымыз айтқандай, «бір жол бар жақын, жақын да болса алыс». Иә, жол – экономиканың күре тамыры. Ел экономикасының дамуына автомобиль жолдарының қосар үлесi мол.

Бұл ретте Жамбыл облысында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді-мекен көшелері желісінің ұзын-ырғасы 9 690 шақырымды құрайды.

Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 1152 шақырым, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары – 1987 шақырым, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары 1188 шақырым және елді-мекендер көшелерінің желісі 5363 шақырым.

Қазіргі таңда республиканың оңтүстік бөліктерін солтүстікпен байланыстыратын күре тамырлар болып табылатын республикалық маңызы бар «Алматы-Ресей федерациясының шекарасы (Екатеринбургке қарай)», «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолдарын қайта жаңғырту жұмыстары  басталғаны белгілі. Жобаларды толық аяқтау 2022 жылға жоспарланған.

Өткен жылы өңірімізде жол саласына қаржы жылдағыдан көбірек бөлініп, нәтижесінде 500 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелері жөңделіп, ішкі және ауылдар арасындағы қарым-қатынас біршама жақсара түскен болатын. Атап айтатын болсақ, 2018-ші жылы жалпы жол саласына 12,1 миллиард теңге бөлінген. Осы қаржының есебінен 18 шақырым шағалды жол салу (1 нысан),  26,4 шақырым күрделі жөндеу (1 нысан)  және 499,4 шақырым (158 нысан) автожолдар мен көшелерге орташа  жөндеу жұмыстары атқарылды. Оның ішінде 145,4 шақырым облыстық маңызы бар автожолдың 26,4 шақырымына күрделі, 119 шақырымына орта жөндеулер, 211 шақырым аудандық маңызы бар автожолдардың 187,4 шақырым елді мекен көшелерінің 18 шақырымына құрылыс, 169,4 шақырымына орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 1 көпірдің құрылысы жүргізіліп,  2 жол өткелі қайта жаңғыртылған.

Нәтижесінде жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы  көрсеткіші жоспардағы 78,5% асып 80,1%-ға орындалған.

Ал осы жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерінің жағдайын одан әрі жақсарту мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттерден бірлесіп қаржыландыру тәжірбиесін жалғастыру арқылы жалпы 14,8 миллиард теңге бөлініпті. Оның ішінде, 8 миллиард теңге республикалық, 6,8 миллиард теңге жергілікті бюджеттен. Бөлінген қаржы есебінен жалпы 16,2 шақырым жаңа жол құрылысы, 6,2 шақырым қайта жаңғырту, 30 шақырым күрделі жөндеу және 550,1 шақырымға жуық орта жөндеулер жүргізілетін болады.

Бұл ретте биылғы жобалардың ішіндегі ең маңызды деген 3-еуіне тоқталсақ. Олар:

- Ұзындығы 16,1 шақырым «Қырғызстан шекарасына Тараз қаласын оңтүстіктен айналма» автожолының құрылысы;

- Облыстық маңызы бар «Тараз-Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ» автожолының 3,4-14,4 шақырымдарын қайта жаңғырту;

- Облыстық маңызы бар «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» автожолының 1,7-7 шақырымдарын қайта жаңғырту нысандары.

Аталған жобалардың жүзеге асырылуы – жергілікті тұрғындардың көлікпен қатынауын жақсартумен қатар, өңірдің көліктік логистикасы инфрақұрылымының дамуына да орасан зор үлес қосады. Осы орайда айта өтерлігі, жыл қорытындысы бойынша Жамбыл облысы «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткішін 80,1 %-дан 85% жеткізуді жоспарлап отыр.

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.