Жамбылда Қамбар ата тұқымы 10296 басқа көбейген

Нұрболат Әлдибек - 25.08.2019365

Жамбыл облысында биыл ауыл шаруашылығы саласының барлық түрлерінен дерлік тұрақты өсу динамикасы байқалып отыр. Әсіресе, Әулиеатада мал шаруашылығы дамып, тұрғындардың қорасындағы төрт түліктерінің басы көбейген. Мәселен, мүйізді ірі қараның саны 2019-шы жылдың  1 тамызына 440 425 басты құрап, өткен жылдың осы кезеңімен (411346 бас) салыстырғанда 29079 басқа немесе 7,1 пайызға өскен. Соның ішінде сиыр саны 187 369 басқа жетіп, өткен жылмен (173533 бас) салыстырғанда 13836 басқа, яғни 8 пайызға артты. Қой мен ешкінің саны 3 323 121 басқа жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда (3198664 бас) 124457 басқа, яғни 3,9 % өскен. Жылқы саны 141 904 басты құрап, былтырдан бері өңірде Қамбар ата тұқымы 10296 басқа көбейген, яғни 7,8%. Сондай-ақ, түйе басының саны 7405 басты құрап, 553-ке немесе 8,1 пайызға көбейген.

Жамбыл облысында 2018-2027 жылдар аралығында етті мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімге жоспарланған салалық бағдарлама  қабылданып, индикативті көрсеткіштері бекітілген болатын. Жалпы осы бағдарлама аясында 2018-2027 жылдар аралығында облысқа алыс-жақын шет елден 36 мың басқа жуық мүйізді ірі қара малының аналық басын сатып алу жоспарланған.

Өткен жылы «КазАгро» ҰБХ несиелік қаржы институттары арқылы 8208 бас мүйізді ірі қара сатып алуға 34 шаруашылықтан өтінім түскен болса, бұл ретте оның 7818 басы бойынша жоба мақұлданыпты. Жыл басынан бері жергілікті шаруалар алыс-жақын шет елдерден 2912 бас мүйізді ірі қара сатып әкелген. Сондай-ақ, өңірде осы бағдарлама аясында 77 тауар өндірушіге 948,6 миллион теңге несие беріліп,  32,2 мың бас қой сатып алынған.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес, 2018-ші жылы Жамбыл облысы бойынша 1 мың тонна сиыр және 1,5 мың тонна қой еті экспортқа шығарылуы тиіс болса, есепті кезеңде облыстағы тауарөндірушілер экспортқа барлығы  1014,1 тонна сиыр және 1659,1 тонна қой етін шығарған. Сиыр етін экспорттау бойынша биылға бекітілген жоспарға сәйкес облыстан 1500 тонна сиыр еті экспортқа шығарылуы тиіс. Жыл басынан бері тауар өндірушілер 862,7  тонна сиыр етін экспортқа шығарып, жоспардың орындалуы 57,5 пайызды құраған. Сонымен бірге 671,2 тонна қой еті экспортталды.

Ет өнімдерінің негізгі бөлігі Иран Ислам Республикасы, Бахрейн Карольдігі және Кувейт мемлекетіне экспортталған. Негізгі экспорттаушылар «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС-і, Меркі ауданындағы «Меркі ет комбинаты» ЖШС, Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы ЖШС» ет комбинаттары.

Осы кәсіпорындардың жүктелімін арттыру арқылы алдағы уақытта етті экспорттау динамикасын арттыру жоспарланып отыр екен.

Енді еттен сүтке көшсек. Сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімді концепция қабылданып, облыста 2018-2027 жылдар аралығында жаңа 61 сүт-тауар фермасы іске қосылады деп жоспарлануда.  Бұл ретте биылға 4 ферманың құрылысы жоспарланған.

Жалпы, Жамбыл облысы бойынша осы жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды қолдау бағдарламасына 3,65 миллиард теңге бөлінген болса, ол қаржыны тамызға дейін-ақ толық игеріп тастаған.

Фото: priru.kz

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.