Әулиеата аспанында ән әуелеп, күй күмбірлеп тұр

Нұрболат Әлдибек - 26.08.2019319

Әулиеата өңірінің бай тарихы мен мәдениетін дәріптеу мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан соңғы уақыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға бәрекелді деуге болады.  Мәселен, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» республикалық ақындар айтысы, халық шығармашылығының «Әулиеата бояулары» І фестивалі, облыстық «Taraz симфониясы» классикалық өнер фестивалі, «Талас толқындары» атты І облыстық музыкалық өнер фестивалі аясында Ы.Дүкенұлы атындағы облыстық «Жез киік» қобызшылар конкурсы, К.Әзірбаев атындағы республикалық «Шырқа даусым» ән конкурсы, «Жаңарған Жамбылым» облыстық эстрада орындаушылардың конкурсы, «Би керуені» облыстық хореографиялық ансамбльдердің конкурсы, «Көне Тараз күмбірі» атты І этно-фольклорлық фестивалі, жастар арасында «Үздік сценарийлер» байқауы, т.б осылай кете береді.

Конкурстар мен байқаулар жайлы әңгімемізді осы жерден үзе тұрып, Жамбылдағы мәдениет мекемелерінің жыл басынан бергі кәсіби дамуы мен қызметіне қысқаша тоқтала кетсек. Бұл ретте облыстық театрлар 30485 көрерменге 273 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында әр түрлі жанрда 8 жаңа қойылым сахналаған. Театр ұжымдары көшпелі қойылымдармен облысымыздың аудандарында және Алматы, Талдықорған, Ақтөбе қалаларына гастрольдік іссапарлар ұйымдастырған. Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне қатысып қайтты. 

Жыл басынан бері облыс музейлерінде 103 мыңнан асатын экспонаттарды 25664 келушілер тамашалап, 854 экскурсия, түрлі тақырыптарда 244 көрме ұйымдастырылған.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің сандық көрсеткіші 3 368-ті құрайтынын, оның ішінде 741-і мемлекеттік тізімге алынған тарихи – мәдени ескерткіш, мұның 711 ескерткіші жергілікті дәрежеде. 30 ескерткіш республикалық дәрежедегі ескерткіштер болса, оның  5-і  ЮНЕСКО-ның «Бүкіл әлемдік Мәдени Мұра» тізіміне алынып, Халықаралық дәрежедегі ескерткіштер мәртебесіне ие екенін жеткізді.

Ал облыстағы бірден-бір үлкен өнер ұжымы облыстық филармония жыл басынан бері өткен барлық даталы мерекелерге атсалысып, құрамындағы шығармашылық ұжымдар 132 концерт ұйымдастырып, оларды 50 мыңға жуық көрермен тамашалаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандық әлемдегі заманауи мәдениет» арнайы жобасына сәйкес «Ақкербез» би ансамблі БАӘ-де Халықаралық Шейх Заид атындағы мәдени фестивальға қатысса, Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан жылы аясында Өзбекстанның Жиззах облысында К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның, Сарысу ауданының "Айжан қыз" би және Жуалы аудандық театр ұжымдары өнер көрсетіп, көрермендер ризашылығына бөленіп қайтты,- дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, өңіріміздегі мемлекеттік кітапханаларда  цифрландырылған ақпараттық орталықтары ашылып, қазіргі уақытта 76  кітапхана мобильді стандартқа көшірілген. Сол 76 кітапханада 92 орталықтар  ашылған.

Ал басқарма тарапынан Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарының демалыс күндерін көтеріңкі көңілде, әсерлі өткізу мақсатында маусым айының 14-нен бері аптаның сенбі, жексенбі күндері «Жеңіс» саябағында тегін концерттер ұйымдастырылуда. Әулиеата аспанында ән әуелеп, күй күмбірлеп тұр деп жатқанымыз содан.


Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.