Шуда қуатты күн электр стансасы салынуда

Нұрболат Әлдибек - 27.08.2019630

Әулиеатада «Таластан шыққан ақын көп, Шудан шыққан әкім көп» деген сөз бар. Міне, осы топырағынан әкімдер, шенеуніктер көп «өніп» шыққан Шу өңірінде бүгінде қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын күн электр стансасының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аталған инвестициялық жобаның жалпы құны 60 миллиард 737 миллион теңгені құрайды.

Осынау жобаның құрылысын жүргізуді міндеттеріне алған француздық «Total Eren» мұнай-газ компаниясының еліміздегі өкілі және «M-Kat Green» ЖШС-ның бас директоры Илья Чернодаров мұндағы құрылыс жұмыстарының 45 пайызы аяқталып, қажетті жабдықтардың 70 пайызы жеткізілгенін айтады.

«Жалпы, бұл іс кестеге сай жүзеге асырылуда. Барлығы 350-ге жуық адам жұмыс істейді. Ал нысанды келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында толық іске қоссақ деп отырмыз. Станса аумағы қоршалып, тегістеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Қазір күн панельдеріне арналған тіреуіштерді орнатып жатырмыз. Айта кету керек, панельдер 25 жылға дейін жұмыс істейді. Стансаны аудан аумағында орналастыруымыздың екі бірдей себебі бар. Оның біріншісі – ауданның күн сәулесі белсенділігі жоғары аймақтардың қатарына жататындығы, екіншісі – мұнда «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының орналасқандығы. Әлбетте, 500 гектардан астам аумақты алып жатқан АЭА іске қосылған кезде электр қуатына деген сұраныс жоғарылайтын болады. Сондықтан бұл жоба біз үшін де, экономикалық аймақ үшін де өте тиімді, – дейді ол.

Ал аталған серіктестіктің осы жоба бойынша техника қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Еділ Есенқұлов бұл жұмыстар толық аяқталған кезде облыстағы электр қуатына деген тапшылық едәуір азаятынын айтты. Сондай-ақ, халықаралық жобаны жүзеге асыруда Франция, Грекия және Бразилия елдері мамандарының да тәжірибелері пайдаланылып жатқанын жеткізді.
Мамандардың айтуынша, нысан құрылысының негізгі кезеңінде Шудың өзінен 500-ге тарта азамат жұмысқа тартылады екен.

Ел экономикасы дамып, халық саны артқан сайын электр қуатына деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Оны шешудің жолдары да әр алуан. Бұл ретте әлемдегі дамушы мемлекеттер жаңғыртылған энергия көздерін пайдалануды, күннен, желден, судан қуат өндіруді жүзеге асыруда. «Жасыл экономика» болашақтың да энергиясы. Бұл іс біздің елімізде, оның ішінде өңірімізде де кең өрістеуде. Соңғы жылдары облыс көлемінде күннен, желден және судан электр қуатын өндіретін бірқатар нысандар іске қосылды.

Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде бүгінде күннен, желден және судан энергия өндіретін 168,7 мегаваттық 10 станса бар екен. Ал тұтастай алғанда облыс орталығындағы тұрғындар сағатына 50-60, ал ауданда шамамен 90 мегаватт электр қуатын тұтынады екен. Алдағы уақытта Шуда бой көтеретін күн электр стансасы тұрғындардың осы қажеттілігі өтелуіне өзіндік елеулі үлесін қосатын болады.

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.