Қордайда құрылыс көбейіп, қылмыс азайған

Нұрболат Әлдибек - 29.08.2019380

Ертегідегі Ерназар байдың «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегеніндей, Жамбыл облысындағы 9 ауданды бір бөлек те, Қордай ауданын бір бөлек алып қарауға болады. Жері шұрайлы, елі шырайлы Қордайдың өңір экономикасын өркендетуге қосып жатқан үлесі зор. 

Жалпы, Қордайда 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында аумақтық индустриаландыру картасына енгізілген жалпы жобалық құны 49 миллиард 840 миллион теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылуда. Ауданға жыл басынан бері негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемі 8713,9  миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 107,1% құраған. Ал жаңа бизнес-бастамаларды қолдау «Бизнес жол картасы 2020» бағдарламасы аясында биыл 740 миллион теңгеге 3 жобаны іске асыру жоспарланыпты.


Қордайда жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі де едәуір артып, 10158,8 миллион теңгені құраған. Нақты индекс көлемін пайызға шақсақ 106,5-ке орындалған. Бүгінгі күнге ауылшаруашылық саласына 1281,0 миллион теңгеге инвестиция тартылыпты. Бұл ретте биыл аудан бойынша барлық ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлердің көлемі 132039 га болып, өткен жылмен салыстырғанда 593 гектарға артып отыр. 

Бұл ретте Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле:


«Ауданда ауылдық жерлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы республикалық және облыстық бюджеттен 781,3 миллион теңге қаржы бөлініп, Ауқатты ауылындағы сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, Әлжан ана ауылындағы сумен жабдықтау жүйелерін құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда»,- дейді.


Бұл ретте Қордай ауданының өнеркәсіп кәсіпорындары жыл басынан бері 6999,9 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 104,9 пайызды құраған. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде медициналық нысандарды көбейту мақсатында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы Қалғұты, Кенен, Бел, Мұзбел, Сарбастау және Қызылсай ауылдарына ауылдық амбулатория мен фелдьшерлік пунктер салу бойынша жұмыстар басталыпты. Одан бөлек, «Мәдениет объектілерін дамыту» бағдарламасы бойынша

Отар ауылына 180 орындық  және Жамбыл мен Қарасу ауылдарында 90 орындық  мәдениет үйлерінің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 13,1 миллион теңге қарастырылыпты. Сондай-ақ, аудан бойынша 11 ауылдық кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталық ашылу жоспарлануда екен.

Атқарылып жатқан осынау игілікті жұмыстардан бөлек, Қордайда қылмыстың азайғанын айта кеткеніміз жөн. Айталық, ауданда өткен жылмен салыстырғанда аса ауыр қылмыстар 18,5 пайызға, ауыр қылмыстар 30,4 пайызға, орта дәрежедегі қылмыстар 16,7 пайызға төмендеген.

Ал тиісінше қылмыстың ашылуы 77 пайызды құрап, өткен жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда 15,8 пайызға артыпты.


Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.