Үкіметтен қайыр жоқ: Ауыл халқы өз қаражатына мектеп салып жатыр

Ербол Ілияс - 02.09.20191585

Ауыл халқы салып жатқан мектеп экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында тіркелмек.


Алматы облысына қарасты Сарқан ауданында Кәкімжан ҚАЗЫБАЕВ атты ауыл бар. Халқы үкіметсіз-ақ өз мәселесін өзі шешіп жатыр. Осыған дейін оқушылар тасымалдайдын көлік, фельдшерлік пункт пен мешіт те салып алған. Енді жаңа мектеп соғып жатыр. Айтпақшы биыл республикалық және облыстық бюджеттен Алматы облысындағы мектеп құрылысына 9,9 млрд теңге бөлінген. Амал нешік, бұл қомақты қаражат Сарқандағы елеусіз жатқан ауылға жете қоймапты.


Кәкімжан Қазыбаев ауылы - Сарқан ауданындағы Бақалы ауылдық округіне жататын елдімекен. 41 түтіні бар ауылдың бар-жоғы 210-ақ тұрғыны бар. Мұндағы бастауыш мектептің ғимараты сонау 1975 жылы ауыл кеңесіне пайдалануға берілген. 1978 жылы білім мекемесіне айналыпты. Бастауыш сыныпты аяқтаған оқушылар үш шақырым жердегі Бақалы ауылына қатынап оқиды.


«Мектебімізге 44 жыл болды. Қыста 3 жерден от жағамыз. Себебі о баста мектеп ретінде салынбаған ғой. 3 ұстазымыз бар. Былтырғы оқу жылында 30 бала оқыған. Оның сегізі бастауышты аяқтап Бақалыға ауысты. Қазіргі кезде 21 баламыз бар. Негізі, болашақта бізде оқушы көп болады. Бала өсімі ауылда жақсы. Әуелі келесі жылы-ақ баланың саны көбейеді», - дейді Ағарту бастауыш мектебінің меңгерушісі Қарлығаш СӘТБАЕВА.  

Ауыл әкімі Арын КҮРІШБАЕВ мектеп мәселесін айтып Сарқан ауданы әкімі мен білім бөліміне бір емес, бірнеше рет хат жазған екен. Облыс пен аудандағы тиісті шенеуніктер аталған проблемадан хабардар. Жалпы, аудан бойынша 30 мектеп бар екен. Оның алтауы мектеп болып бейімделген ғимараттар. Әзірге солардың екеуінің ғана сметалық-жобалау құжаттары жасалған. Ауыл халқы кезек күтпей өздері құрылысты бастап кетіпті.


«Ауыл болып жиналыс өткіздік. Барлығымыздың сөзіміз бір жерден шығып өз күшімізбен жаңадан мектеп құрылысын бастап кеттік», - дейді ауыл тұрғыны Тоқтарбек ТӨЛЕПБЕКОВ.

Бастауыш мектептің құрылысы көктемде басталыпты. Әзірге қабырғасы қаланып, шатыры жабылған. Барлық шаруаны ауылдағы ер азаматтар атқарып жатыр. Енді есік-терезесі орнатылып, сылау, әрлеу жұмыстары жүргізілмек.

«Осы ауылдың азаматтарының қолдауымен қазірге дейін 5 млн-нан астам  қаражат жиналды. Соны ретімен пайдаланып, график бойынша жұмыс істеп келе жатырмыз. Техника, адам күші өзімізден болғандықтан 5,5 млн шатырана дейін көтеруге жетіп тұр. Енді тағы да осынша ақша керек. "Урожай" жинап болған соң ақша жағын ақылдасып, келесі жылы мектепті бітіреміз деп жоспарлап отырмыз», - дейді тағы бір ауыл тұрғыны Талғат ДАЛАБАЙҰЛЫ.  

Мектеп ешбір рұқсатсыз салынып жатқан соң жергілікті шенеуніктер оны экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында тіркемек.


«Ауылдың азаматтары жаңа мектеп салуды өздері бастады. Олар салып болғаннан кейін бізге сыйлық ретінде тартпақшы. Бұл бағытта құжаттары жасалып жатыр. Негізінен ауыл азаматтары өздері бастағаннан кейін ауылдың әкімі басшылық жасап жүр», - дейді Сарқан аудандық білім бөлімінің басшысы Панара ИМАНҒАЗИЕВА.  


Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.