Жамбылда 6,6 мың гектар суармалы алқап айналымға қосылды

Нұрболат Әлдибек - 30.08.2019349

Кезінде каналдардың бұзылып, тоғандардың талқандалуынан суармалы алқаптардың азайып кеткені белгілі. Соңғы уақытта Жамбыл облысында сол суармалы алқаптарды қайта қалпына келтіруге жауапты қызметкерлер білек сыбана кірісіп кетті.

Өңірдегі суармалы егістік алқаптарын арттыру – өнім көлемі еселеудің негізгі тетігі десек, бүгінде бұл бағытта жамбылдықтар алғашқы нәтижелерге қол жеткізе бастады. Мәселен, өңірімізде өткен жылы құрылған «мехотряд» 99 шақырымды құрайтын 27 канал мен 5 су қойманы тазалап, 6,6 мың гектар суармалы алқапты айналымға қосқан.

Бұл ретте «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің атқарып отырған жұмыстарына аз-кем тоқтала кетсек. Бүгінде бұл мекемеге қарасты 106 су қоймасы бар. Ондағы 61 қоймаға жиналған су арқылы шаруақожалықтар өздеріне тиесілі 10800 гектар алқапты суаруда. Жалпы алғанда, биыл облыс бойынша 24 су қоймасы ағымдағы жөндеуден өткізіліп, 1 су қоймасы қайта қалпына келтірілмек.
Ал «Талас-Аса» КММ жыл басынан бері ұзындығы 68 шақырым болатын 12 каналды тазаласа, жыл соңына дейін 25 шақырымдық 5 каналды іске қоспақ. Осылайша, олар биыл облыста барлығы 8 мың гектардан астам суармалы алқапты айналымға енгізуді жоспарлап отыр.

«Алайда, өткен жылғы түгендеу бойынша, өңірде 552 шақырымды құрайтын 112 каналдың тозығы жеткендігі анықталған. Бұл қарқынмен жұмыс жүретін болса, каналдарды тазалау жұмыстары 5-6 жылға созылмақ. Асқар Исабекұлы бұл мәселеге айрықша назар аударып, барлық каналдарды қалайда 2 жылда тазалап, іске қосу керектігіне көңіл бөліп отыр. Ол үшін барлық қажеттіліктер қарастырылмақ. Өз кезегінде өңір басшысы мекеменің техникалық базасын нығайтып, жұмысты күшейте түсуді тапсырды. Сонымен қатар, өңірдегі барлық тазалауды қажет ететін каналдардың саны мен ұзындығын қайта анықтау керектігін, ол үшін түгендеу мен есептеу шараларын мұқият жүргізуді жүктеді»,- дейді облыс әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Нұрадин Рақай.

Қазіргі таңда «Талас-Аса» су шаруашылығы ұзындығы 62 шақырым су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек, 19 каналды тазалап, жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр.

Ал жыл аяғына дейін Талас ауданындағы Тамды суару жүйелері алқабындағы 16 шақырым каналды да тазалап қалпына келтірмек.

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.