Жамбыл облысында төрт түлік саны көбейіп келеді

Нұрболат Әлдибек - 01.09.2019717

Қазақ Қамбар ата тұқымы деп әспеттеген, «жесең ет, ішсең қымыс, мінсең көлік» деп ерекше қадір тұтқан, тіпті, «ер қанаты» деп қасиетті санаған жылқы малына ежелден ерекше мән берген. Жаңа заманда да жылқыны шаруашылыққа пайдалануды жалғастырып келеді. Әсіресе, соңғы кездері жылқының сүті – қымыз өндіруде ерекше өсу байқалады. Өйткені, қымыздың денсаулыққа пайдасы туралы жиі айтыла бастады. Бие байланған желі басына саумал ішу үшін кезекте тұрған қазақстандықтарды да кқптеп көруге болады. Ал енді жылқының еті туралы айтып жатудың өзі артық шығар. Бәзбір елдер жемейді екен дегенмен, жылқы етінің пайдасы да үшан-теңіз екені жайлы да аз айтылып жүрген жоқ. Осының арқасында жылқы етіне де сұраныс артып келеді. Міне, осындай жағдайда Қазақстанда жылқы санының артуы заңды. Бүгін біз жылқы шаруашылығы ғана емес, төрт түлік малдың барлық түрі бойынша жоғарғы өсім көрсеткен Әулиеата өңірі – Жамбыл облысы туралы сөз қозғаймыз.

Айта кету керек, биыл Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы бойынша барлық салада дерлік тұрақты өсу динамикасы байқалады. Егін шаруашылығы бойынша барлық шаруа уақытымен шешіліп, егінге орақ түсіп, біраз аудандар қамбасын астыққа толтырып үлгерді. Жалпы облыс бойынша биыл 333 мың 526 гектар жерге егін егілген болса, қазіргі таңда оның 328 мың 493 гектар жері орылып үлгерді. Бұл тамыз айындағы жалпы көрсеткіш. Одан бері күн санап біраз шаруа атқарылып жатқаны белгілі. Тек өңірдегі таулы аймақтардың жекелеген шаруашылықтарында ғана егін орағы жалғасып жатқанын ескерсек, егін орағы түгелге жуық аяқталды деуге болады. Мәліметке жүгінсек, облыс бойынша орта есеппен әр гектардан 22,7 центнерден егін түсіп, бүгіндері 746 мың 703 тонна астық жиналған. Ел ырзығы егін жинауға 5 мыңнан астам түрлі техникалар мен 782 комбайн жұмылдырылған. Бұл егін шаруашылығы – ауыл шаруашылығының жетекші салаларының бірі болғандықтан ерекше тоқталып отырмыз. Әйтпесе, облыста егін орағы аяқтала салысымен соның ізін ала басталатын майлы дақылдарды ору басталады. Облыс бұл бағыт бойынша да сақадай саймыз деп отыр.

Ауыл шаруашылығындағы егіншілікпен қатар жүретін жетекші сала – мал шаруашылығы екені айтпаса да түсінікті. Облыстағы мал басы санының негізін құрайтын ол жекелеген тұрғындардың қорасындағы түліктер есебінен артып отыр. Бұл да қуанарлық жағдай деуге болады. Өйткені, облыс жұртшылығы бір кездері онша құнттамай кеткен ата кәсіпке қайта оралып жатыр. Қорадағы малды өсіре келе үлкен шаруашылыққа айналдыруға да мүмкіндік бар екені белгілі. Енді аздаған цифр: облыста мүйізді ірі қараның саны 2019-шы жылдың 1 тамызына 440 425 басты құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29079 басқа артқан. Бұл 7,1 пайыздық көрсеткіш. Бұл сиыр малының жалпы көрсеткіші. Оның ішінде сиыр саны 187 369 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13836 басқа, яғни 8 пайызға көбейіп отыр. Айта кету керек, Жамбыл облысында 2018-2027 жылдар аралығында етті мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімге жоспарланған салалық бағдарлама қабылданып, индикативті көрсеткіштері бекітілген болатын. Жалпы осы бағдарлама аясында 2018-2027 жылдар аралығында облысқа алыс-жақын шет елден 36 мыңға жуық мүйізді ірі қара малының аналық басын сатып алу жоспарланып отыр. Өткен жылы «КазАгро» ҰБХ несиелік қаржы институттарынвң арнайы бағдарламалары арқылы 8208 бас мүйізді ірі қара сатып алуға 34 шаруашылықтан өтінім түскен болса, бұл ретте оның 7818 басы бойынша жоба мақұлданыпты. Жыл басынан бері жергілікті шаруалар алыс-жақын шет елдерден 2912 бас мүйізді ірі қара сатып әкелген. Жалпы, Жамбыл облысы бойынша осы жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды қолдау бағдарламасына 3,65 миллиард теңге бөлініпті. Облыстың ауылшаруашылығы басқармасы ол қаржыны тамызға дейін толық игеріп болғанын айтады.

Облыста ең көп өскен қой мен ешкінің саны деуге болады. Әулиеатаның қой-ешкісі – 3 323 121 басқа жетіпті. Бұл былтырғы жылғыкөрсеткіштен 124457 басқа артқан (9 %). Өткен жылы «КазАгро» ҰБХ несиелік қаржы институттары арқылы 77 тауар өндірушіге 948,6 миллион теңге несие беріліп, 32,2 мың бас қой сатып алынған.

Сондай-ақ, түйе малы 7405 басқа жетіп, былтырғы көрсеткіштен 8,1 пайызға артып, 553 түйеге көбейген. Түйе етінен бөлек, шұбатын өндіру тұрғсында да сұраныс артып келе жетқан түлік.

Ал, біз сөз қылғалы отырған жылқы саны 141 904 басты құрап, былтырдан бері өңірде Қамбар ата тұқымы 10296 басқа көбейген, яғни 7,8%-ға артқан. Қазір басқа-басқа, жылқы санын арттыру мәселесі өзгелерге қарағанда қиындау. Оның асты себебі – жылқыға келер жау көп. Мініске ғана емес, жетекке немесе үйірімен бел асыра айдап кетуге ыңғайлы жылқы малын барымтаушылар да азаймай тұр. Және соңғы жылдары өрісте жүрген жерінен жабайы аң секілді атып алып, көлігіне басып алып, жөнелетіндерді де естіп жүрміз. Оның үстіне, жылқы өзге малдардай емес, қамауға, қорада тұруға онша көне қоймайды. Сиыр сияқты емес, қашан да төлі қасында болмаса, ешқайда аттап баспайды. Сол себепті, жылқы бағам деген адамға алдымен өріс керек, жер керек. Ал, өріс пен жер мәселесі мал шаруашылығындағы ең бір түйткілді мәселе. Өріске шығып, үйірлеп жылқы айдау үшін – міндетті түрде өзге тіршілікті ысырып қоюға тура келеді. Осыдан да болар, үйіндегі қорада аздаған ұсақ мал, біршама сиыр ұстап отыратын жүрт жылқы дегенде асса мініске деп бірді-екілі жылқы ғана ұстайды. Сол себепті, Жамбыл облысындағы биылғы өсімді жақсы көрсеткіш деп бағалау керек.

Жалпы, жылқы санының өсуіне соңғы жылдары жақсы қозғалған, қоғамда зор сұранысқа ие болып үлгерген қымыз саудасының әсері зор. Бір кездері асса жайлауға шыққанда үй-үйді аралап жүріп шөл басатын ел қазір жаз шыға салсымен қаланың маңы, ауылдың іші дегендей, кез келген жерден қымыз тауып іше алады. Қымызханалар саны осы есептен артып келеді. Тіпті, емдік үшін деп, желіден тікелей сауып беретін саумалдың сұранысы да өзінше әңгіме.

Қазір Жамбыл облысында да қымыз ішушілер саны аз емес. Облыс отһрталығы Тараз қаласының маңынан, қала ішінен 30-дан астам қымыз сауатын, сауып қана қоймай келушілерге қымыз ұсынатын орталықтар ашылған. Қымызхана дейді жұрт. Қымызханалар жұртқа тек қымыз, саумал ғана емес, ұлттық тағамардың түр-түрін де ұсынады. Осының есебінен, жылқының арқасында деуге болатын шығар, дәмханалық қызметін жандандандырып, шаруасын дөңгелетіп отырғандар аз емес.

Қымызға деген сұраныстың артуын мына жағдайдан да байқауға болады. Облыста қымызханалар саны артып, жылқы малының басы артып жатқанына қарамастан күн сайын кеш бата көп қымызханалар мен қымыз сататын орындарда қымыз бітіп қалады. Саумал ішу үшін алдын ала кезекке тұрмасаңыз, құр ауыз қайтатыныңыз тағы бар. Осы жағынан алғанда, қымыздың есебінен жылқының өсімі жылдан жылға арта түседі.

Қымызхана – шетелдік қонақтарды да қызықтыратын орын. Осыған орай, санитарлық тазалық мәселесін реттеу төңірегінде біраз уақыт сөз болып, бірқатар шаралар қолданылған да. Өйткені, қанша жерден мал ұстап отырмыз дегенмен, желі мен киіз үйдің ара қашықтығын дұрыстау, ыдыс-аяқты таза ұстау, қыл аяғы киіз үйдің айналасын реттеп отыру мәселесіне қатысты ұқыптылық танытпай болмайды. Бұл бір есептен, мал көріп өскен ауыл қазағына таңсық болмағанмен арысы шетелдіктерге, берісі қалалық қазақтардың өзіне де үренбеген жайт. Қандай да бір қызмет көрсететін, асханалық бизнес бастаған соң сервистік қызметтің де сапасы жақсы болғаны жақсы. Облыс алдағы уақытта бұл мәселеге жиі айналып соғып отырады. Әрине, жаңа бастамалар бойынша орта шәне шағын кәсіпкерлерді жөнсіз тексеріп, шаруасына кедергі келтіруге болмайды. Дегенмен, жоғарыдағы мәселені екі жаққа да тиімді жолмен шешу маңызды. Сонда, ауыл шаруашылығының бір саласы ретінде қымызхана кәсібі де өркендей түседі.

Енді, облыстағы жалпы ет шаруашылығы туралы бірер сөз. Қалай айтсаңыз да, ет шаруашылығының жетекші саласы – сиыр мен қой болып қала береді. Экспортқа шығатын, шетелдерден келетін сұраныстың да дені осы екі түлікке түседі. Сол себепті, Жамбыл облысы биыл бұл тараптағы жоспарды көтеріп, былтырғыдан 1,5 есе көп ет экспорттаймыз деп отыр. Қазір жоспарды орталап қалғандарын айтады. Айта кету керек, ет өнімдерінің негізгі бөлігі – Иран Ислам Республикасы, Бахрейн Карольдігі және Кувейт мемлекетіне экспортталған. Негізгі экспорттаушылар «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС-і, Меркі ауданындағы «Меркі ет комбинаты» ЖШС, Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы ЖШС» ет комбинаттары болып табылады.

Аталған кәсіпорындардың жүктелімін арттыру арқылы алдағы уақытта етті экспорттау динамикасын арттыру жоспарланып отыр. Ет комбинаттары өз мүмкіндігі шенһгінде жұмыс істеп отырғанын айта кету керек. Демек, комбинаттар ет қабылдауды күшейту үшін жаңғыртылып, тың күшпен жұмыс істеуді бастайды деген сөз.

Мал басы саны артқан сайын ет экспорты да өркендейтіні түсінікті. Экспорттың бір пайдасы – мал өсірушілер етті жоғары бағада сата алады. Сұраныс көбейген сайын сыртқы нарықтағы бағаның да өсетіні белгілі. Демек, малшылар мен кәсіпкерлер еңбегінің жемісін көре алады деген сөз. Жамбыл облысы биыл ет экспорттаудың жоспарын артығымен орындаймақ. Егер, статистикаға көз салсақ, облыстың ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітіп берген көрсеткішті жыл соңына дейін еркін игереміз деп отыр. Қйткені, облыс былтырғы жүктелген міндетті асыра орындаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес, 2018-ші жылы Жамбыл облысы бойынша 1 мың тонна сиыр және 1,5 мың тонна қой еті экспортқа шығарылуы тиіс болатын. Ал, облыстың тауар өндірушілері жоспарды артығымен орындап, экспортқа 1014,1 тонна сиыр және 1659,1 тонна қой етін шығарған. Ал, биылғы жаспар былтырғыдан әлдеқайда көп. 1,5 есе. Сиыр етін экспорттау бойынша биылға бекітілген жоспарға сәйкес облыстан 1500 тонна сиыр еті экспортқа шығарылуы тиіс. Жыл басынан бері тауар өндірушілер 862,7  тонна сиыр етін экспортқа шығарып, жоспардың орындалуы 57,5 пайызды құраған. Сонымен бірге 671,2 тонна қой еті экспортталған.

Енді облыстағы сүт шаруашылығы жайында тоқталсақ. Өңірде алдағы жылдары біршама жаңа сүт фермалары ашылмақ. Жамбыл облысындағы сүт бағыты бойынша мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімді концепция қабылданып, облыста 2018-2027 жылдар аралығында жаңа 61 сүт-тауар фермасы іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл 61 сүт-тауар фермасының биылға тиесілісі төртеу.

Фото: baribar.kz

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.