Бұлар – айқын ақын, жазушы емес

Бағашар Тұрсынбайұлы - 04.09.20192235

Азаматтық позиция және сіз

Әр азаматтың өз көзқарасы бар. Бірақ барлық адамның өз түсінігі жоқ. Жалпы, адам деген екі аяқты пенденің бәрінің өз билігі өзінде бола бермейді. Ол түсінікті. Енді сізге келейік. Сіз деген елімізге құрметті жазушысыз, әрине. Бәлкім, ақынсыз. Сыншысыз, драматургсіз, журналиссіз. Мүмкін, бас редакторсыз, бұрынғы редакторсыз. Бәрібір. Әйтеуір, қалам ұстаған жансыз. «Әдебиет – ардың ісі», – депті Зейнолла Қабдолов. Одан бұрын Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» да кезігеді бұл атақты ұран. Рас, әдебиет әрқашан ардың ісі болып қала береді. Қай жазушы өзінің даңқты романын жанын азапқа салмай жазыпты?! Жүрегі ауырмай қалам тербеген публицисті білесіз бе? Жоқ. Бұл «жоқтың» бүгінгіге қатысы жоқ. Бұл бұрынғы жоқ. Ал бүгінгі ақыныңыз да, жазушыңыз да, сыншыңыз да, публицисіңіз де – әй, бәрінің де айқындаушы күші жоқ. Бұлар – айқын ақын, жазушы емес. Өйткені азаматтық позиция жоқ. Жас ақын Жанат Жаңқашұлы осы бір сөзді перефраза жасап, «Әдебиет – пиардың ісі» деп еді. Рас шығар. Қазір әдебиет айдынында жарнамасы көптер атақтырақ. Мейлі. Тіпті оның өзі ардан соншалықты аттай қоймайды. Өйткені адам баласы әу бастағы жаратылысынан әлсіз. Нәпсіге берілгіш. Қанша жерден мықты ақын, жазушы болсын атақты болуды қалап тұрады. Оны ар сотына апарып салудың да қажеті жоқ. Өйткені ол – табиғи қалау. Енді табанының бүрі жоқ, кімнің жемісі піссе, соның тауығы болған сіздерді қайда қоямыз?! Елдің жайы, жұрттың күйі кімнің аузымен айтылады? Қазір билік ешкімді тыңдамай-ақ қойсын. Бірақ сіз азаматтық позициясы бар адам ретінде өз ойыңызды айтуыңыз керек. Билік айт деген сөзді емес, өз ойыңызды. Тағы қайталап айтамыз, тек өз ойыңызды.

Бірақ қазір сізде ой бар. Бірақ өз ойыңыз жоқ. Тіпті болса да, ол айтылмаған соң, жоқ қой. Жазушы марқұм, сіздің әріптесіңіз, біздің ағамыз Дидахмет Әшімханұлы: «Мен сөз өнерiнiң адамымын. Әрi айтқанда – жазушы, берi айтқанда – қатардағы баспагермiн. Бiрақ қоғамдық өмiрдiң көрiгi күркiреп, үлкен оқиғалардың қазаны бұрқ-сарқ қайнай түскен тұста бiр тасадан бәрiн сырттай бақылап, «қай жеңгенiң менiкi» деп, мысық тiлеумен мұртымды сылап қана отыра алмаймын. Мұндай сәтте бұлай отыру ұлт зиялысын былай қойғанда, кез келген азаматтың азаматтығына сын деп бiлемiн. «Ақын болу ­–  мiндет емес, азамат болу – парыз» дегендi мектепте Некрасовтан, «Азаматтық позиция – айқындаушы күш» дегендi жас жазушы кезiмде Сағат ағамнан құлағыма құйып өскенiм және бар. Яки iс азаматтыққа тiрелгенде, Толстойша айтқанда, «Не могу молчать!»

Екiншiден, азаматтық позиция жеке адамның өмiрдегi өз ұстаным-көзқарасынан, өз пайым-түсiнiгiнен, өз бағам-бағасынан туындап, сонысымен айқындалатын тұсы тағы бар. Сондықтан мен алдағы сайлау, қазiргi сайлауалды жағдайлар, содан соң ел, елбасы, қоғамдық кейбiр мәселелер туралы ойларым мен түйгендерiмдi «сiз» деп сызылмай, «бiз» деп көптiң атынан көсемсiмей, ыңғайсыз да болса «мен» деп, бiрiншi жақтан айтуды жөн көремiн. Яки Абайша айтқанда, «Өз сөзiм өзiмдiкi» деп, өз ойын ірікпей ортаға салар еді. Осы Дидағаң мысал етіп отырған Сағат Әшімбаев: «Аза­мат­тық және немқұрайдылық... Бұлар от пен судай, бір-бірімен еш уақытта одақтаса ал­майтын және ешқашан да ортақ тіл табысуы мүмкін емес одағай нәрселер. Яғни бұл екеуі жақсылық пен жамандық секілді бірін-бірі іштей де, сырттай да жоққа шыға­рып отыратын бір-біріне мүлде кереғар ұғым­дар», – дейді. Демек, Дидахмет Әшімханұлы өз кезегінде ұлт алдындағы мәселеге немқұрайды қарай алмаған. Ал бүгін ше? Бүгін біз бірен-саран жазушыларды ғана көреміз. Олардың өзінің ішінде есебі бар. Сіз кешіріңіз.

Басқа – басқа, дәл қазір елдің бітпейтін жарасын айтуымыз керек. Сіз деп отырмыз ғой, оған біз де кіреміз. Бұрын Назарбаевтың билігі кезінде, жарайды, бір адамды ғана мақтадық. Мақтауымыз жеткен жерге дейін мақтадық. Тіліміз жеткен жерге дейін мадақтадық. Қиялымыз жеткенге көтеріп, ойымыз жеткенше атақ бердік. Оның заманында жамандайтын бір нәрсе – Кеңес өкіметі еді. Бұрын ештеңе болған жоқ, енді бәрін жасап бердік! Міне, осы сөзді естіп келдік. Енді Тоқаевтың заманы туды. Билікке келді. Таққа отырды. Кешегі жолдауының тақырыбының өзі қоғаммен байланыс. Диалог. Осы диалог қалай орнайды? Қоғамның азаматтық позициясы болған кезде... Сізде азаматтық позиция болған кезде...

Назарбаевтың отыз жылында біз шықпаған ұшпақ қалған жоқ. Елу елдің қатарына еніп, Азияның барысына айналып, енді отыздыққа қадам басыппыз. Енді Тоқаев осы қадамдардың дұрыс-бұрысын есту керек қой. Жаңа билік келіп, онымен ауыз жаластық деп, ештеңені ұмытуға болмайды. Өз ойыңды айту – билікке қарсы болу емес. Қайта билікпен бірге болу. Ақылдасу. Өз айтқаныңды істету емес – азаматтық қоғам болу деген. Ақылдасып шешу. Енді ше? Онда неге сіз үндемейсіз? Бұрын Назарбаевтың кезінде билікті  атарға оғыңыз жоқ еді. Биліктен жаман нәрсе бар деп білмеуші едіңіз. Енді Тоқаев президент болғанда, оның қол астындағы адамдармен «достасып», кешегі айтқан сөздің бәрін ұмыттыңыз. Кешіріңіз, кіммен дос болу, кіммен дос болмауыңызды біз айта алмаймыз. Дегенмен сіз азамат емессіз бе?! Позицияңыз жоқ емес. «Менің принципім – принципсіздік» дегенді қою керек. Бәтуасыз мақтау. Қазір қазақ билігі мақтауға зәру емес. Отыз жылда мақтанып болды. Енді одан асыра мақтауға сөз де жоқ. Сол мақтаудың бәрін бір Назарбаевтың еншісіне қалдырайық.  Енді мақтамайық. Тұқыртпайық та. Бірақ сын айтайық, түзейік. Жазушы болған соң, ащы-қатты айту қай кезде де сізге жараспап па еді? Және сіздің сол әрекетіңіз әрқашан сізге бедел әкелетін. Сол жетпей ме, ақыным, жазушым...

Сіз жиі айтатын Марк Твен, Бернард Шоу, Лев Толстой, Достоевский,  Брехт, Ремарк – бәрі де жазушылық пен азаматтық позицияны бөліп қарамапты. 1941 жылы Брехт Гитлердің сонша зорайып кеткенінің себептерін жазады. Ремарк атақты романдарын жазады. Онысы үшін Нобель сыйлығынан да қағылады. Егер сыйлыққа барып тірелер болса... Бірақ қазір әлемде Ремарктай әлі күнге миллиондаған таралыммен тарап жатқан жазушы сирек. Өз атына да, қарындасына да, боздақтарға да, анасы да мәңгілік даңқ әперіп кетті. Ал Марк Твеніңіз Эйфель мұнарасында отырып шенеуніктерге миығынан күліп отырды. Лев Толстой «Арылуды» жазған соң, шіркеулерден бас тартты. Даниэль Дефо памфлет жазамын деп, масқаралау діңгегіне таңылды. Бұның бәрі, сол Толстойша айтқанда, «Не могу молчатьтан» шыққан дүниелер еді ғой.

 «Жазушы – қоғамның айнасы» дейміз ғой. Ол бұрын сияқты. Бұрынғы ақын-жазушыларлың шығармаларын қарасаңыз, билікпен болған арадағы жағдайдан соң, әйтеуір, бірдеңе жазылып жататын. Кеңес заманының өзінде памфлеттер жазылып, «Ара–Шмель» журналы шулап жатады дегенді талай естеліктен оқыдық. Сол заманда тура батыр болып сөйледім деген сіздің үніңіз бүгін тым бәсең.

Бүгін сіз билікті әшкерелеген қандай жазушыны білесіз? Үлкендерді айтпай-ақ қоялық. Жастарды айтыңыз. Ешкім жоқ. Бұл деген, тағы айтамыз, билікке жау болу емес. Азаматтық позициядан айырылмау. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғаммен диалог орнатамын депті. Демек, енді айтуымыз керек. Енді үндемеудің жолы жоқ. Ол беталды беттен алып, төске шабу емес. Ақылдасу, ескерту. Сынау. Қоғамды ояту. Онсыз да қоғамды ояту жұмыстары ақырын-ақырын басталып жатыр. Сіз де үндемей қалмаңыз! 

Мақала авторы:

Бағашар Тұрсынбайұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.