Қазақстанда үзбей жазып жүрген жалғыз жазушы - Назарбаевтың құдасы

Бағашар Тұрсынбайұлы - 05.09.20198229

Нұр-Сұлтан қаласында Азия қаламгерлерінің І форумы өтіп жатыр. 

Бүкіл ақпарат құралдары жазғандай форумның ашылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Тоқаевтың форумға кеп қатысуы, сөз сөйлеуі бұл шараның маңыздылығын көрсетті деді қатысушылар. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау тауып, 281 миллион 35 мың теңге бөлінген форумға ел басшысының келуі заңды. Сонымен қатар форумда панельдік дискуссиясының алғашқы бөліміне президент қатысқандықтан  Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сияқты лауазымды тұлғалар да болды. «Хабар», «Қазақстан» арналарының басшылары да қатысты. Панельдік дискуссияның президент қатысқан алғашқы бөлімінен кейін лауазымды тұлғалар да шығып кетті.


Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сөзін: «Азия ақын-жазушыларының алғашқы форумы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өткізілуде» деп бастады. Мұндай әлемдік шара Назарбаевтың бастамасымен өтіп тұратын. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин де бір топ Азия қаламгерлерін қабылдағанда бұл форумның ұйытқысы Елбасы болғанын айтыпты. Соған қарағанда Назарбаевтың әлемдік шараларды ұйымдастырудағы зор еңбегін айтпай кету мүмкін болмаған. Осыған дейін қанша халықаралық шаралар өткіздік, соның ең зоры бүгінгі Азия форумы өтіп жатқан ЭКСПО аумағы қалған  ЭКСПО-2017 шарасы да Назарбаевтың еңбегі. Айта кетейік, бұл халықаралық мамандандырылған көрмені дайындауға Қазақстан бес жыл ішінде 565 миллиард теңге жұмсаған болатын.

Қ.Тоқаев өз сөзінде Азия әдебиетінің ішінде Қазақ әдебиетінің түркі дәуірінен бергі алыптарына тоқталып, бірнеше ұсыныс, жаңалықтарын айтты. «Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни 2,5 миллиард оқырманға тарайды. Бұл – қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болмаған бірегей оқиға» деді президент. Бұл Азия қаламгерлерінің форумы да бұрын-соңды Қазақстанда болмаған І форум деп айтылып жатыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше ұсыныстарын айтып, Азияны әлемдік рухани дамудың орталығына айналдыру туралы сөз қозғады. Қазіргі уақытта бұл қаншалықты іске аса қоятыны белгісіз. Өйткені әр құрлық түгілі, әр халық өз руханияты үшін күресіп жатыр. Оның ішінде Азия халықтарының рухани күресі мүлде бөлек.

Президент «әралуандық үйлесімі» дей отырып, «Рухани байланыстарды кеңейту – жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі... Азия біріге алады» деді. Азияның бірігуі қай сипатта болады, ол жағы айтылмады. Егер бұл әдеби форум болғандықтан әдебиет жағынан бірігеді десек, тағы қателесер едік. Өйткені үш мыңжылдық тарихы бар Қытай әдебиеті, тамыры тереңге кеткен жапон әдебиеті мен бүгінгі қазақ әдебиетін салыстыру, тіпті, қиын. Одан бөлек, біз әлі білмейтін Азияның кішкентай мемлекеттерінің үлкен әдебиетін айтпай-ақ қоялық.  Қ. Тоқаевтың бұл пікіріне форумға қатысушы кореялық Ко Ын мырзаның сөзі қайшы боп шықты. «Жақында өткен Азия әдебиеті фестивалінің ашылу салтанатында мен Африка мен Азияны, Латын Америкасын «үшінші әлем» деп атауға түбегейлі  қарсы екенімді айттым. Бұл атау екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған еді.  Бүгінгі жағдайды зерделей отырып, Азияның әрбір бөлігі, әрбір елі, мәдениеті өзінің түпнұсқа бейнесін тапса деген ойға келдім. Азия Еуропа сияқты біртұтас емес екені анық. Еуропа ерте бірігіп, жалпы алғанда бір дінге бас ұрды. Бірақ біздің кейбір көршілер Еуропа елдерімен туыстасып кетті. Азияда мұндай тұтастық мүмкін емес. Азия табиғи ерекшеліктердің, тау мен даланың, шөл мен көлдің астасып жатқан әлемі. Осы әркелкілік әдебиетке де тән. Азияның діндері мен философиялық жүйесі де терең әрі күрделі» деді. Сонымен қатар Ко Ын: «Батысқа бағдар ретінде қараудан бас тартуымыз қажет. Латын Америкасының магиялық реализмі Еуропа әдебиетіне жаңа леп әкелді. Сол сияқты Азия әдебиеті де жаңа серпін беруі тиіс» деген ойды айтты. Міне, осы ой көкейге қонымдырақ. Жалпы форумның панельдік дискуссиясындағы осы кореялық қаламгердің пікірі көп ақын-жазушының ойынан шықты. Жалпы Африка, Азияға «үшінші әлем» ретінде қараудың тамырын жоюды айту арқылы бүкіл Азияның мәселесін көтеріп отыр. Ал одан арылудың жолдарын Қиыр шығыстағы осы Оңтүстік Корея, Жапония бастап кеткен жоқ па?!.


Ко Ын мырзаның баяндама жасауы тиіс тақырыбы «21 ғасыр поэзиясындағы жалғыздық» еді. Ко Ын жақсы ой айтқаныменнен бұл тақырып аясынын Азияға сыйдырып, жалпы поэзиядағы емес, Азияның әлемдегі «жалғыздығы» туралы айтты. Ол «үшінші әлем» туралы көзқарас тұрғысынан келді.

Катар жазушысы Моза Аль-Малки «Әлем әдебиетіндегі Азия адамының образы» тақырыбында баяндама жасауы тиіс еді. Бірақ ол кісі бірнеше әйел жазушылардың  атын атап, тақырыбын мүлде аша алған жоқ.

Моңғолиялық ақын Мэнд-Оёоо «Азия поэзиясының әлемдік әдебиетке әсері» тақырыбында баяндама жасады. Оның баяндамасы біздің сайтта жарияланды.

Малайзиядан келген Мухаммад Хаджи Саллех «Оңтүстік шығыс Азия әдебиетіндегі баяндау әдісі және оның маңызы» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. «Біздің әлем – қазір өте қиын орынға айналды. Қақтығыстар мен соғыстар жиіледі. Дәл осындай жағдайда жазушылардың негізгі рөлі – осынау әлемді жақсарту. Бұл шығармашылық тұрғыда өте күрделі процесс. Біз, жазушылар, ұзақ уақыт бойы жазып жүрміз. Әдебиеттің маңызды екенін әлемге түсіндіруіміз керек. Бірақ әдеби тілді қазір ғылым тілі ығыстырып барады» деп «Азия авторларының қауымдастығын» құруды ұсынды. Бұл ұсынысқа ұқсас сөзді Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. «Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті» деген еді президент өз сөзінде.

Ал Үндістаннан келген жазушы Амар Митра «Азия халықтарына ортақ мифтік элементтердің заманауи әдебиеттегі көріністері» тақырыбында баяндама жасауы тиіс еді. Бірақ бұл жазушы көбіне өз романдарындағы үнді мифтерін айтып, қаламгерлерді жалықтырып алды десек те болады.

Әзербайжан ақыны Анар Расул оғлы Рзаев «Түркі халықтарының әдеби мұрасы» тақырыбында сөйледі. Негізінен бір ғана «Қорқыт ата кітабы» туралы айтты.  Барлық түркі мемлекеттерін Қорқыт туралы телехикая түсіруді ұсынды. Сөз басында экс-президент Назарбаевтың әзербайжан тілінде шыққан кітабына алғы сөз жазғанын мақтан тұтанын жеткізді. «Әзербайжан мен Қазақстанды тереңге кетіп жатқан тарихи тамырластық пен ортақ дін байланыстырады. Ал қазіргі дәуірде экономика мен саясат біріктіріп тұр. Екі елдің тәуелсіздік дәуірінде  осы бірліктің негізін Гейдар Әлиев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалап кетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың Бакуде басылған кітабына алғысөз жазғаныма қуаныштымын», ­­деді Анар Рзаев.


Олжас Сүлейменов елімізде «сапалы дәуір» басталғанын айтты. Ол жайында Тоқаев пен Назарбаевтың сөздеріне мән бере сөйледі. «Бұл жайында қазіргі уақытта әрбір отбасыда талқыға түсіп жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Жолдауында жан-жақты айтылған. Ол айтқан реформалардың болуы қажет. Бірақ Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмір де жаңаруы керек. Бұл жайында, жаңа уақыт жайында таяуда ғана Нұрсұлтан Назарбаев тамаша айтып еді. Ол әлемде күштілердің емес, ақылды адамдардың дәуірі туып келе жатыр деп керемет айтты. Мұндай жан-жақты әрі нақты пайымды көптен бері естімеген едім» деген Олжас Сүлейменов жазушы Сәбит Досановқа тисе сөйледі.  «Кейінгі 20-30 жылдың шегінде өндіріп жазып жүрген жазушы - Сәбит Досанов. Бір күні Сәбит маған келіп ақша алып кетті. Сөйтіп кітаптарын бастырды. Кітабын шығарған баспа барлық таралымын өзіне беріп, «өзің сат» депті. Сәбит он шақты кітабын ғана туыстарына, достарына сатыпты. Қалғанарын сата алмай, қайтадан маған келді. Мен әкімдерге, тағы бір таныстарыма хабарласып, қол ұшын бердім. Сол Сәбиттің жолы болып, бір жақсы жермен құда болды. Елбасымен! Жазушымыздың жолы боп берді. Күнде жазатын жазушы үзбей кітабын шығаруға құлшына кірісіп кетті. Бірақ содан бері маған хабарласпайды. Енді қалған 799 жазушы қайтеді? Қайтіп күн көріп, жазудан жан рахатын тауып, жайлы тұрмыс кешпек? Олардың бәрі билікпен құдандалы бола бермейді ғой...» деді Олжас Сүлейменов. Бұл кісінің баяндамасының тақырыбы: «Қазіргі Азия қаламгерлерінің қоғамдағы орыны мен рөлі» еді...

Саудиялық Юсеф Әл-Мохаймид «Әдебиеттің терроризммен күрестегі рөлі» деген тақырыпта баяндама жасады. «Дін мен әдебиетті бір-біріне қарсы қою – көнеден келе жатқан қасірет. Өткен ғасырда да әдебиетті тұншықтыруға талпыныстар көп болды. Тіпті тарихта Нобель сыйлығының иегерін өлтіру әрекеттері де тіркелген. Араб әлемінде болған террористік оқиғалар әдебиеттен де көрініс тауып жатыр. Саудиялық ақынның жанкештілікке арнап жазған романы әдебиеттің терроризмге қарсы екенін көрсетті. «Түнгі күтпеген оқиға» сияқты сүбелі туындылар да осы терроризмге қарсы жазылды. Ауған жазушысы Халед Хоссейни де әдебиет әлеміне осы сарындас шығармаларымен танылды. Әдебиет – діннен азат, толерантты құндылық. Сауд Арабиясында жазушылар әдебиет пен журналистиканың дамуына көп үлес қосты. Бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистикалық бірлестіктердің көбі әдебиет өкілдерінің күш салуымен қалыптасты. Бүгін араб әлемінде әдебиет терроризмге қарсы тұруға тырысып жатыр. Оны оқу бағдарламасынан ысырып, жылдар бойы әдебиет пен музыкаға мектепте тыйым салынды. Соның бәрін «ислам әдебиеті» деген шымылдықпен бүркемеледі. Бірақ шынайы әдебиет өмір сүріп жатты. Соңғы бес жылда біздің әдебиетте үлкен алға жылжу бар.  Тіпті 2030 жылға арналған стратегиямызда әдебиет жетекші орын алып тұр. Қазір романдар мен повестер маңызды үнге айналды. Осылайша әдебиет негативті, хайуандық жүйеге ымырасыз күрес жариялап отыр. Деспотизм басқаратын әлемде интернет пен әлеуметтік желі арқылы жазушылардың екінші тынысы ашылды. Бейбітшіліктің жалғыз кілті әдебиетте. Әдебиет – терроризммен күрес жолындағы ең тиімді құрал екенін көрсетіп отыр», – деді.


Ибрагим Насралла «Өткен ғасырларда жоғалған тілдер мен Ұлттық әдебиеттер» тақырыбында баяндама жасады. «Мен айтатын тақырып өте кең. Оны оқу да мүмкін емес. Он бес минут сөйлесең деп айтқан еді, бірақ қазір бес минутқа қысқартып отырсыздар. Баяндаманың соңындағы өлеңді оқып бермес бұрын, бұл тақырыпқа мысал ретінде Палестинаны айтып кетейін. 1984 жылы мен Палестинада болдым. Ол жердеу менің ата-бабам қуылған ауыл болған еді. Ең бірінші сұрағаным, «соған баруыма бола ма?» еді. Өйткені Израил ол аймаққа қару шығаратын завод салған еді. Менің соңғы романымда израилдіктер қиратқан ауылды қалпына келтіретін эпизод бар. Сонда: «сендер бір халықты өлтіре аласыңдар, бірақ оның көлеңкесін ешқашан жоя алмайсыңдар. Ауыл қирар, бірақ ондағы үйлердің көлеңкелерін жерлей алмайсыңдар» деген сөз бар. Ол көлеңкелер – біздің естеліктеріміз. Біздің тіліміз. Кез келген окупация естеліктерден қорқады. Бұрын Израил құрылмай тұрып, жиырма жыл бұрын Палестинадағы ауылдардың атын өзгертетін комитет құрылған. Сөйтіп араб жеріндегі ауылдар еврей тілінде атала бастады. Бұл әрекет мемлекет құрудың алғашқы қадамы еді. Бұл тілдің өте маңызды рөлін көрсетеді» деді Ибрагим Насралла. Соңында өлеңін оқып, баяндамасымен толық таныстыра алмады.

Анатолий Ким «Қару мен қалам, даму мен сенім» тақырыбында ұзақ баяндама жасады. Якуп Омероглы «Азия қаламгерлері шығармаларындағы жаһандық қақтығыс зардаптарының көрініс табуы» тақыбырында жалпы сөйледі. Төлен Әбдік «Ғаламтордың әдебиетке әкелген жаңалығы мен кемшіліктері және болашағы» тақырыбында баяндама жасауы тиіс еді. Бірақ ол жөнінде ештеңе айтқан жоқ. Жалпы форум туралы ғана айтты.  

Бір байқағанымыз алғашқы күні Букер сыйлығының иегерлері көрінбеді. Сөйлемеді. Баяндамашыларға он бес минут регламент бекітіліп, аяқ астынан бес минутқа қысқарып қалғанға ұқсайды.

Форумға келген қазақ ақын-жазушыларының дені ­– жасы үлкендер. Жастар сирек. Оның үстіне барлығы дерлік ағылшын, өзге де шет тілін білмегендіктен бір-бірімен тәржімашы арқылы ғана сөйлеседі. Қазақ қаламгерлері бір-бірімен жолығып, арқа-жарқа боп жүр.

Мақала авторы:

Бағашар Тұрсынбайұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар