Анар ҚАБЫЛҚАҚ. Мәңгілік сағыныш

Дерек көзі: www.azattyq.org - 21.11.2018929

МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШ әңгіме Сұсты мизамшуақ дәурені ұзаққа созылмады. Қарашамен бірге жарқын өмір де жарқырап тұрған. Жазушы сырты қызыл кірпішпен қаланған біркелкі биік үйлердің бойындағы жаяу жолға түсіп, аяңдап келе жатқалы біраз болды. Баяғы дерті салдарынан әншейінде қарға адым жер мұң болып, аттап басқан сайын ауырсыну сезінетін ол құдды аяғына қанат байлап алғандай зымырайды. Қолында бояуы кеппеген Ике атасының портреті. Суретші досының мына жұмысына көңілі толғаны сонша, қуанғаннан көңілі алып-ұшады. «Барлық дертімді қолмен сылып алғандай, бойым күрт жеңілейіп сала бергені несі? Апырмау, өнер құдіретінің тылсым әсері осы ма еді? Ике көкем аруағының разы болғандағы бойыма құйған қуаты ма әлде?» Әтір сататын дүкеннің шыны қабырғасынан ішке үңіле салып еді, алуан түрлі дала гүлдерінің хош иісі мұрнына келді.  Желке тұсынан мың сан көліктің азынаған қиқуы естілген. Жаңа ғана дүние құлаққа ұрған танадай тыныш еді ғой?! Анадай жерде бұлтақтап түлкі зытып барады. Қып-қызыл жоны құбылып, тас жолдың бойымен зымырайды-ай келіп. Зып беріп бой тасалайтын шоқ шеңгел, не бір қалың жынысы жоқ, кешқұрым өркениет орманында адасып жүрген бұл неғылған мақұлық? «Соғып алатын, әттең...», - деп, сол екі ортада делебесі қозып сала берді. Таң қалғаннан, күлкі де қысып әкетіп барады. Жазушы қалта телефонын суырып, мына қызықты біреумен бөліскісі келді. Тізімде екі-ақ адамның есімі сақталып тұр, басқалары ізім-ғайым. Р-ға телефон шалып, ұзақ сөйлесті. Екеуі қашан да ұзақ сөйлесетін. «Айтпақшы, - деді Р. қош-сау бол айтысып тұрып. – А-ға телефон соқпа, өзі соқса, алма!» «Аға-ау, не болды? Оған ренжідіңіз ба, не бүлдіріп жүр ол қыз?» Байланыс үзіліп кетті. Күн күрт суытып, қар жауа бастады. Ағаш жалаңаштанып, құс мамығын қомпайтқан кез. Ылғалды ауа мөлдір шыныға айнала сала шытынай уатылып, жазушының бетіне біздей қадалып жатыр. Құлағы мен мұрнының ұшы лезде қызарып сала берген. Мойнын ішіне тығып алған ол бүгежектеген күйі тезірек үйіне жетуге асықты. Кенепке салынған картинаны мықтап орап алғаны мұндай жақсы болар ма?! Қардың қатты жауғаны сонша, жер мен көктің арасына сына қалдырар емес. «Қабат-қабат ақ пүлішті біртіндеп ысырып, жібек Қыздың бұрымын сыйпауға ентелеп келем», - деген ой жазушының бойын сергітіп, тіпті нәпсісін оятып жіберді. «Қағазға түртіп қоятын екен», - деп күліп алды ол. Үйі жеткізер емес. Әйтпесе, мына тұрған жер емес пе?! Тағы да меңіреу тыныштық орнады. Көзін ашуға мұрша бермей ұшқындаған гаухар кристалдар қаланың қиқуын, әркім бір ести қоймайтын жаңғырығын, адамдардың тілек-арманын, аһ ұрған күрсінісін бойына сіңірген бір тылсым құбылыс екенін жазушы бөгде түйсікпен сезді. Егер мынау қар лап етіп, қып-қызыл өртке айналса, тозақ отындай дүниені орап алмай ма? Суға айналса, бас бермес топан жайлап, тіршілікті лезде жуып-шайып кетер! «Апырмау, пенде баласы күнәға осыншалықты қашан батып кетіп жүр?» Жазушы шынымен айран-асыр қалды. Ақыры, өліп-талдым дегенде, таныс аулаға да аяғы ілікті-ау. Сол-ақ екен, күн артынан күн, ай артынан ай, жыл артынан жыл толассыз түтеп тұрған ақ түтек кілт саябыр тапты. Шатырды,терезе жақтауын, ағаш басында қарайған құс ұясын, жолды, балалардың ойын алаңын,аялдама төбесін, баннерлердің дөдегесін, жерасты жолының кіреберісін, өзен мен көпірді жауып тастаған ақ мамық толас тапты-ау деген сәтінде-ақ адамдардың жадыдан да өшіп үлгерді. Өмір қайтадан қайнап жүре берген. Аула іші тапталып қалыпты. Есік аузында оныншы қабатта тұратын көрші шал мен кемпір отыр. Бұларды көріп, жолында қызыл түлкіден басқа тірі жан иесін кезіктірмеген жазушының үлкен көздері жайнап сала берді. Шал мен кемпірдің өңдері жақсы, мұның сәлемін алып, шұрқырасып қалды. «Әлгі немерені бағып отырмыз», - деді. «Ғабиденді ме?» - деген бұл. Айналасына қарап еді, көзіне түскен бала жоқ, баланың аты Ғабиден екенін қайдан білетіні қаперіне тағы да түспеді. Кенеттен мұның екі беті ду етті. Ұяттан кіріп кететін тесік таппай, кілт төменшіктеп, жер шұқып қалды. «Осы қай бір жылдары, мына кісілер бұны адам деп, бесік аманаттап кеткені? Әй, өзім де оңбаймын», - деп іштей күйзеліп, подъезге қойып кетті. Үйге кіріп шай қойды. Фортепианоның үстін, рамаға салынған фотосуреттерді шаң басып қалыпты. Жазу үстеліне тақады. Алайда, ештеме жазғысы келмеді. Көңілі тоқ, қанағат сезімі бар. Мұндай халді өмірі сезініп көрмеген екен, таң қалып: «Осы мен өліп қалған жоқпын ба?» - деп ойлады. Компьютерін ашып, бір-екі жүріс жасап еді, принтер іске қосылып, көмекейінен қағазды ал кеп лақылдат. Жоқ, өлмепті. Жазушының жаны кіріп, алақанын ысқылап отыр. Аяқталған дүние –  жарыққа сәби әкелгеннен бір де кем емес. Маңдайы жіпсіп, бусанғандай күй кешті.  Принтерден толассыз шығып жатқан қағаздардың бірін алып, үңілген. Жазулардың арасынан күліп тұрған өз бейнесін көрді. Жазушының осы сәттегі көңіл-күйі тілмен айтып жеткізгісіз еді. Төрдегі натюрмортты алып тастап, орнына Икенің портретін ілген. Сол-ақ екен, сыртқы есік тарсылдады. Жағасына қара пүліш салған биязы ақ шапаны бар, өкшесі бір сүйем, биік қонышты былғары етік киген бойшаң, сұлу қазақ сәлем беріп  кіріп келгенде, жазушы аһ деп, шалқасынан түсе жаздаған. Қонағы жалғыз емес, қасында кісілері бар. Қонақтар «бісмілла» деп төрге озғанда, үй ішін алып кеткен жусан иісі мұрын жарды. Жазушы келгендердің бәрін бұрыннан етене танитындай. Әйтеуір, қуанғаннан жүрегі өрекпіп, өзі қолды-аяққа тұрмай елпілдеп кетті. Тоңазытқыш түбінде сақталған бір ет, бір май – семіз сыбағаны бұзбай салып, қазан көтеріп еді, сап-сары сүр қазы мен жал-жаяның буы лезде бұрқыратып шыға келді. Балалары пицца, суши тапсырыс беріп жататын мейрамханаға қоңырау шалған. Көп күттірмей, елпілдеген бір жас жігіт жетіп келді. Қос-қос қорап ыстық бауырсақ, басқа да оны-пұны, оған қоса шұбат-қымызын тері меспен әкеліпті. Курьер жігіт шалақазақ екен, «дастарханнан үлкен емессің, қонағым бол» деп, жата кеп жабысса да, ақшасын алған соң, рахметін жаудырып, тайып тұрды. Жазушы құрметті қонақтарымен залдағы биік үстел басында сөк қосылған қызыл-күрең шайды қаймағын қалқып ішіп, қауқылдасып отырған. – Көке-ау, өзіңіз келіп, мынау қуықтай үйшігім көк майса даладай далиып сала берді-ау! Керегем кеңейіп, жасыл жайлау болды, масатыға аунап тұрғандай болдым, - деп масайрады үй иесі. – Бұл енді мұқым қазақтың шаңырағы, лайым енді құт қана құтаймақ, әумин! - деп, бет сипасты қонақтары. Не күй, не өлең деуге келмейтін домбыраның бір сарынды әуеніне елітіп, жазушының көңіліне алаң кірді: «Қазақтың өз еркі өзінде болса ғой, шіркін! Тым құрығанда, өз эволюциясының мәнін түсінсе етті?! «Прогресс» деп қалаландырды, ал не таптық? Алдымыздағы мыңғырған мал қайда? Аяқ-табағы араласып жататын ағайын, шулағанда үйді басына көтеріп, ұйықтағанда бауырсақша шашылып жататын бала қайда? Жапанда жортқан итқұстың күні әлдеқайда артық – басында бостандығы бар. Тілің салақтап, жұмыс-жұмыс деп жүріп, бір күні сеспей қатқанда, тауық үйден қол жеткізген қуықтай пәтердің қарызын жауып үлгерсең – сол олжа. Өзің өмір бойы киіп келген қамытты балаларыңның мойнына кигізіп кете барасың сосын...» Жазушы балконға шығып, А-ның номерін тере бастағаны сол еді, кенет  бұрышта тұрған бесікті көріп қалып, көзі атыздай болды. – Ойпырмай, саған айтып берген бесік туралы сюжет есіңде ме?.. Иә, бір әдеби конкурсқа жазбақ болғам... Қайтем енді, жазушының аз табыс көздерінің бірі сол болып тұр ғой қазір... Әй, аяқтадым ол хикаятты, әне, принтер тарсылдатып, басып шығарып жатыр...  Қалай есіңде жоқ?.. Оныншы қабатта тұратын ерлі-зайыпты нәрестелі болып, ауылдан шал мен кемпір бесік арқалап келеді. Сол отбасының тағдыры туралы...  есіңе түсті ме?.. Иә, ажырасып, үйді сатып кетеді ғой бір орысқа... сол орыс қой, бірінші қабатта тұратын жазушыға бесікті әкеп беріп, «иесі іздеп келсе, бере сал, киелі зат болған соң, лақтырып жіберуге қорықтым» деп әкеп тастаған... әй, сол маған әкеп берген ғой, бұл өзі шын болған оқиға... Мен оны бір жастарға беріп жібергем негізі, бүгін сол баяғы шал мен кемпірді көріп, жаман ұялғаным-ай... сөйтсем, сол бесік балконда тұр-ей... Міне!.. Иә, кел!.. Кел, күтем!.. Кеш қарайып қалған уақыт еді.  Подъездің алдына азынап келіп, екі-үш джип көлігі тоқтай қалғанда, аңқиып, тысқа мойнын созған. Үйдің ішін жарқ еткізіп, Р. кіріп келді. «Қансонарға кетеміз», - деді ерекше дауысымен саңқ етіп. Қалжың-күлкісімен іштегілердің көңілін жадыратып, бірден баурап алды. – Мына қасымдағылар осы қаланың жігіттері,  қазақша білмейді демесең, жүрегі қазақ деп соққан нағыз ұлтжанды азаматтар, бұдан былай, бір-бірімізді жатырқамай, тізе қосып, бірге жүргеніміздің қайыры көп-ау, - деп күлді ол. Бір еңгезердей жігіт шқаптың ішінен аңға шығуға ыңғайлы, бешпет-шалбарларды лақтырып шығарып жатыр. Елмен қатар, жазушы да мұздай киініп, есік алдына шыққан. Көрші шал мен кемпір сол баяғы орнында тапжылмай отыр екен. Есік алдына шыққандар ата-әжесінің қасында ойнап жүрген жеті-сегіз жасар баланы қызық көріп, мейірленіп жатыр: – Ау, Ғабиден!  Таудай боп өс! Оқуға барып жүрсің бе? – Иә. – Оқу қалай? –  Молданың дүресі қатты, - деген баланың мойылдай көзі жасаурай қалды. Ол арқасын ашып көрсеткенде, көк шыбық оңбай тиген уыздай арқасы білеудей боп ісіп, қаны шығып тұр екен. Мұны көріп, заты көңілшек жазушы көз жасын төгіп жіберді. Ызғытып, қала сыртына қарай бет алған мәшинеде теңселіп кетіп бара жатып та, ұзаққа шейін өксігін баса алмады... Бебеулетіп-азынатып, елді де, тәртіп сақшыларын да дүрліктіріп, қала көшелерін жүйтки тіліп өтетін сүлік қара мәшинелердің ішінде найзағай жарқыратушы Зевс құдай кетіп бара жатады деседі. Оның құдайлар мекені Олимпті тастап, неліктен пенделер арасында «қиқулатып» жүргені үлкен жұмбақ. Осыны ойлап, жол бойында миығынан күліп тұрған А. келесі сәтте телефонына келген күтпеген қоңырауға таң қалып та үлгермеді. Өзіне қарсы зымырап келе жатқан көліктің жарығы бір сәт көзін қарықтырып өте шыққандай болған. Есін жиып, бір қарағанда, анадай жерге тоқтап, есігін шалқасынан ашып жіберіпті. Қос өкпесін қолына алып, жүгіріп барып отырып алды. Таксиші орыс жігіт екен, беймезгіл шақ болса да, пішіні дөңгелек қара көзілдірік тағып алыпты. – Ә, мен сені таныдым, Пе мырза, - деді әдебиетші қыз. – Негізі мені ешкім танымайды, себебі, осы кезге дейін ешкім көрген емес. – Бірақ автор ретінде елдің бәрі біледі ғой? – Ол рас. Автор ретінде атым бар, бірақ затым кім, мәселе сонда. – Қызық-ау, кітаптарыңызды кім жазады? – Нарық пен сұраныс бар жерде, миллиондарға қажет кітап жазылмай қоймайды. Айтпақшы, әдеби құлдар туралы естуің бар ма? – Әрине, мен өзім сол пақырлардың бірімін! А. көліктен түсіп, еңселі қызыл үйлерді жағалап, жүріп кетті. Қалта телефонын қолына алып еді, тізім бос, «бәрінің аты-жөні неге өшіп кеткен?» деп, екіұдай сезімде қалды. Ол жазушының пәтеріне келсе, есігі ашық тұр екен. Үй іші ақ қағазға толып кетіпті. Фәни өмірдің ірілі-ұсақты заңдылықтарына, шарттылықтары мен сандырақ-ережелеріне сүлесоқ  қарайтын жазушы кейде: – Жазушылықты қойсам, саясатқа кетем, - деп соғатын.  – Ең алдымен, мұнай компанияларының акцияларын  қара қазаққа қолжетімді еткен жөн. Табиғат ана жатырын жарып шыққан балаларының ешқайсысын  алаламайды, ана сүтін барлық баласы тел емуі керек. Бұл ештеме демей, үнсіз жымиып қояды, себебі, «балықтардың» саясатпен айналысқанын ешқашан көрмепті. Оның үстіне, қала көшелерінде сапырылысып жүретін екі аяқтылардың бәрін бірдей Жер-Ананың өз төлі деуге келе ме?  Ішінара көбісі – құлдар, келімсектер һәм табиғат ананы сауып, ақшаға қарқ болған соң, табан жалтыратуды аңсайтын қанішкіштер. Олар өздерін олигарх, шенеунік, діндар, күрескер, қайраткер, хәкім, жұлдыз, философ, патриот, пәленше-түгеншеміз дер, алайда, ақиқатында кім екендіктерін бетіне айтсаң – өлсе де сенбес еді. Әсіресе түнгі қала көшелерінде бірыңғай жын-пері жүреді дегенге жазушы күмәнмен қарайтын. Оның жүрегі үлкен еді. Қоғамдық көлікке ентелей кіріп, садақа жинайтын сұрамшақ балақанның қалбырына тиын-тебен орнына кәмпит салып жіберіп, қамкөңіл байғұсқа мейірімін төгіп жіберетін әпендінің нақ өзі болатын. Қыс бойы көпқабат үйдің жертөлесін паналаған ит-мысық пен көгершінге нан таситын өлмелі орыс кемпірді терезеден аңдып отыратын ол ізгіліктің тірі екеніне шек келтірген емес. А. үңіле беріп, үй ішіне толып қалған ақ қағаздың бірін қолына алды. Көзі  қарайған бір-ақ ауыз сөзге түскен. Артынша біреу үстінен мұздай су құйып жібергендей хал кешті. Алды-артына қарамай үйіне зымырағанда, жалдамалы құжырасына қашан жетіп жығылғанша, төбесінен әппақ парақ толассыз жауды да тұрды. Шамды сөндіріп, жатып қалған ол енді бұдан былай өмірдің мәні туралы ойламауға бекінді. Әдетте, әлеуметтік желі шатпақтарын оқып, сенсорлы телефонның бетін сипалап жатып ұйқыға кететін әдебиетші қыз смартфонын іздей бастағанда, қолдарын қап-қара түк басып, тырнақтары қап-қатты шеңгелге айнала бастағанын байқаған. Осылайша, кенеттен қырдың қызыл түлкісіне айналған ол жат, бөгде иістерден жеріп, көрпе астынан суырылып, жерге ыршып түсті. Жабық кеңістіктен көңілін беймәлім үрей билеп, терезені тұмсығымен оп-оңай итеріп ашты да, алдымен ағаштың жуан бұтағына, сосын аяғы іліккен тағы бірдеңелерге қарғи, жып-жылтыр мұз бертіне домалап түсті. Тұмсығын көкке көтере иіс аулап, әрі-бері тіміскілене айналшақтаған сүйкімді мақұлық сәлден соң беймәлім түйсігі белгі берген жаққа алды-артына қарамай, безе жөнелді. Қарашаның қара суығына жоны өрттей қызып, дала төсімен қауышуды ғана аңсап, аяғы-аяғына жұқпай бара жатып, жолда жазушыны ұшырастырған. Сымдай тартылған денесіне жұқалтаң көне кәстөмі қонбай, солбырайып, спорттық аяқ киімімен қар кешіп келе жатқан жас жігіттің қиналысына еркін түз тағысы пысқырып та қараған жоқ. Тас қаланың шетіне аяғы ілінгенде, қып-қызыл от қап-қараңғы түнекке сіңе бере, жалп етіп сөнді де, көзден ғайып болды. Фото: goldvoice.club

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.