Ермұрат Бапи орнына Жанболат Мамайды қойғысы келіпті

Алмас Нүсіп - 06.09.20192102

Ермұрат БАПИ «Ақиқат» ЖСДП төрағалығынан күтпеген жерден кетті. Істің бұлай бағыт аларын саясаткердің өзі де күтпегенін айтады. Оның негізгі жоспары мүлде басқа болыпты.

Осы оқиғаға қатысты Бапидың жақтастары жиналып өткізген баспасөз конференциясында «Ақиқат» ЖСДП-ның бұрынғы басшысы бүгінгі съезде өз еркімен орнынан кетіп, партия басшылығына саясаткер Жанболат МАМАЙДЫ қойғысы келгенін айтады.

- Жанболатты қойғым келген. Бірақ, партиядан кетем деген ой болған жоқ. Біз қазір біраз жасқа келдік, қимылдауымыз да қиындай бастаған. Осындай кезде партияға жастарды көптеп тарту өте маңызды. Мен Мамайды орныма қойған соң да оған бәріміз жан-жақтан көмектесіп, жабылып жұмыс істейміз деп ойлап едім. Оған, өздеріңіз де көрдіңіздер, жеткізбеді. Міне, сондай адамдар... – дейді Ермұрат Бапи.


Оның сөзінше «Жанболат Мамай – таза, біз сияқты былғанбаған, «Жаңа Қазақстанда» болмаған, «ескі оппозицияда болмаған жас жігіт», сол себепті, қазіргі уақытта билікке лайық қарсылас болу үшін осындай жаңа әрі жас тұлғалар керек. 

Жалпы, Бапи өзінің партиядан шығарылғанына да, төрағалықтан түскеніне де налымайтынын айтты. «Осы елдегі жалғыз оппозициялық партияны биліктің астына жығып бергеніне» налиды. Және өзін неге алып тастағанын былай түсіндірді:

- Себебі, мен осы сайлау біткеннен бастап азаматтық қоғам өкілдерімен кездесу өткіздім. Партияның басқа мүшелері болған жоқ, бақылаушылармен кездестім, сайлаудан кейін пайда болған жастар қозғалысының өкілдерімен кездестім. Жастар қозғалысының өкілдерін партияға шақырдым. Қысқасы, партияны жаңарту, жасарту қажет болды. Оның үстіне мен бірнеше сұхбатымда мәлімдеме жасадым. Біз бақылаушылардың көмегімен және халықтың қолдауымен сайлауға ешқандай ымырасыз барамыз дедік. Компрормис деген болмайды. Халық бізді қолдайды деген сенім болды менде. Бірақ, президент сайлауынан қансырап шыққан билік парламенттік сайлауға тұтасқан бақылаушылардың армиясын алып баратын ЖСДП-ны көргісі келген жоқ. Сондықтан осындай жағдай болды деп ойлаймын.

«Парламент сайлауына жаңа құрам, тың күшпен барғысы келген арманы» күл талқан болған экс-төраға әзірге ешқандай шешімге келіп үлгермегенін айтып, партияны сақтап қала алмағаны үшін кешірім де сұрады.

Айта кету керек, конференция басталғанға дейін-ақ жиналған жұрт не болып, не қойғанын талқылап тастады. Белгілі болғаны, партия съезі жоспарға сай, тып-тыныш басталған. Жоспарлар бекітілген, сөздер сөйленген. Сөйтіп, жиын аяқталар тұста күтпеген жерден Бапиға кінә тағылған. Бапи жақтастарының ойынша, мұның бәрі алдын ала ойластырылған. Бапидың орнынан кететінін, орнына Мамайды ұсынатынын білген де, алдын ала ұйымдасып, бәрін дайындап қойған. Олардың ойынша, бұл заңсыз шешім.

  - Құрметті жолдастар, бүгін біз Қазақстандағы саяси алаңдағы, саяси оппозициялық майдандағы үлкен өкінішті оқиғаға куә болдық. Мен басынан бастап бәрін көрдім. Ең алдымен бұл іс президент әкімшілігінің әрекеті. Олардың осы партияны құрту басты мақсаты болған. Өйткені, соңғы президент сайлауында оппозициялық күшті әбден сезініп қалған. Халықтың наразылығы өте жоғары деңгейде екеніне көзі жетті. Келесі парламент сайлауында билікке лайық оппозиция бола алатын ЖСДП-дан басқа ешқандай саяси партия жоқ. Сондықтан, билік өзінің провокаторларын жіберіп, оларға мүмкін ақшалай, мүмкін ертең депутат боласың деген уәде беріп, осындай іске салып отыр. Мүмкін, ақшасы көп адамдар партияны сатып алуға тырысқан да шығар. Сөйтіп, аты белгілі партияны биліктің қолына алу. Олар партияға жаңа азаматтық қоғам өкілдерінің, белсенді жастардың келе бастағанынан қорықты, - деді саясаткер Уәлихан ҚАЙСАР.

Сөйтіп, күтпеген жерден «жоспарының бәрі қыршынынан қиылған» «Ақиқат» ЖСДП төрағасы не шешім қабылдады? Ол, алғашқы сөйлеген сөзінде-ақ мынадай күтпеген соққыдан кейін ойлана алмай отырғанын, асықпай, екі-үш күнде өз өзіне келіп алып барып, қандай қадамға баратынын шешетінін айтты. Бірақ, оның жақтастарына оның мұндай шешімі ұнай қойған жоқ. Алдымен Журналистер одағының бұрынғы басшысы Сейіткқазы МАТАЕВ бастап, жиылғандардың бәрі тегіс «Ереке, берілуге болмайды, сынып кетпеңіз, оларға керегі де осы» деп дем берді.


- Мен партияның мүшесі емеспін. Бірақ, бір ауыз сөз айтайын. Жалпы, съезд заңсыз болса, онда Ермұрат емес, осында отырған партияның өзге мүшелері мәлімдеме жасау керек. Қай жерден делегат шақырылмады, кім қатыстырылмады бұл съезге. Осы жағынан. Екіншіден, бүгінгі съезд биліктің ұйымдастырған шарасы деп айтуға болады. Балам түсте маған келді де айтты (жиынға оның ұлы Әсет Матаев та қатысты. – Ред.), бірнеше партия мүшесін «охрана» кіргізбей қойған. Сосын мандатты студентке берген... Менің айтайын дегенім, сотқа берсеңдер түк болмайды, билік оны қабылдамайды. Бәрін іштен шешу керек. Партия мүшелері түгел атсалысу керек. Ереке, мен отставкаға кеттім дегенді ұмыт. Соңына дейін күресу керек, - деді Сейітқазы Матаев.

Бұдан кейін сөз алғандардың дені осы мағынада сөйледі деуге болады. Әр облыстан келген партия мүшелері, тәуелсіз бақылаушылар, азамақттық қоғам мүшелері, белсенділердің бірі соттасу керек десе, енді бірі бұл мәселені партияның ішкі жарғылары бойынша шешу керек деді. Тағы бір айта кетерлігі, кей облыстан келген партия мүшелері съезге өздерінің шақырылмағанын айтып, съездегі шешімді мойындамайтындарын, Ермұрат Бапиды әлі де партия төрағасы деп есептейтіндерін айтты.

Фотолар: tengrinews.kz және автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 



Мақала авторы:

Алмас Нүсіп

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.