Тәжік қаламгері: Үш әдеби форум өткізген Қазақстан бәрінен басып озды

Бағашар Тұрсынбайұлы - 07.09.20192432

Нұр-Сұлтанда өткен Азия елдері қаламгерлерінің І форумы аяқталды . Салтанатты жабылуына Мəдениет жəне спорт министрдің орынбасары Нұрғиса ДӘУЕШОВ қатысып, министр Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВАНЫҢ құттықтау сөзін оқып берді.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізіліп отырған алқалы жиында бас қосқан Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің лауреаттары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері, еліміздің талантты қаламгерлері әлемді тербеп, адами құндылықтарды насихаттауда байырғы мұраларды, мифтік бейнелерді жаңғырта пайдаланудың маңызы зор. Азия өркениеті туралы сөз болғанда бірден ойға оралатын Ұлы Жібек Жолының экономикалық маңызын ғана емес, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғанын ескеру қажеттігін баса көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өз баяндамасында Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды мәселелерге қаламгерлердің назарын аудартты. Мемлекет басшысының «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындау және Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құру туралы білдірген ұсыныстары баршамызға ой тастап, серпін бергені анық» депті құттықтауында Ақтоты Райымқұлова.

Форум нәтижесі Азия елдері қаламгерлеріне бірыңғай әдеби платформа орнату, қаламгерлердің шығармаларын насихаттау еді. Ол жағынан бұл форум қандай жетістікке жететінін алдағы уақыт көрсетеді. Азия елдері жазушылар одағының басшылары өзара меморандумға қол қойып, бірлесіп әдеби журнал шығаратын болды.

Тәжікстан Жазушылар одағының төрағасы Низом КОСИМ: «Форум бірлескен жұмыстардың әрі қарайғы жоспарын белгілеу үшін өте ыңғайлы алаң болды. Біз алдағы уақытта әдеби журналдар мен газеттердің бірлескен нөмірін шығаруға уағдаластық. Бұл оқырмандарымыздың өзге елдердің, көршілерінің әдеби шығармашылығымен таныс болуы үшін жасалады. Меніңше, бұл да халықтарымызды жақындастыра түсуге септігін тигізеді», – деді.

Форумның үшінші күні Азия елдерінің жас қаламгерлерімен кездесу өтті. Онда ақын-жазушылар бір-бірінің шығармаларын аудару мәселесін талқылады. Түркиядан келген Мехмед ПАРМАКСЫЗ: «Біз аудармашыларды дайындау үшін жастарды оқытуымыз керек. Онсыз аударма ісі алға баспайды. Бір-біріміздің елімізге жастарды оқу жіберсек, сонда аударма жолға қойылады» деді.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен ҚУАТ: «Осы форумға дайындық кезінде біз келетін қонақтарымызды зерттеп, газетімізде насихаттадық. Сонда Ко Ын, Мэнд-Ооёо сияқты атақты жазушыларды болмаса, көбіңізді интернеттен таба алмадық. Сіздерден өтініш осы жолы елдеріңізге барғанда осы форум туралы кеңінен жазсаңыздар. Сосын өздеріңіз туралы ақпарат жазып, бізге жіберсеңіздер. Біз де сіздерге өзіміздің шығармашылығымыз туралы жазып жіберейік» деп ұсыныс айтты.

Азия елдері қаламгерлерінің форумының сәтті өткенін айтты. Баяндамашылардың сөздері қазақ тіліне аударылып, кітап болып шығады.

«Кеңестік кеңістіктен шыққан Жазушылар одағының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – өзге елдермен, әсіресе бауырлас республикалармен мәдени байланысты жолға қойып, нығайту. Бұл орайда Қазақстан бәрімізді басып озды. Бұл елдеріңізде өтіп жатқан осымен үшінші халықаралық әдеби шара болып отыр. Мен оның екеуіне қатысқан едім. Тамаша әсер алдым», - деді Носим Косим.

Форумның жабылу салтанатында делегаттарға сертификат пен естелік сыйлық табысталды.

Фотоны автор ұсынды.

Мақала авторы:

Бағашар Тұрсынбайұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Oralkhan 09 Қыркүйек, 2019

Азия форумы жоғары деңгейде өткені үшін қуаныштымыз! Ақын-жазушыларымыз ұлықтала берсін|!

Жауап беру