Қарағанды облысында ұрланған баланың денесі табылды, күдіктіге іздеу жарияланды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 08.09.2019401

Бүгін Қарағанды облысында осыдан үш күн бұрын ұрланған үш жасар бала Максим Гарифулиннің денесі табылды. 5 қыркүйекте Шет ауданы Бұрма ауылындағы дүкен алдында ер адам баланы анасының қолынан жұлып алып, ұрлап әкеткен. Баланың денесін полицейлер бүгін таңертең ауыл маңындағы орманнан тапқан.

Ұрланған баланың денесі табылғаны туралы ақпаратты бүгін ең бірінші іздеуге атсалысқан еріктілер хабарлаған, кейінірек полиция ақпаратты растады. Еріктілердің айтуынша, баланы тұншықтырып өлтірген болуы мүмкін. Ал полицейлер сот-медициналық сараптама тағайындалғанын айтып, еріктілер болжамына байланысты түсініктеме бермеді.

Бүгін күндіз облыстық полиция департаменті брифинг өткізіп, 23 жастағы Игентай Сопыжанов есімді күдіктіні таппағанын, республика бойынша іздеу жарияланғанын хабарлады. "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Полиция дерегінше, "күдікті бұрын адам өлтіргені үшін сотталған", бірақ ақпан айында мерзімінен бұрын ерте босап шыққан. Пробациялық бақылау қызметкерлерінің әрекетіне байланысты да тергеу басталған.

Ақпарат бойынша, 600 полиция қызметкері мен ерікті ұрланған бала мен күдіктіні іздеуге атсалысқан.

Полиция дерегінше, 5 қыркүйекте Шет аудандық полициясының кезекші бөліміне Бұрма ауылының тұрғынынан "бала ұрланғаны" туралы шағым түскен. 22 жастағы әйел арадағы кірбіңге бола 23 жастағы танысының қолынан ұлын тартып алып, жасырынып қалғанын айтқан. Оқиға күндіз болған. Балаға іздеу жарияланғаны туралы хабарламаны еріктілер әлеуметтік желіде жариялады.

Олардың айтуынша, кейбір адамдар күдіктінің Қарағанды вокзалы жаққа кетіп бара жатқанын көрген.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.