Тоқаевқа жерлесі түрмеден хат жолдады

Бақытжан Әбдіраш - 09.09.20193703

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ халыққа арнаған жолдауын түрмеде жазасын өтеп жатқандар да көріп, қызу талқылап жатқанға ұқсайды. «Жас АЛАШТЫҢ» қосынына Алматы облысы Іле ауданы Жауғашты ауылында орналасқан ЛА-155/4 әйелдерге арналған колониядан Дина ЫСҚАҚОВА деген жаза өтеуші хабарласты.

Дина Ысқақова «Жас АЛАШ» тілшілеріне бұған дейін де хабарласып, түрмеде болып жатқан заңсыздықтар туралы айтқан болатын. Бұл жолы ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына қатысты пікір білдірді. «Мені бас бостандығымнан айырса да сөз бостандығынан ешкім айырған жоқ» деген Д.Ысқақова президентке мынандай өтініш білдірді:

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен Ысқақова Дина ЛА-155/4 колониясында экономикалық қылмыс жасағаным үшін жазамды өтеп жатырмын. Өзім Алматы облысы Үштөбе қаласының түлегімін. Сіздің жерлесіңізбін. Халыққа арнаған жолдауыңызды тапжылмай отырып тыңдадым. Жолдаудың қолдайтын тұстары көп, сонымен бірге мұнда айтылмай қалған нәрселер де бар. Түрмеде үш жыл отырып, заңсыздық көрсем де мемлекеттен, Сіз уәде еткен әділеттен күдерімді үзбеймін. Шын мәнінде халық әбден қажыды. Қағаз жүзінде бәрі әдемі, іс жүзінде олай емес. Жолдауыңызда қылмыстық атқару жүйесі туралы ештеңе айтылмай қалғанына қынжылдым. Сотталғандардың өмірі, сот жүйесінен зардап шегіп жүргендер туралы көп нәрседен бейхабар сияқтысыз. Сондықтан сіздің жеке қабылдауыңызға кіріп, сотталғандарға жасалып жатқан әділетсіздіктер туралы мәліметтерді айтқым келеді. Мені жеке қабылдауыңызды өтінемін. Менің осы өтінішіме «Жас алаш» арқылы жауап беруіңізді сұранамын",-дейді Д.Ысқақова.

Дина Ысқақованы 2018 жылдың маусымында Талдықорған қалалық соты алаяқтық бабымен 8 жылға бас бостандығынан айырып, рақымшылық заңын қолдана отырып, түпкілікті 3 жыл 10 ай, 18 күнге бас бостандығынан айырған. Ол бұған дейін бізге түрме әкімшілігі прокуратура органдарына колониядағы 500 әйелдің 75 пайызын жұмыспен қамтыдық деп есеп бергенімен, шын мәнінде жаза өтеушілердің 100-і де жұмыспен қамтылмағанын айтқан еді. Заң бойынша жазасының жартысын өтегендер бостандыққа мерзімінен бұрын шыға алады. Алайда түрме әкімшілігі өзіне жақпағандарға «қоңырауға дейін», яғни аяғына дейін отырасыңдар дейтінге ұқсайды.

"Түрмеде 200 миллион теңге шығын келтіргендер мерзімінен бұрын босап жатыр, 200 мың теңге шығыны барларды шығармайды. Рецидивистер, яғни қылмысты қайталап жасағандар мерзімінен бұрын босайды, екі баласы барлар шыға алмайды. Бәрі белгілі ғой. Сонда біз мерзімінен бұрын шығу үшін тағы  қылмыс жасап, пара беруіміз керек пе?" деген еді Дина Ысқақова.

Осы жолы ол мерзімнің қалғанын қоныс колониясында өтеуге толық мүмкіндігінің бар екендігін, алайда оған түрме әкімшілігі негізсіз жібермей отырғанын айтты.

- Енді 10 ай жазам қалды. Шамасы жазамды ақырына дейін түрмеде өтейтін сияқтымын, - дейді Д.Ысқақова.

Фото: fishki.net

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 

 

Мақала авторы:

Бақытжан Әбдіраш

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.