Теміртаудағы Назарбаев орталығының шығыны неге құпия?

Арай Сатыбалдықызы - 09.09.20191430

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ алғашқы еңбек жолы басталған Теміртау қаласында тұңғыш президенттің тарихи-мәдени орталығы бар. Облыстық мәдениет басқармасының мәліметінше бұл жерге келушілердің саны жылына жиырма мыңнан асады екен. Сонда шамамен Теміртаудағы тұңғыш президент орталығына айына мың алты жүзден астам, бір күнде мұндағы экспонаттарды көруге сексеннен астам адам келеді деген сөз. Қарағанды облысындағы «Жас АЛАШ» тілшісі адам қарасы бір «үзілмейтін» Теміртаудағы бірден бір бетке ұстар ғимарат саналатын тұңғыш президент тарихи-мәдени орталығына барып көрді.

Орталыққа келген бойда мұндағы мамандар бірден «қай мектептен келдіңіз, әлде балабақшадан келіп тұрсыз ба?» - деп сұрады. Бұл сауалдың қойылуына қарағанда мұнда келушілердің басым бөлігі мектеп пен балабақша қызметкерлері болғаны ғой.


Тұңғыш президенттің музейінде сабылып жүрген кісі қарасы көзге түсе қоймады. Мен орталыққа  таңертеңгі сағат 10-да кіріп, түскі сағат 12-ге дейін араладым. Осы екі сағаттың ішінде музейге бес алты бүлдіршінді ерткен балабақшаның екі тәрбиешісі келді.


Музейді емін еркін аралап суретке түскен балақайлардан кейін тағы үш адам келді. Сөздеріне қарағанда екі Теміртау тұрғыны Ресейден келген қонақтарына тұңғыш президенттің құрметіне ашылған музейді көрсетіп жүр екен. Екі сағаттың ішінде бұдан өзге музейге келушілер көзге түспеді. Бәлкім түстен кейін адамдар көптеп келді ме екен?

Тұңғыш президент тарихи-мәдени орталығына кіру бағасы ересектер үшін 250 теңге, ал балаларға 100 теңге. Экскурсия жүргізушісінің қызметін алсаңыз тағы да 500 теңге төлейсіз. Ал шетелдіктер үшін баға 400-600 теңге.

Музейді қаржыландыру көзі Қарағанды облысы әкімдігіне қарасты мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы болып саналады. «Жас АЛАШ» осыдан үш ай бұрын мәдениет басқармасынан тұңғыш президент музейін ұстап тұру үшін бір жылдық қаражаттың қанша болатыны жөнінде сұрау хат жіберген едік. Алайда мәдениет басқармасы белгісіз себептермен мәліметті үш айдан соң бір-ақ жіберді.

«Орталықтың жалпы соммасы 60 879 000 теңгелік жылдық бюджетіне негізгі еңбекақы, өтемақы төлемдері, әлеуметтік салық, мемлекеттік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, медициналық сақтандыру, материалдар сатып алу, коммуналдық төлемдер, іс сапарлық шығындар, ғимаратты ұстап түруға жұмсалатын шығындар т.б. кіреді. Заңдық күшке ие ҚР Президентінің 1995 жылы 26 желтоқсандағы "Бухгалтерлік есеп туралы" Жарлығының 10 тармағына сәйкес бухгалтерлік есептің және ішкі бухгалтерлік есеп-қисабы коммерциялық құпия деп есептеледі», - деп жауап берді Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Еркебұлан АҒЫМБАЕВ.

«Тұңғыш Президенттің  тарихи-мәдени орталығы» 2011 жылы 22 қарашада салтанатты түрде Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫНЫҢ қатысуымен ашылған болатын. Орталықтың архитектуралық көркем кеңістігінің жалпы ауданы 4560 шаршы метрді құрайды. Экспозициялық қоры қазіргі күнде 3420 дана, соның ішінде негізгі қорда 359, ғылыми-қосымша қорда 3061 жәдігер бар.

Теміртаулықтардың экс-президенттің музейіне деген көзқарастары әртүрлі. Көбісі бұл мәдени орталыққа бара қоймайтынын, тіпті бұған аса қызығушылық таныта қоймайтынын байқатты.

«Мен негізі Теміртауда осы музейге жақын маңда тұрамын, бірақ әлі бір рет те барып көрмеппін. Оның ішінде елбасының суреттері ғана бар шығар деп ойлаймын. Негізі мұнда көбінесе мемлекеттік қызметте жүретін мамандар ғана барып жатады. Назарбаевтың көлігін қойыпты деп естігенбіз, басқасын білмедім», - дейді Теміртау тұрғыны Күлзипа ТҰРСЫНОВА.

Дегенмен теміртаулықтар арасында аталмыш мәдени орталықты мақтан тұтатындар да кездесті.

«Бізге Ресейден туыстарымыз, таныстарымыз қонаққа келгенде оларды осы музейге алып келеміз. Ішінде тарихи мағлұматтарға толы жәдігерлер бар, сол себепті жиі болмаса да арасында бір барып тұруға болады», - дейді тағы бір теміртаулық Ольга ИВАНОВА.


Экс -президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған орталықтар мен музейлер еліміздің өзге өңірлерінде де бар.  2012 жылы Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫНЫҢ жарлығымен Нұр-Сұлтан қаласында «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесі құрылды. 2017 жылы туған ауылы Шамалғанда (Алматы облысы, Қарасай ауданы) Алматы облысы әкімдігі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қорының қолдауымен ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын ашты. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында 2004 жылы құрылған Тұңғыш Президент музейі де жұмыс жасап тұр.  

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

серикбай 09 Қыркүйек, 2019

Теміртауда осының музейінен басқа мәселе жоқ еді. Ұят деген болу керек қой.

Жауап беру