Белсенді Санавар Закированы Нұр-Сұлтан полициясына тергеуге шақырды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 09.09.2019260

Өздеріне немесе туыстарына шығарылған сот шешімдеріне наразы азаматтардың бастамашыл тобына жетекшілік етіп жүрген, бұған дейін партия құратынын жариялаған азаматтық белсенді Санавар Закирова Нұр-Сұлтан полиция департаментіне жауап алуға шақырылған. Белсенді бұл туралы 9 қыркүйекте полиция департаменті алдынан Facebook әлеуметтік желісі арқылы трансляция кезінде хабарлады.

Закированың сөзінше, оған табыс етілген қағазда Қылмыстық кодекстің 405-бабымен ("Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу") қозғалған іс бойынша куәгер ретінде тергеуге шақыртылатыны айтылған. Бірақ, белсендінің айтуынша, кейін полицияға келгенде оған 407-бап ("Сот төрелiгiн жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау") бойынша тергеуге шақыртылғанын телефон арқылы хабарлаған.

Жетекшілерін қолдау үшін полиция департаментіне жиналған бастамашыл топ мүшелеріне полиция өкілі Закированың бұл іс бойынша мәртебесі "жауап алу басталған соң" анықталатынын хабарлаған. Белсендінің әлеуметтік желідегі парақшасындағы видеотрансляцияда Нұр-Сұлтан полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаевтың жиналғандарды "департаменттің жұмысына кедергі келтірмей" полиция мекемесінен шығып кетуге шақырып жатқаны байқалады. Полиция департаментінің баспасөз қызметі Закированы тергеуге не үшін шақыртқанын сұраған Азаттық тілшісіне ақпаратты кейінірек беретіні туралы айтты.

Бұған дейін Закирова Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың қызметтен кетуін талап етіп 9 қыркүйекте бір адамдық пикетке шығатыны туралы әлеуметтік желіде хабарлаған. Жексенбі күні таңертең белсенді өзін полицияға тергеуге шақыртқанын хабарлап, оны партия құруына қарсы биліктің жасап жатқан кезекті кедергісі болуы мүмкін деп мәлімдеген.

Санавар Закирова жетекшілік ететін бастамашыл топ өздері әділетсіз деп санайтын сот шешімдерін қайта қарау үшін комиссия құруды талап етіп соттар, прокуратура мен үкіметтік мекемелер алдына шығып, наразылық акцияларын өткізіп жүр. 9 шілде күні Қазақстан президенті әкімшілігі ғимаратының алдына жиналған ондаған адам өздеріне немесе туыстарына қатысы бар істер бойынша шығарылған сот шешімдері мен құқық қорғау органдарының әрекетіне наразылық білдіріп, Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың қызметтен кетуін талап етіп, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге талпынғанымен онымен жолыға алмаған.

Сол күні Закированы полиция ұстап әкетіп, біраздан кейін босатқан. 10 шілдеде оны қайта ұстап, ол "бейбіт митингілер туралы заңды бұзғаны" үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Сот шешімімен келіспеген белсенді апелляциялық шағым түсірген.

6 тамызда Нұр-Сұлтан соты Закированың апелляциялық шағымын қарап жатқан судьяны бұл істен шеттету туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Биыл көктемде Санавар Закирова өздеріне мемлекеттік органдар "Біздің құқығымыз" партиясын құруға кедергі келтіріп жатқанын айтып, сотқа жүгінген.


Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.