Семей әкімдігі «Хабардың» ақпаратын теріске шығарды (видео)

Сәтжан Қасымжанұлы - 09.09.20191581

Осыдан бірер апта бұрын Семейде Қытай инвесторларының зауытты жиып қойып, «түрме салғалы жатқаны» туралы әңгіме қала ішінде де, әлеуметтік желіде де желдей ескен болатын. Онсыз да Қытай зауыттарына қатысты мың сан ақпарат өріп, ғаламторды қойып қазақтың санасын жаулап алып жатқанда мұның шынға айналарына ешкімнің күмәні қалмаған. Көпшілік көкейіндегі кірбеңнің бұлтын қоюлатқан жай – «Хабар» телеарнасының видеосюжетінен шығып отыр. Белгілі спортшы, ардагер балуан, ардагерлер арасындағы күрестен Әлем чемпионы, күрестен КСРО спорт шебері Хамит ЫСҚАҚОВТЫҢ айтуынша, даласында түрме болмаған қазақтың жеріне қытайлардың темір тор салып бермек болғаны онсыз да қоюланған қауіпті күшейтеді.

-Семейде мың жарым адамға қытайлардың түрме салмақ болғанына түбегейлі қарсымын. Рухани астанамыз Семейге Қытай инвесторларының келуі саяси қателік деп есептеймін. Бұл билік басында отырған азаматтарға үлкен сын. Бұған Семей халқы шыдамайды. Қырық жыл Семей полигонына  қарсы болған біз енді түрме салмақ болғанына төзбейміз. Мұндай іс басталатын болса, халық болып қарсы шығып, салдырмайтынымызға кепілдік беремін. Семей қытайлар келіп түрме салатын жер емес,- дейді Хамит Ысқақұлы.

Екінің бірі көріп жүрген, «Хабар» телеарнасының жаңалықтары арқылы тараған осы дүниеге орай Семей қаласы әкімдігі ресми баспасөз мәслихатын өткізбегенімен, қала әкімінің баспасөз хатшысы Роллан КЕМЕРБАЕВТЫҢ бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.

-Желі қолданушылары көрсетіп отырған бейнесюжет эфирден 2015 жылы көрсетілген. Алайда, содан бері бұған қатысты ешқандай іс басталған емес. Бүгінгі күнге дейін қала әкімдігі тарапынан Қытай инвесторларына ешқандай жер телімі бөлінген де, берілген де жоқ. Сондықтан да қала тұрғындарының алаңдауына еш негіз жоқ, -деп мәлімдеді «Жас АЛАШ» тілшісіне Семей қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Роллан Кемербаев.

Фото: factum.kz


Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.