Ақтөбеде полицейлердің туыстары митингіге шықты (видео)

Жанар Қожанова - 09.09.20194796

Ақтөбеде тергеу кезінде күдіктіні азаптаған деген айыппен сотталған төрт полиция қызметкерінің туыстары мен әріптестері сот үкімімен келіспейді. Бүгін олар облыстық прокуратура алдында наразылықтарын білдірді. Талаптары прокурорлар қылмыстық істі қайта қарап, сот әділ шешім шығарсын дейді. Сот залында қолдары кісенделген  полицейлер соттың үкімі шыққан күнге дейін  қызметте болған. Тіпті біреуі күні кеше полиция күнінде  майор шенін алыпты.


2019 жылдың 6 қыркүйек күні Ақтөбе қаласы №2 сотының судьясы Әлима ӘБДІРОВА  полицейлер Руслан ЕСАНОВ, Марат ТЕМІРҒАЛИЕВ, Асылбек ТАЛАСБАЕВ және Дастан ХОДЖИБАЕВҚА қатысты үкім шығарды. Олардың үстінен ҚР ҚК 146 бабы, 1 бөлімі, 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда полицейлер сот үкімді оқығанға дейін жазаға тартыламыз деген ойларында да болмаған сыңайлы. Төрт полицей 4-5 жылдан жаза арқалап кетті.

«Сотталған күнге дейін  жұмыс жасады. Түскі асын ішкен соң балап үйге келмеді. Егерде менің балам сондай заң бұзатын болса неге осы күнге дейін жұмыста жүрді? Екіншіден 23-шілдеде полиция күніне орай неге оған майор атағын береді? 2016 жылы  террористермен күрескенде біздің балаларымыз керек болды да енді керек болмай қалды ма? Міне, сол кезде медаль алды. Біздің талабымыз істі қайта қарасын», -  дейді Әсия МЫРЗАБЕКОВА.

 

«Бұл балаларды төрт жыл, бес жылға соттап жберіп тұр. Осы тұрғанда ата-аналары  не үшін сотталғанын білмей жүрміз. Наркоманды ұрды деген. Оны ұрмады деген құзырлы органдардың қағаздары бар. Сол қағаздардың бәрі сот залында қараусыз қалып тұр. Қазақша айтқанда өмір бойы сотталып жүрген, адам өлтіріп тоғыз жылға сотталған, есірткі тартушы есебінде есепте тұрған адамның бір жапырақ қағазына бола елді қорғап жүрген, халықтың тыныштығын сақтап жүрген төрт бірдей азаматты соттап жіберіп тұр», -  дейді Талғат ӘЙТЕНОВ.   

Әділдік іздеп жиналғандардың алдына облыстық прокурордың орынбасары  шықты. Алайда соттың үкімін әлі қолымызға алмадық деген ол жиналғандарға прокуратураға емес, сотқа барып арыздануын сұрады.

«Үкім әлі дайын емес. Барлық сұрақтарыңыз бен талаптарыңызды сотқа барып қойыңыздар», -  деді Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Ғалымжан ТІЛЕУБАЕВ.

Қызметкерлерінің істі болып, сотталғанын полиция департаментінің басшылығы біледі. Тоғыз ай бойы тергелген қылмыстық істің үкімін қолға алғаннан кейін әріптестерімізді  заң аясында қорғайтын боламыз деп отыр.

«Департамент басшысы Арыстанов қазір командировкада жүр. 15-де келеді. Осы кісілердің бәрін өзі қабылдайды. Біз жолда қалмаймыз. Жұмыс жасаймыз. Көмектесеміз», -  деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Қанат ӘЛИЕВ.


Ұлдарымыз жазықсыз, заңсыз сотталды деген жүзге жуық адам енді сотқа қайта аппеляциялық шағым түсірмекші. Оған қоса жоғарғы сот, еліміздің Бас прокуратурасына, тіпті президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА дейін іске араласуын сұрап хат жолдамақшы.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 




Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.