Марат ТӘЖИН: Абай ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың ойы мен сөзін айтты

Асмира Ермекқызы - 09.09.2019632

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

«Абай – ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзі мен ойын айтқан адамзаттың данасы. Абай – ұлттық санаға жаңа серпін беріп, білім мен ғылымды, еңбек пен табандылықты дәріптеген кемеңгер Ұстаз. Абай – қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырған Ұлы ақын. Абай – Шығыс пен Батыс дуниетанымын қазақша сөйлеткен тұлға. Әрбір қазақ Абаймен мақтану керек.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты ұлттың «мәдени кодын» сақтау болып табылады, бұл орайда, мерейтойлық іс-шаралар Абайдың рухани мұрасын сақтауға, зерделеуге және насихаттауға бағытталуы тиіс», деді Марат Тәжин.

Комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы мерейтой қарсаңындағы жоспарларға тоқталды. Ұлы хакімнің мерейтойы қарсаңында Абай шығармалары шетелдердің іргелі тілдеріне және түркі халықтарының тілдеріне аударылып, жарыққа шығарылмақ. Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер түсіріліп, халықаралық, республикалық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар өткізіледі.

Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры Түркия, Ресей және Қытайда «Абай»  операсы қойылымын сахналайды. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында «Абай оқулары», конференциялар мен симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдар, конкурстар мен олимпиадалар өткізіледі. Ғылыми жұмыстарды жүйелеу үшін ЕҰУ жанынан «Абай академиясы» құрылып, сондай-ақ абайтану бойынша ғылыми гранттар көлемі ұлғайтылады.

Мерейтой барысында «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені, Абайдың музей үйі, Құнанбай қажы әулетінің қорымы жөндеуден өткізілмек. Облыс әкімдігі Абай ауданындағы бірнеше жол учаскелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемкомиссияға Мемлекет басшысына үш бастамамен шығуды ұсынды: Семей қаласындағы әуежайға Абай есімін беру; Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп өзгерту; Қазақстанның елшіліктерінің базасында «Абай орталықтарын» құру.

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысын да өткізді.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аталған ұлы есімдер ішінде  әл-Фарабидің аты бірінші тұр. Оның мұрасы әлемдік өркениеттің игілігі болып табылады, – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Мерейтой шеңберінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында онлайн журнал шығару арқылы фарабитанушылардың халықаралық орталығын құру жоспарлануда. «әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми симпозиумге дайындық басталды. Ұлы ұстаздың еңбектері аударылып, жарыққа шығарылады, деректі фильмдер мен телерадио бағдарламалар түсіріледі. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында, ғылыми және мәдени ұйымдарында халқымыздың даңқты тұлғасының мұраларын насихаттауға бағытталған конференциялар, симпозиумдер және басқа да көптеген білім, мәдени акциялар өтеді.

Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.