Петропавлда заңсыз үкімнен моральдық зиян шеккен журналист сотта жеңді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 09.09.2019305

Петропавл қалалық №2 соты жергілікті "Квартал" газетінің шеф-редакторы Елена Кузнецованың пайдасына мемлекеттік қазынадан 700 мың теңге өндіріп алу туралы қаулы шығарған. Сот қаулысына сәйкес, журналиске бұл ақша қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғанда шеккен моральдық зиянның өтемі ретінде төленеді. Сот шешімі 20 тамызда шыққанымен ол туралы тек 9 қыркүйекте белгілі болды. "Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғаушы қоры журналиске заңсыз шығарылған үкім үшін өтем төлеуді Қазақстан тарихында болмаған оқиға деп атады.

Сотқа талап-арызды журналистің өзі берген. Іс материалдарына сәйкес, талапкер соттан моральдық зиянның өтемі ретінде бір миллион теңге (екі жарым мың долларға жуық) өндіртіп беруді сұраған.

Сот талапкер тым көп ақша сұрап отыр деп тауып, оның арызын ішінара қанағаттандырып, мемлекет есебінен журналиске моральдық зиянның өтемі ретінде 700 мың теңге (1800 долларға жуық) өндіріп алу туралы қаулы еткен. Сонымен бірге сот журналистің адвокаты мен өкілінің сот шығындарын өтеу туралы өтінішін қанағаттандырған.

Журналиске қарсы қылмыстық іске өткен жылғы қарашада газетте екі шаруашылық субъектісі арасындағы мүлік дауы туралы жарияланған екі мақала себеп болған. Мақалалар кейіпкерлері "жала жапты" деп журналистің үстінен сотқа жеке шағым берген.

16 наурызда Петропавл қалалық соты Елена Кузнецованы кінәлі деп тауып, бір жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған. Журналист өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсірген. 18 маусымда Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі сотының апелляциялық алқасы істің құрамында қылмыс жоқ деп тауып, алғашқы инстанциядағы сот шығарған үкімнің күшін жойған. Бұдан соң Елена Кузнецова моральдық зиян шеккенін айтып, сотқа жүгінген.

Сот журналиске келген моральдық зиянды өтеу міндетін қаржы министрлігіне жүктеген. Сот шешіміне бір айдың ішінде апелляциялық шағым беруге болады.

"Әділ сөз" қорының мәліметінше, 2019 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда Қылмыстық кодекстің жала жабу немесе ар-намысқа тию баптары бойынша кемінде тоғыз журналистің үстінен сотқа шағым түскен. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстан билігін жала жабу және ар-намысқа тию баптарын қылмыстық заңнан алып тастауға шақырып келеді.


Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.