Жәкішевті қолдағандар Өскеменде көшеге шықты

Жанболат Сaнияз - 09.09.20191337

Мұхтар ЖӘКІШЕВКЕ бостандық! Бүгін Өскеменде қолдарына плакат ұстаған бір топ азамат осылай деп, көшеге шықты. Адам көп жүретін Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Абай даңғылдарының қилысындағы "Даниел" сауда үйінің алдына жиналған белсенділер, бұл әрекеттерін фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей жариялап, өзгелерден қолдау күтті.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейне жазбадағы сөздерге мән берсек, бұл азаматтар Нұр-сұлтан мен Семей сынды өзге қалалардан келген. Жергілікті жердегі азаматтар да қолдау білдіргенге ұқсайды. Сөз алғандар: 

- Мұхтар Жәкішев жазықсыз түрмеде отыр. Оған тағылған айыптардың бәрі жалған. "Қазатомпром" басшысы болып тұрған кезде еліміздің уран өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Аз уақыттың ішінде әлемнің дамыған елдеріндегі өндірістерімен санасатындай деңгейге алып шықты. Ғылыми атағы да бар азаматтың еліміздің дамуы үшін жасаған еңбегі ерекше. Бірақ бұл еңбегі ескерілмей, міне 10 жылдай уақыты түрмеде өтті. Жазықсыз түрмеде отыр. Біз әділдік іздейміз. Шындықтың орнағанын қалаймыз, – деді.

Сондай-ақ, сөйлегендер Мұхтар секілді білімді азаматты қамауда ұстау ұлтымызға жасалған үлкен қиянат деп біледі. Ол қылмыскер емес, оны абақтыда ұстау қылмыс екенін айтты. Тіпті Жәкішевтің қазақ елі, өз отанын сонша жақсы көргенін қомақты ақша ұсынып, АҚШ-қа жұмысқа шақырғанда бас тартуынан анық аңғаруға болады. 

Осы уақытта полиция қызметкерлері мен қалалық әкімшілік қызметкерлері де қарап жатпады. Қала әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері жиналғандарға түсіндіру жұмысын жүргізуге тырысып бақты.


Айта кетейік, жиналғандар ертеңгі болатын сотта Мұхтар Жәкішев босап шықса деген ниетпен келгендер. Өйткені осыған дейін Жәкішевтің жақтастарының жазған арызы бойынша облыстық сотта Мұхтардың ісі қаралады. Өткен айда Семей қалалық соты мерзімінен босап шығуын сұраған өтінішін қанағаттандырмай тастаған болатын. Одан кейін облыстық сотқа шағымданғандардың арызы бойынша қаралатын істің алғашқы белгіленген уақыты өзгеріп, қыркүйектің 10 күні сағат 16.00 ауыстырылған болатын.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Жанболат Сaнияз

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.