Whatsapp-қа прикол түсіретіндер Жетісудың туризмін дамытпақ

Ербол Ілияс - 10.09.2019683

Президент тапсырмасын орындауда үнемі үздіктер қатарынан көрінетін Алматы облысының әкімдігі өңірдегі туризмді дамыту ісін мықтап қолға алған сияқты. Осыған дейін әйгілі ВВС арнасын шақырып, туризмді насихаттау мақсатында Жетісудің табиғаты жайлы бейнеролик түсірген облыстың Ішкі саясат басқармасы бұл жолы вайнерлердің көмегіне жүгінуді жөн көрген екен.


Өткен сенбі күні бастау алған Vine Fest Zhetysu блог-турына Алматы облысының әкімдігі елге танымал 12 вайнерді шақырған. Алғашқы күні олар Талдықорған қаласында жастармен кездесіп, 15 мың жастың көңілін көтерді. 5 күнге жоспарланған шараның қалған уақытында Алматы облысының сакральды жерлерінде вайн түсірмек.


- Біз негізі уатсапқа прикол түсіретін балалармыз, яғни, вайнерміз. Роликтеріміздің бәрі өмірден алынған. Алматы облысының әкімдігі алғашқы рет шақырып отыр. Олар шақырмаған күннің өзінде сіздердің өңірге келуге дайынмын. Себебі біздің табиғат керемет қой. Оны міндетті түрде түсіру керек, насихаттау керек. Ал, сокралды орындарды аралауға шыққанда түсіретін вайндарда импровизация болады. Оған арнайы дайындалған жоқпыз, - дейді, 1миллион 200 мың жазылушысы бар вайнер Ратбек БАЙЕНОВ.

Идея авторы өңірлік "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі екен.

Бағдат НАУҚАНОВ Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі директорының орынбасары:

- Алматы облысы - табиғаты бай, туристік аймақ. Бізге Елбасының" Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында сакральды географияны насихаттау міндеті тұр. Қазір, жастардың бәрі Instagram және YouTube-ті қарайды. Сондықтан, аталған әлеуметтік желіде аудиториясы үлкен вайнерлер арқылы ішкі туризмді насихаттау дұрыс шешім деп санаймыз. Вайнерлерге қойылатын арнайы шарттарымыз бар. Мәселен, олардың жазылушылары 1 миллион адамнан кем болмауы керек. Түсіретін вайндері 1 минуттан кем болмауы тиіс. Жалпы, бұл бастамадан соң Алматы облысындағы туристік нысандарға келушілер саны артады деп есептейміз.


Алматы облысының әкімдігі осыған дейін әр жылдары "BlogCamp" республикалык блогерлер курылтайы, "Zhetysu info quest", "Аlakol summer fest" және "Аlakol open air" сынды блог-турлар ұйымдастырған болатын. Тіпті, бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ бастаған олимпиада жүлдегерлері де Алакөлге туристер тартумен айналысқан еді. Алайда, "игі шаралардан соң, Алматы облысына келушілер санын көбейді ме, жоқ па деген сауалға әлі жауап бере алмаймыз. Оны арнайы есептеумен айналысып жатқан орталық бар, жұмысын бастағанына көп болған жоқ", дейді, "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі директорының орынбасары.

Жалпы, 5 күнге созылатын бір реттік шараға Алматы облысының әкімдігі 17 791 150 теңге бөлген екен. Аталған қаражатқа вайнерлердің гонорары, жүріп-тұруы, тамағы және т.б. қажеттіліктер кіреді. Бірақ, әкімдік шақыртуын қабыл алған вайнерлер ақшаның маңызды емес екенін айтады.


«Қазақстан жастар конгресі ұйымдастырған "Жастар керуені" жобасы болған. Қателеспесем, вайнерлер 7 аймақты аралады. Мен Ақмола мен солтүстік Қазақстан облысын аралап, өзіме ұнаған және ұнамаған тұстарын аудиторияма толық жеткіздім. Әзірге облыс әкімдіктері мен туризм басқармаларына бағытталған вайндерімізге жауап қатқан жоқ. Бірақ, ара-тұра біздің ұсыныстарға құлақ түріп жатады. Қанша жерге бардық, ең басты проблема - жол. Сонымен қатар дәретханалардың жағдайын атап өтуге болады.  Осындай жағдайлардың бәрін көрсетіп, жоғарыда отырған кісілердің құлағына алтын сырға деп "намекать етуге" тырысамыз. Жастар жылы деп бізге мүмкіндік беріп отыр ғой. Аға буынның оған шамасы да, уақыты да жоқ. Сондықтан қазіргі кезде вайнер және блогерлердің ықпалы көп. Тек, мемлекет оларға қолдау көрсетіп, бірлесіп жұмыс жасаса дұрыс болар еді», - дейді жас вайнер Жансерік ҚАДІРБАЕВ.

Жоба шартына сәйкес вайнерлер "Алтын Емел" ұлттық паркі, "Шарын" шатқалы және Көлсай мен Қайыңды көлдерінде вайн түсіріп, көрермендерге таныстыруы керек. Бірақ, вайнерлер баратын сакральды аймақтардың кейбірінде әлі жол мен дәретхана жоқ.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.