Жәкішевтің сотына белсенділер мен күмәнді жандар қатар жиналып жатыр

Жанболат Сaнияз - 10.09.20191067

Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық сотында Мұхтар ЖӘКІШЕВТІ мезгілінен бұрын босату туралы өтініші қаралады. Кешкі 16:00-ге белгіленген сотқа Жәкішевті қолдап, Қазақстанның әр түкпірінен адамдар келіп жатыр. Қолына «Бостандық!» деген жазуы бар, Жәкішев және бірнеше саяси тұтқындардың суреттерін ұстаған белсенділер облыстық сот ғимаратының алдында сап түзеп тұр. Бұл туралы «Жас Алаштың» өңірдегі тілшісі оқиға орнынан хабарлайды.


- Оның жазығы биліктің айтқанына көнбегені. Ол билікпен келіспей, өз білімімен ҚазАтомПромды бірінші орынға шығарған. Дүниежүзі бойынша. Міне, қазір жайдан жай жазасын өтеп жатыр. Бұл өзі 5 баланың әкесі. Міне 10 жыл болды 5 бала әкесіз өмір сүріп жатыр. Әйелі жалғыз өзі киіндіріп, асырап отыр. Жалпы біздің билікте намыс жоқ. Мұндай таза жігіттерді отырғызып қою... Сөзім жоқ. Елім, жерім деген жігіттер түрмеде отыр. Міне, бүгін сотына келіп тұрған Мұхтар Жәкішев сияқты білімді жігіттерді қазақтың игілігіне жұмсаудың орнына түрмеге отырғызып жатыр. Осындай жігіттер билікте отырғанда қазақ халқының тағдыры мүлде басқалай болатын еді. Дамыған 30 елдің қатарына шынымен кіретін еді. Біз 30 қайда, 200-орындамыз деп ойлаймын, - дейді Семейден келген қолдаушы Орынбасар ЖӘНІБЕКОВ.


Біз жиналғандардан пікір алып тұрғанда Өскемен қалалық ішкі саясат басқармасынан өкілдер келіп, Жәкішевті қолдаушыларға «Сіздер митинг өткізу туралы заңды бұзып тұрсыздар» деп, таратпақ болып еді, жиналғандар шулап, тыңдамай қойды. Ішкі саясат басқармасынан келгендер амалсыз кетуге мәжбүр болды. Және азаматтық киіммен жүрген, күмәнді типтер (құлаққап, микрофон таққан) қаптай бастады. Әзірге белсенділердің сыртынан қарап, алыстан бақылап тұр. Айта кету керек, ұрансөздердің арасында «Қытай экспансиясына қарсымыз!» деген де жазулар бар.


Естеріңізге сала кетейік, Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр. Жәкішев саясатпен айналыспағанымен, 2013 жылы қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Жанболат Сaнияз

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.