Заречный түрмесінде "сотталушыны өлтірді" деп айыпталғандарға үкім шықты

Дерек көзі: www.azattyq.org - 10.09.2019457

Қапшағай қалалық сотының судьясы Жанат Жұматов 10 қыркүйекте Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түрмесінде отырған төрт адамды соттады. Олар түрмедегі тағы бір сотталушы 44 жастағы Қайрат Егімбаевты өлтірді деп айыпталды.

Сот үкіміне сай, Денис Шерстнёв – 13 жарым жылға, Шерзод Мирхамидов – 12 жарым жылға, Алмас Төлегенов – 11 жарым жылға, Руслан Жұматаев 9 жарым жылға сотталды. Сотталушылар үкімге шағым түсіретінін айтты. Шерзод Мирхамидов сотта «Егімбаевтың өліміне түрме әкімшілігі жауапты» деп мәлімдеме жасамақ болған еді, бірақ оны сот залынан алып кетті.

Жәбірленуші ретінде танылған Егімбаевтың әйелі Айжан Омар сот үкімін тыңдауға келмеді. Егімбаевтың қарындасы Баян Дабеева Омардың Қапшағайдан 400 км жердегі ауылда тұратынын жеткізді. Дабеева «ағасының өліміне түрме қызметкелері айыпты» деп санайды.

- Түрме жетекшілері мен қызметкерлері жауапқа тартылуы тиіс, - деді Дабеева.

Қарақшылық айыбымен 2017 жылы маусымда сотталған Егімбаев бір жарым айдан кейін Тараздағы түрмеден ЛА-155/14 мекемесіне жеткізілген. Ол Заречный кентіндегі түрмеде қалған алты жылдық жазасын өтеу үшін келген еді. Егімбаев түрмеге түскен күні таяқ жеген. Үш күннен кейін ауруханаға түскен. Кейін оған бірнеше рет операция жасалған. Егімбаев 2018 жылы 26 тамызда Қапшағай ауруханасында көз жұмды.

Егімбаевтың жақындары мен адвокат тәуелсіз медициналық сараптама жүргізуге қол жеткізген. Экспертиза оның таяқ жегенін анықтаған. Сотталушының өлімінен кейін түрме басшылығы «Қасақана денсаулыққа зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

2018 жылы қарашада құқық қорғаушы Марианна Гурина Facebook парақшасында «Егімбаев ЛА-155/14 түрмесінде қаза тапқан жетінші сотталушы екенін» жазды.

Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Қазақстан билігінен түрмедегі азаптау мәселесін шешуді сұраған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.