Тоқаев кеңесшісі ел тыныштығын үйінің төрінен іздеп жүр (видео)

Алмас Нүсіп - 10.09.20195554


Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ (штаттан тыс) кеңесшісі Мақсат ЫСҚАҚОВ әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, «Ел тыныштығын қалай сақтаймыз?» деген төтенше сұрақ қойыпты. Президент кеңесшісі бұл үндеуін өзі кеңес айтуы тиіс тікелей бастығына арнады ма, әлде, қарапайым халыққа айтқан ақылы ма, ол жағын нақтыламайды. Бірақ, үндеудің әлеуметтік желіде жариялану ретін бірден «ақпарат алмасқан заманмен» ақтап алады. Оның үстіне айтқаны орыс тілділерге де түсінікті болу үшін жүгіртпе аударма жасапты.

«Қазір ақпараттың алмасқан заманы. Осы ақпарат алмасқан заманда саясаткерлердің басты мақсаты елдің тұрақтылығын сақтап қалу. Елдің тұрақтылығын қалай сақтап қаламыз?» – деп Мақсат ЫСҚАҚОВ әлеуметтік желідегі көрерменіне сұрақты төтесінен қояды. Президент кеңесшісінің өзі осылай сөйлеп тұрған соң, елдегі жағдай тұрақсыз екен деген ой келетіні сөзсіз.

«Қазіргі кездерде жан-жақтан оқу бітіріп келген мамандар әр елдің тәжірбиесін жүргізгісі келеді. Бірақ біздің өз жолымыз бар. Өзіміздің ата-бабамыздан қалған сара жол – ғылым мен біліміміз бар», – деп бір қайырады. Осы сөйлемнен кейін кеңесшінің «Ел тыныштығын қалай сақтаймыз?» деген сұрқайы да сұмдық сұрағының құпиясы ашылғандай.  Байқадыңыз ба, «Қазіргі кездерде жан-жақтан оқу бітіріп келген мамандар әр елдің тәжірбиесін жүргізгісі келеді» дейді кеңесші. Яғни, өзі айтқан ата-баба сара жолын бұзғысы келетіндер – «жан-жақтан оқу бітіріп келгендер». Міне, біз осылардан сақтануымыз керек екен.  

«Ел тұрақтылығын сақтап қалуда біздің бабаларымыз айтады екен: «Ел болатын елдің алты қасиеті бар, ел болмайтын елдің төрт белгісі бар» деп, әлгі «жан-жақтан оқу бітіріп келгендерден» ата-баба жолымен қалай сақтанудың жолын да баяндай өтеді.

Дегенмен, ол айтқан осы алты қасиетті шамаңыз келгенше ұйқастырып, бүгінгі күнге, өзіңіздің ұстанымыңызға сай бұрып алып, пайдалана беруге болады. Әлгі біздің ауыз әдебиетінде 1-ден бастап 10-ға, 100-ге дейін кете беретін «біріншіден не жаман?» деген сияқты той-томалақтарда айтылатын зиянсыз кеңестер сияқты бір дүние. Әрине, Мақсат ЫСҚАҚОВ айтқан сөздің ішіндегі екі қасиет – «жастары – тәубешіл, халқы – сабырлы» ел – әсіресе билік үшін өте ыңғайлы. Ал, «басшысы – әділ» ел дегенді шенеуніктеріміздің қалай тәпсірлейтінін жақсы білеміз...

Президент кеңесшісінің айтуынша «әлемде болып жатқан әлеуметтік жағдайлар – дүниенің жетпейтіндігі, ақшаның жоқтығы емес», «мейірім мен махаббаттың» аздығынан болып жатыр екен. Мақсат ЫСҚАҚОВТЫҢ осы сөзіне сенбеске лажыңыз қалмайды. Себебі, видеоүндеуге түскен жеріне қарасаңыз, дүниесі жеткілікті, ақшасы баршылық, ал елге деген мейірімі мен махаббаты алабөтен көрінеді.

Айта кету керек, шешендік өнерге негізделген бұл видеоматериалдың аса салтанатты фонда түсірілгені. Материалда көзге алдымен сөйлеп тұрған автор емес, оның оң-солы, алды-артындағы құнды жиһаздар мен қымбат әшекейлер, ауыр да қалың перделер түседі. Үлкен үстелдің жартысын гүл басып тұр. Видеооператор біліп істеді ме, білмей істеді ме, камераны жарыққа қарсы қойып, сөйлеушінің жүзін бұлыңғырлап тастапты. Есесіне, президент кеңесшісінің артқы жағынан жарық, жарық дейміз-ау, нұр төгіліп тұр. Мұнысы «сөзіме ерсеңдер, нұрлы әлем менің артымда» дегендей идеологиялық емеуіріні болса керек.

Ысқақовтың галстук тағып, костюм-шалбармен шікірейіп тұрғанын көріп, бұл салтанатты фон – оның кеңсесі ме деген ой келді. Сұлулап сөйлегенді ұнататын шенеунік жұмыс кабинетін де келістіріп жасапты дедік. Бірақ, кеңсеге келіңкіремейді. Әлде, бір дөкейдің құдалығын басқаруға барып (шешендігімен аты шыққан жігіт қой), сол жерде тұрып репетиция ретінде түсіріліп қалған дүние ме екен деген де ой келді. Сөйтсек, бұл оның өз үйі болып шықты. Оны интернеттен кездейсоқ тауып алдық. «Асыл арнаның» жігіттері бұл кісі Бас прокурордың аға көмекшісі болып тұрған кезінде дәл осы үйге ауызашарға келіпті. Оны арнайы бағдарлама жасап тұрып, елге ұсынған.

Сосын, Мақсат мырзаның өз үйінде де галстук тағып, шітірейіп жүре ме деп ойладық. Бірақ, ауызашарда басқаша, ал мынаусы, халыққа сөз арнаған соң шенеунік екенім білініп тұрсын дегені шығар. Ауызашар мен біз айтып отырған видеоүндеуді жақындастыратын тағы бір ортақ белгі бар: Ол Мақсат ЫСҚАҚОВТЫҢ жұртқа ақыл айтқанда төрде тұрып (отырып) сөйлегенді ұнататыны. Және өз үйінің төрінде.

Өз үйінің төрінде тұрып президентке әлде халыққа видеоүндеу жолдайтын кеңесшінің сөзі біз ең көп естіп келе жатқан және бір лепес – «ата-бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін не істеу керек?» деген тұрлауы жоқ уағызға ұласады. Қош, сондағы кеңесшінің мақсаты не?

Елде тыныштық жоқ деген ақпаратын жеткізу ме? Әлде, бастығы Қ.Тоқаевтың «халықпен диалог құру» бастамасын қолдаған түрі ме? Егер соңғысы болса, халықпен әлеуметтік желі арқылы жүздесуінде видеоға тым болмағанда көшеге шығып түссе не етті? Өзі екі сөзінің бірінде айта беретін ата-бабамыздан және қалған «аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген нақылды ескеріп, халыққа байлығы мен дүниесін көрсетпей, аз да болсын мейірім мен махаббатпен қараса, ел де тыныш болмай ма!

Фото: youtube.com



Мақала авторы:

Алмас Нүсіп

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Уалиева Шаким Нурсагиевна. 15 Қазан, 2019

Максат Ыскаков мырза дурыс айтады: "Ата - бабамыз билектин кушимен,батыр бабаларымыздын канымен коргап,аманат етип,тастап кеткен Улан - Байтак Жеримизди,мындаган жылдар бойы ансап,ардагер азаматтарымыздын канын тогип,орасан зор кыйындыктармен кол жеткизген,Тауелсиз Мемлекетимизди калай аман сактап каламыз?..." - дейди...Оте дурыс айтады!!!

Жауап беру