Теміртауда жаңа тартыс басталды

Арай Сатыбалдықызы - 10.09.20191762

Халыққа енді ақша жоқ па?

Теміртау қаласында елуден астам көп балалы ана жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барды. Бұл туралы «Жас АЛАШТЫҢ» өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Көп балалы аналар  мемлекеттік мекемеге таңның атысынан кеш батқанға дейін жүрді. Аналар наразылығына шенеуніктердің атаулы әлеуметтік көмекті қиып тастауы себеп.

- Таңертеңнен бастап осы жұмыспен қамту бөліміне келіп отырмыз. Басында қала әкімінің орынбасары сосын бөлім бастығы шыққан еді. Олар барлығымен жеке сөйлесіп жатыр. "Бөлімнің ішінде комиссия құрдық, сол қарап жатыр" деді. Менің кішкентай үш балам бар, жұмыссызбын, балаларға қараймын. Жұбайым автобус жүргізушісі,оның тапқан табысы жетпейді. Енді берген ақшаларын көпсініп, оны алып қойып отыр, әрі ештеңе түсіндірмейді, - дейді көп балалы ана Ұлмекен ТАЛДЫБАЕВА.

Наразы болған көп балалы аналардың айтуынша, маусым, шілде айларында әр балаға атаулы әлеуметтік көмек төлеген, алайда сол қаражатты тамыздан бастап қиып тастапты. Сондай-ақ шенеуніктер көмектің не себепті берілмей отырғаны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген. Содан шыдамдары таусылған көп балалы аналар мемлекеттік мекемеге келіп, шу көтеріп жатыр.

Еске сала кетсек сәуірден бастап жаңа форматта Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Мұнда тұрмысы төмен отбасылардың әр баласына 21900 теңгеден төленетін болған. Дегенмен бұл әлеуметтік көмекті алу үшін көп балалы отбасылар түрлі құжат жинап, әуре-сарсаңға түскен еді. Енді көмекті алғанына екі ай ғана болған кейбір теміртаулық отбасылар бұл қаражаттан да айрылып отыр.

Көп балалы аналарға қолдау білдіріп жүрген қарағандылық белсенді журналист Ләззат ҚОЖАХМЕТ атаулы әлеуметтік көмекті алып отырғандарды тексеру барысында «асыра сілтеу болмау керек» деген пікір білдірді.

- Аудандарда жағдай тіпті ауыр, сынықтан сылтау іздеп атаулы көмекті тоқтатып жатыр. Қарқаралы ауданында әлеуметтік көмек тоқтаған аналарды  шенеуніктер «министрліктің жауабын күтіңіздер», деп әлі үміттендіріп отыр екен. Қарқаралы ауданының жұмыспен қамту бөлімі аналармен соттасып жатыр. Көп балалы аналардың кейбіріне «табысыңды жасырдың» деп себепсіз кінә тағуда. Аналарды соттау деген қайдан шықты? Қарағандының әлеуметтік саласына жауап берген, бұрынғы облыс әкімінің орынбасары Жандос ӘБІШЕВ бауырымен бірге мүгедектерге бөлінген 103 млн теңгені жымқырыпты. Алайда, бала-шағасы бар деген желеумен экс-шенеунік жазадан құтылып кетті. Ал Қарқаралыда үш ананы балаларына алған 21900 теңгесі үшін шырылдатып сотқа сүйреп жатыр, - деп мәлімдеді журналист.

Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Мирас ҚҰТТЫБАЙ көп балалы аналар мәселесіне қатысты кейін арнайы сұхбат беретінін айтты.

- Қазіргі уақытта мен сол көп балалы аналарды қабылдап, әрқайсымен жеке сөйлесіп отырмын. Нақты бір жалпы шешім айта алмаймыз. Әр ананың  жағдайын жеке қарап көреміз, - деді Мирас Құттыбай.

Күні бойы мемлекеттің мекеменің есігін күзеткен көп балалы аналар шенеуніктерден әлі нақты жауап алмағанын мәлімдеді.

- Мына жерде тіпті Гүлнәз деген келіншектің табысын «60 мыңды» үстінен өшіріп, маркермен «90 мың теңге» деп жазып қойыпты. Мұнда келгендердің көбіне «ақшаны заңсыз алдыңдар, қайтарасыңдар» деп жатыр. «300 мың теңгені қайтарасыңдар» деп айтқандар да болды, - дейді көп балалы ана Баян МАМИТОВА.

Фото автордікі

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.