Судья Мерхат Құрманов Жәкішевтің шағымын қанағаттандырмады

Жанболат Сaнияз - 11.09.20192323

Судья Мерхат ҚҰРМАНОВ «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар ЖӘКІШЕВТІҢ шағымын қанағаттандырмады. Сот отырысы 5 сағатқа созылып, үкім 21-00 шамасында шықты.  

Шығыс Қазақстан облыстық сотында сот отырысы айғай-шумен басталды. 16.00-ге жоспарланған сот отырысына Жәкішевтің жақтаушылары бір сағат ерте жиналды. Сот басталмай жатып, қолдарына плакат ұстап ұрандатқанын «Жас АЛАШ» бұған дейін жазған болатын.

Жалпы бұл облыстық соттағы апелляциялық істі қарау алғашында тамыз айына жоспарланған болатын. Бұған дейін бостандық сұраған шағымданушының өтінішін Семей қалалық соты қанағаттандырмаған еді. Сондықтан, Мұхтар Жәкішев пен оның қорғаушылары облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Кейінге ысырылып, ысырылып, әрі әбден кешкі уақытқа белгіленген істің үкімі әбден түнде оқылды.

Соныменен хош делік. Нағыз айқайдың көкесі дәл осы сот ғимаратының дәлізінде басталды. Сот өтетін бөлменің тарлығын айтқан қызметкерлер келушілерге басқа бөлмені ұсынды. Шағын ғана экраннан қарауға кеңес бергендердің сөзіне ашуланған ел шулап қоя берді. Ақыры сот сағат тілі 16.00-ден аса басталып кетті.


- Міне сот отырысы өтіп жатыр. Ашық сот. Алайда бізді сот залына кіргізбеді. Бөлек бөлмені берді. Ол жерде не дыбыс естілмейді. Экраннан бейне де дұрыс көрінбейді. Жәкішевтің өзін де байланысқа шығармады. Сұмдық қой мынау!дейді, Өскемен қаласының тұрғыны Альмира СҮЛЕЙМЕНОВА.

Сот отырысына Жәкішевтің бірлі-жарым қолдаушыларынан басқа екі қорғаушысы Нұрлан БЕЙСЕКЕЕВ пен Паллада ТЕПСАЕВА қатысты. Сотқа келген журналистер де санаулы болды. Республикалық 31 арна мен бірнеше сайттың тілшілерінің қатысуына рұхсат етілді. Алайда қамауда отырған әрі босатуды сұрап өтініш берген Мұхтар Жәкішевтің өзін қатыстырмады. Байланыс жасау мүмкін еместігін алға тартқан судья, тіпті онлайн режимде де қосу мүмкін болмады деді. Бұған наразы болған қорғаушылары қанағаттанбай, судьяның өзіне сенімсіздік танытты. Бұдан кейін қорғаушы үшін қосымша уақыт беріліп, жарты сағаттық үзіліс жарияланды.

Осы үзілісті пайдаланған Мұхтар Жәкішевтің қолдаушылары үлкен зал сұрап, айғайға басты. Оларды облыстық соттың төрағасы Нұрлан ҚАЙЫРБЕКОВ өзі шығып, әзер тоқтатты. Белсенділер төрағаның "араларыңыздан сенімді төрт адамды тағы да қосып кіргізейік" – дегеніне келісіп, сабырға келді. Бірақ, Жәкішевтің босап шығатынынан үміттерін үзбеді.


- Ол кісі күніне 47 таблетка дәрі қабылдайды. Үшінші топтағы мүгедек. Ондай азаматтың 5 баласының арасына қайтқанын қалаймыз. Биыл жастар жылы ғой. Жастарға әділ жолды көрсетсін! Үлгі көрсетсін! Әділдік қалай орнайтынын көрсетсін!деді, Семей қаласынан келген Бесжан КҮМІСБЕКТЕГІ.

Бір сағаттан астам үзілістен кейін сот процесі қайта жалғасты. Алғашқы өтініштері қанағаттандырусыз қалғаннан соң, қорғаушылар істі жүргізіп отырған судьяға ғана емес, сот құрамының барлығына қарсылық танытып, сенімсіздіктерін тағы білдірді.


- Мен облыстық соттық барлық құрамына сенімсіздік білдіруге мәжбүрмін. Мені дұрыс тыңдамады. Бұл біздегі соттардың әділетсіз екендігінің тағы бір дәлелі, – дейді Мұхтар Жәкішевтің қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев.

Өз дегендерінен танбай істі жалғастырған судьяның сөзінен кейін қос бірдей қорғаушы ұзақ сөйледі. Мұхтар Жәкішевтің кінәсіз екендігін айтты. Жазықсыз сотталып, өмірінің он жылы қапаста өтіп жатқанына наразылық та танытты. Бірақ судьяға ол сөздердің әсері болмаған сыңайлы. Асығыс ақылдасу бөлмесіне шығып кетіп, кешікпей қайта оралған судья Мерхат ҚҰРМАНОВ: 

- Семей сотының қаулысы өзгеріссіз қалсын! Өтініш қанағаттандырусыз қалдырылсын. Сот шешімі қайта қарауға жатпайды, – деді.


Бұған наразы болғандар әділ соттың болмағанын және болмайтынын айтып жатты. Тіпті, Финляндиядан арнайы келген Айкен ҚАЙРАНБАЙҚЫЗЫ: 

- Мұхтар Жәкішевтің қазақ еліне сіңірген еңбегі мен адалдығын күллі халық біледі. Өкінішке қарай, бәрі өзгеріссіз қалды. Қатты өкініп тұрмын. Ардақты ұлымыздың бостандыққа шыққанын көрейін деп, сонау Финляндиядан қолдау үшін келіп едім. Өте өкінішті, – дейді. 

Ал судья сенімсіздік білдірудің қажеті жоқ деп санайды.


- Бәрі де заңның аясында қаралады. Ешқандай қысым жасаудың керегі жоқ. Біз қандай да бір қателіктер жіберіп немесе дұрыс қарамады десеңіздер, барлық келіспеушіліктеріңізді жазып, жоғарғы сотқа шағымдануларыңызға болады, – деді, ШҚО сотының судьясы Қайрат ШАҚПАНТАЕВ.

Осылайша үміттері ақталмай, сот ғимаратынан әбден тарығып шыққан ел "Мұхтарға бостандық, Мұхтарға бостандық" деп айғайлап, Өскеменнің көшесін қоюлана басқан қараңғылыққа еніп кете барды. Тек қолдарындағы плакаттары ғана анда-санда айғайлаған үндерімен бірге айдың жарығына ағараңдап көрінеді...

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Мақала авторы:

Жанболат Сaнияз

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

серикбай 13 Қыркүйек, 2019

Тұз бүлінсе не істейміз Бүкіл халқаралық ұйымдарға шағыну керек. Билікткегі отырғандардың бірінші Назарбаевтың туыстарымен биліктегілердің счеттарын жабсын.

Жауап беру