11 қыркүйектегі терактіні еске алу күні Кабулдағы АҚШ елшілігі алдында жарылыс болды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.09.2019372

Ауғанстан астанасы Кабулда сәрсенбі, 11 қыркүйекте таңертең АҚШ елшілігі мен Ауғанстанның қорғаныс министрлігі ғимараты алдында снаряд жарылды. AP және AFP агенттіктерінің хабарлауынша, екі оқиға кезінде ешкім зардап шекпеген.

"Снаряд қорғаныс министрлігі ғимаратының қабырғасына тиді, ақпарат бойынша ешкім зардап шекпеді" деді Ауғанстанның қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Носрата Рохими.

АҚШ елшілігі қызметкерлерінің айтуынша, жарылыс болғаннан кейін ғимаратта дауыс ұлғайтқышпен кешен маңына зымыран түсіп, жарылыс болғанын хабарлап айтқан.

"Біз Кабулдағы АҚШ елшілігі ғимаратының жанында жарылыс болғанын растай аламыз. Америкалық [дипломатиялық] миссия қызметкерлері жарылыстан зардап шеккен жоқ" деді АҚШ мемлекеттік департаментінің қызметкері.

2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған қайғылы оқиғаны еске алу күні жарылыстар болып отыр. 18 жыл бұрын 11 қыркүйекте болған бірнеше терактіде содырлар төрт жолаушылар ұшағын айдап әкетіп, екеуін Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының ғимаратына, үшіншісін Пентагонға апарып соққан. Ал төртінші ұшақтағы жолаушылар терроршыларға қарсылық көрсетіп, ұшақ Пенсильвания штаты аумағына құлаған. Террорлық актілерден барлығы үш мыңға тарта адам қаза тапқан. Жыл сайын осы күні АҚШ пен әлемнің өзге елдерінде қайғылы оқиғаны еске алу шаралары өтеді.

Осыдан екі күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп "Талибан" қозғалысы жетекшілерімен бір жылға созылған келіссөзді тоқтатқанын хабарлаған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.