Арыста "үйлері толық бітпеген" бір топ азамат наразылық білдірді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.09.2019688

Шамамен екі жарым ай бұрын әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, жеті мыңнан астам үй зақымданған Арыс қаласында 11 қыркүйек таңертең бір топ азамат әкімдік алдына жиналып, "үйлеріне дұрыс жөндеу жүргізілмегеніне" наразылық білдірді. Кейбір азаматтар жарылыстан үйлері жарамсыз болып қалғандықтан бала-шағасымен бірге сарайда тұруға мәжбүр болып отырғанын да айтты.

Өзін 17-сектордың белсендісі ретінде таныстырған Асатулла Сүтбаев есімді азамат "құрылыс жұмыстарының бір ай бойы ойдағыдай жүргенін, одан кейін "ақша таусылып қалды" деген желеумен құрылыс жұмыстарының тоқтап қалғанын" айтты.

"Ақша жоқ" деп бәрі бет-бетімен қашып кетті. Ауылда жөнделмеген үйлер бар. Жұрттың бәрі әкімшілік алдына келіп сандалып жүр. Тек өз ауылым бойынша айтайын. Үйлердің төбесі жабылды. Әйнегі ауыстырылды. Сырты сырланды. Бірақ үйдің ішінде де жұмыстар өте көп, олар қалып қалды. Басқа жерде де жағдай солай... Биліктегілер тек халықтың аузын жабумен ғана айналысады. Неге олар Шөкеевтен көмек сұрамайды, мәселені шешуге тырыспайды?" деді белсенді.

Наразылық кезінде кейбір тұрғындар "сараптама комиссиясының тұруға жарамсыз үйлерді жарамсыз деп танудан бас тартқанына" да шағымданды. Тұрғындар жарылыстан зақымданған барлық үйді толық жөндеуден өткізуді талап етіп, бұған қоса әскери қоймадағы снарядтарды толық көшіру мәселесін қозғады.

Наразы топпен сөйлесуге Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек шығып, әкімдік ішінде сөйлесуді сұрады. Өзге наразы азаматтармен бірге әкімдікке кірген Арыс тұрғыны Мәди Қалқожаев әкімге жарылыстан үйінің тұруға жарамсыз болып қалғанын, төрт баласымен үйінің алдындағы сарайда тұруға мәжбүр болып отырғанын айтқан. Оның айтуынша, құрылысшылармен бірге сарапшылардың келуін күтіп жүргеніне екі айдан асқан.

"Күн суыды. Біз әлі сарайда өмір сүріп отырмыз. Қашанғы күтеміз?" деді ол.

Ал әкім Мұрат Қадырбек "кешке дейін мәселеңізді шешіп береміз" деп уәде берген. Әкімдікке арыз-тілектерін айтқан тұрғындар түстен кейін үйлеріне қайтқан.

Әкімдік маңында отыз шақты адам жиналып, наразылық білдіргенін Арыс
қаласының әкімдігі растады. Әкімнің баспасөз хатшысы Шара
Мұртазаеваның Азаттыққа айтуынша, жиналған тұрғындарды қала әкімі
әкімдікке кіргізіп, шағымын тыңдаған. Түсіндіру жұмысы жүргізілген.

- Тиісті мамандар шақырылып, тапсырма берілді. Әкімнің өзі де
тұрғындардың үйін аралап жүр. Тұрғындарды шағымы шешілу үстінде, -
деді ол түстен кейін Азаттық тілшісіне.

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген.

27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңінде 28 маусымда Шымкент пен көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды. Билік Арыстағы әр тұрғынға 100 мың теңге беретінін айтқан.

Бұған дейін де Арыста осыған ұқсас наразылықтар болған. Тамыз айының басында қала әкімдігіне келген бірнеше тұрғын жарылыс кезінде бүлінген үйлері жөнделмей жатқанына шағымданған.

Түркістан облыстық әкімдігі 9 қыркүйекте қалада 8600-ден астам тұрғын үй барын, 7 000-нан астам тұрғын және көпқабатты үйлерде құрылыс жұмыстары аяқталғанын хабарлаған еді.

Оқи отырыңыз: "Үйіміз тұруға жарамсыз". Арыста ондаған тұрғын жаңа үй салуды талап етеді

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.