Алтынбек және «Өркен-Горизонт»

Қанат Тілеухан - 12.09.20193561

Көрнекті мемлекет қайраткері Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ туған күні қарсаңында біз асыл азаматтың еңбек жолына көңіл бөліп, «Өркен-Горизонт» газетін қалай басқарғанын журналист Рысбек ҮРКІМБАЙДАН сұраған едік.


Рысбек аға, Алтынбек Сәрсенбайұлы басқарып тұрғанда «Өркен-Горизонт» газеті мықты шықты дегенді жиі естиміз. Өзіңіз қызмет еткен газет несімен мықты еді?

«Өркен-Горизонт», негізінен, 1988-95 жылдар аралығында  екі тілде апталық басылым ретінде шықты. Алматыдағы жоғары оқу орындарының көптиражды газеттерінің басын біріктіріп, «Өркен-Горизонт» апталығын шығарды. Өзім қызмет еткендіктен мақтағаным емес, жас та болса, біздің газетті оқырман  іздеп жүріп оқыды. Әсіресе үлкен қалаларда.  Қазір ойлап қарасам, 1990 жылдың соңына қарай, редактор Алтекеңнің кезінде, «Өркенде» аса бір тәжірибелі, мықты журналистер де жұмыс істемепті. 1990 жылы күзде теміржолдан мен келдім, Ғабит Мүсіреп, Серікқали Мұқаш деген студент жігіттер, Фируза Жақсылықова деген жас қыз болды. Тәжірибесіз, қаламымыз ұшталмаған жастар едік. Әбдіжамал Сапарқұлов жауапты хатшы, Жазира Жақсылықова деген қыз машинистка, Ұлбала Жүзеева корректор болды.  Бізден, қазақ редакциясынан гөрі орыс бөліміндегілер елге танылып қалған сақа тілшілер еді. Орыс редакциясында Владимир Зенкис, Вадим Борейко, Любовь Краснова, Галя Галкина, Сергей Кузовников, Миртай Ақшолақов, Роман Тоқбергенов, Темірлан Жиенғалиев және басқалар еңбек етті. Алтекеңнің өзі де жас қой, жастығына қарамай, орыс редакциясын мойындата білді. Аз уақыттың ішінде жастар басылымын саяси-әлеуметтік  басылымға айналдырып жіберді. «Газетке батыл пікір айтатын, көзі ашық авторларды тартыңдар» дейтін. Қазіргі мемлекеттік хатшы Марат Тәжин сол кездері КазМУ-де сабақ беретін.  Бізге «Марат Тәжин сияқты білікті мамандардан пікір алыңдар» дегеннен жаңылған емес. Сол кездері, ұмытпасам, Жаңабек Шағатайдың «Назарбаевтың бес қателігі» деген мақаласы жарық көрді. Ол уақыт оппозицияшыл партиялардың шыға қоймаған кезі.   

– Тақырыпты қалай таңдаушы еді? Жазған дүниені шығармай қоятын әдеті бар ма еді?

– Керісінше, қоғамдағы кемшіліктерді қалдырмай жазыңдар дейтін. Өзі қорықпайтын. Жазған мақалаңның шын дәлелі болса, кез келген тақырыптағы мақаланы басатын. «Саяси тақырыпқа барыңдар» деп жиі айтатын. Мәскеулік орталық басылымдарды бізге үлгі қылып көрсететін.  Бірақ, шынын айтқанда, дәл сол кезде саясатқа біздің тісіміз өте қойған жоқ. Бірде қызық болды. Жастар газетіне қазіргідей әнші-бишілерді беріп тұратынбыз. Студент Қыдырәліні (Болманов)  бірінші боп өзім жазғаным есімде қапты. Сол Қыдырәлі аты дүркіреп шығып жатқан  Жанар Айжановаға ілесіп концерт беретін. Бірде редакцияда жиналыста отырғанбыз, редактор «не ұсыныстарың бар?» деді. Мен «Жанар Айжанованы берейік» деймін. Оны естімегенсіп, басқа әңгімеге айналып кетеді. Мен тағы да «Алтеке, Жанар Айжанованы берейік. Қазір бәрі оны тыңдайды» деймін ғой. Тыңдамады. Үшінші рет тағы айттым. Сөйтсем, «сен не, Жанар Айжановаға ғашық болып қалғансың ба?» деп қойып қалғаны. Сол кез есімде. Жеңіл-желпі емес, салмақты дүниелер беріңдер деп талап қоюшы еді.

Бірақ, 1991 жылдың басында редакцияға Жанарбек Туғанбаев, Рымтай Сағымбекова, Қайрат Әлімбек, Болат Шарахымбай, Біржан Белғараев, Мақсұт Дүйсеков, Жарас Сәрсек және өзге де жаңа толқын журналистер легі келіп қосылды. Біртіндеп біз де тәжірибе жинай бастадық.  

Сіз жаңа журналистикаға теміржолдан келдім деп қалдыңыз...

Иә, солай болды. Менің алғашқы редакторым Алтекеңнің өзі. Бала күнімде журналист болу арманым еді. Алайда әпкем Нұрлытай Үркімбай «бір отбасыға бір журналист жетер, басқа мамандық таңдағаның дұрыс» деген соң теміржолшы ағамның ақыл беруімен Алматы темір жол көлігі инженерлері институтына түскенмін. 1988 жылдан бастап Алматы локомотив депосында машинистің көмекшісі болып жұмыс істедім. Ал енді менің журналистикаға келуіме түрткі болған ақын Фариза Оңғарсынова. Әпкем Фариза апаймен жақсы араласты. Апай мені көргенде «Рысбек, сен неге темір-терсектің ортасында жүрсің? Журналистикаға келмейсің бе?»  деп ылғи айтатын. Апайдың осы сөздері қамшы боп, әпкеме ойымды айтып едім бұл жолы «өзің біл» деді.

Алғаш  «Өркен-Горизонтқа» әпкем  алып барды.  Алтекең көп ойланбай, «жазып көр» деді. Сосын, «не туралы жазасың?» деп өзіме сұрақ қойды. Мен «Алматыдағы теміржолда мамандардың, оның ішінде басшылықтан бастап, қарапайым қызметкерге дейін 85 пайызы орыстар. Неге олай? Осы жағы ойландырады» деп едім, «дәл осыны жазып кел» деді. Ұмытпасам, «Жас жұмысшылардың жайын ойласақ...» деп тақырып қойып,   қазақ жастарының Алматыда қала алмайтынын, тұрақты тіркеулері жоқтықтан пәтер берілмейтінін, керісінше, Ресейдің кез келген жерінен келген орыс мамандарына үш айға жетпей Алматыдан баспана берілетінін жаздым.  Мақалам жарияланды. Қанаттанып тағы  біреуін жаздым. Дегенмен әлі де теміржолда  машинистің көмекшісі болып жүрдім.

Бір демалыстан соң редакцияға келсем, жігіттер «редактор сені іздеп жатыр» деді. Барсам, Алтекең «мақалаң ұнады, жақсы жазыпсың, бізге жұмысқа келесің бе?» деп сұрады. «Келемін» дедім мен. Ол кісі теміржолда алатын жалақымды сұрады.  Пойызға шықсам 300-400 сом,  резервте болсам 250 сом алатынымды айтып едім, редактор күлді. «Бізде ондай айлық жоқ. Қазір алсам, тілші ретінде  аламын. Ол 160 сом. Бірақ,  ашығын айтайын, 160 сомды да  бірден бере алмаймын.  Әзірге жарты ставкаға жасауың керек. Егер жақсы істеп жатсаң, онда 2-3 айдан кейін көреміз» деді. Сонымен, 300 сом айлығымды тастап,  80 сомдық  жұмысқа тұрдым. Онда 26 жастамын. Бірақ бір айдан соң толық ставкаға алды. Одан бөлек қаламақы бар.

–Алтынбек қанша жаста еді?

–Менен екі жас үлкендігі бар, 28 жаста. Бірақ өте ересек көрінеді. Сосын, сұсы бар. Бір қараған кезде мысы басып тұратын.

– Қатал ма еді?

Сырттай сұсты болғанымен, жұмыс барысында мүлдем басқа еді. Өте қарапайым, әділетті екенін аңғардым. Бастықтардың түр-түрі болады ғой. Көп бастықты көрдік. Қарамағындағыларды уысында ұстап,  мен бастықпын деп кеуде соқпайтын.  Қызметкерлердің бәріне еркіндік берді. Біріншіден, шығармашылық еркіндік береді. Адамның жеке басын сыйлай білетін. Дауыс көтеріп айқайлауды білмейді. Ар-намысыңа тиетін сөз айтпайды. Ал егер біреу  ұнамайтын болса, онда оны жұмыстан шығара салатын. Оған ұрсып, артық әңгіме айтып жатпайтын. Сосын, өз ойы бар жандарға құрметі ерекше еді. Елдің ойы өзіне ұнамауы, бұрыс-теріс те болуы мүмкін. Бірақ әркімнің өз пікіріне қарсы шығып, сөкпейтін. Редактор басымен қарапайым киінетін. Сол заманда газет-журналдардың редакторлары ықпалды еді. Бәрі Үкімет гаражынан АТГ сериялы жаңа «Волгамен» жүргенде Алтекең ғана ескі «Волга» мінді.

Сол кездері естігенімді айтсам, белгілі газеттердің редакторларында бөлімдерге кірмейтін ережесі болыпты. Анда-санда жақсы материал шығып қалса, сол бөлімге бас сұғып, тілшіні, бөлім жетекшісін бір ауыз мақтап қана кетеді екен. Әйтпесе әр тоқсанда бір мәрте редакцияны аралап шыққандай болады екен. Ал бас редактор келген кезде бүкіл журналист орындарынан тік тұрып қарсы алатын дәстүр болыпты. Және бұл жылдың  айтулы оқиғасына саналыпты. Біз Алтекеңнен ондайды көрмедік, ол қашанда тілшілердің ортасында жүрді.  

–Бұл енді 90-жылдардың басы ғой. Алтынбек жаңа форматтағы редактор, советтік бюрократиялық мінезден ада болатын кезең емес пе?

Меніңше, бәрі адамның өзіне байланысты. Редакциямыз қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында болды. Баспаханамыз Көк базардың қасында. Әдетте басқа редакцияның редакторлары бет шығып жатқанда қол қоятын бетті сол жақтан алдыртады. Яғни кезекші бетті (газеттің басуға жіберетін қатталған беті)  бас редакторға алып барып көрсетіп, қол қойғызып, баспаханаға қайтадан апаратын. Кейде түнге қарай редакторлар верстка бетін үйлеріне алдыртады. Алтекең ешкімді олай әуреге салмайтын. Беттерді көргісі келсе, баспаханаға өзі баратын.

Біз сол кезде «Қазақ әдебиетінің» корректорлар бюросының бір бұрышында екі үстел мен екі орындық қана сыятын шағын бөлмеде отырдық.   Бір күні Алтекең келіп қалды. Корректор қыз, нөмірдің кезекшісі мен және «Қазақ әдебиетінің»  бір қызметкері –  үшеуміз отырғанбыз, Алтекеңе отыратын орын жоқ. Орнымнан тұрып едім, «жоқ, отыра беріңдер, жұмыстарыңа кедергі болмайын» деді. Қашанғы әдетімен көзілдірігін төмен түсіріп бір басып қойды да, үстелдің бір шетіне қиғаштай отырып газет беттерін қарап шықты. Сосын, біз алып келген алмұрттың біреуін сұрап алып, шығып кетті. «Қазақ әдебиетінің» қызметкері ол кеткен соң, «бұл кім?»  деді.  Кім екенін айтып едік, «Осындай да бас редактор бола ма?  Біздің редакторлар корректорлардың бөліміне де келмейді. Керек болса, өздеріне шақыртады»  деп таңғалды.  

Сол совет заманында «ішімдікке қарсы күрес» деген болды. Бүкіл жүзімдіктерді отап, үй-үйлерді аралап, тексерістер басталды. Кешке қарай аялдамада отырсаң милиция машинасы тоқтап, «ішіп алмадың ба?» деп аузыңды иіскейтін. Арақ ішкеніңді біліп қойса, бірден ұстап алып кететін. Ал егер жұмысыңа ол туралы хат келсе, тіптен қиын. Жұмыстан қуыласың. Бірақ Алтекең ондайларды жұмыстан шығармайтын. Егер өз жұмысына тиянақты тілшісі милицияға түсе ме, ішімдік іше ме, ондайға мән бермейтін. Редакциямыздан  жігіттер ұсталып, кәдімгідей сот болған. Сонда Алтекең өзі  барып,  жігіттерді қорғап қалды.

Жұмыстан өзге кезде қандай еді?

Жұмыстан тыс тығыз араласқан емеспін.  Бірде үйінде болдық.  Мәскеуде оқып келіп, ҚазТАГ-та жұмыс бастаған сәтінде үкімет «Самалдан» екі бөлмелі пәтер беріпті. Кейін қала әкімі Заманбек Нұрқаділовтің кезінде екі бөлмесін үш бөлмеге ауыстырды.  Ол пәтері де «Самалда» болатын. «Жігіттер, көшейін деп едім, көмектесіп жібересіңдер ме?» деді. Әдетінше бұл жолы да бұйрық райда сөйлемеді.  Өтініш қана жасайтын. Қаламай тұрсаң, қыстамайды. Сонымен, не керек, үйіне бардық. Екі бөлмелі үйіндегі заттарын үш бөлмелі пәтеріне көшірдік. Көшірдік деген аты ғана. Буылған үш-төрт түйіншек қана. Үйінде әкесі бар екен. Сәрсенбай деген ақсақал. Бізге дастархан жайылды. Сол кездегі әдетпен дастарханға ішімдік қойылды. Бірақ Алтекең арақты аузына алмақ түгіл, әкесінің көзінше стақан да ұстаған жоқ. Сонысы маған қатты әсер етті.

Алтекең бала күнінде үй ішінің жиі көшкенін айтатын.  Әкесі ұзақ жылдар бойы колхоз басқарыпты. Аудан басшылығы Сәрсенбай ақсақалды үнемі көрсеткіші төмен колхоздарға жіберетін көрінеді. Бірнеше жылдан соң колхоз аяғына тұрып, жақсы көрсеткішке жеткен соң ол кісіні тағы бір артта қалған колхозға жібереді екен. Алтекеңнің «Сонда азғантай ғана дүние-мүлкімізді буып алып, көтеріп жүре беретінбіз» деп айтқаны есімде. Сәрсенбай ақсақал дүние, мал жинауды емес, бала-шағасының оқып-білуіне мән берген адам екен. Кейіннен жерлестерінен ол кісі жайлы көп жақсы сөздер естідім. Халқына еңбегімен қадірлі жан болған екен.

Ал жеке қарым-қатынастарыңыз қалай болды? Ренжісіп, өкпелесіп дегендей...  

– Алтекең көпшіл, сосын, әңгімешіл еді. Кейде жұмыстың соңына қарай Өнер институтының алдындағы кафеге алып барады. Кафені өзіміз «кругляшка», «стекляшка» дейміз. Сол жерде бізге шай, кофе, тәтті-пәтті алып беріп, әңгімелесіп отыратынбыз. Ол жерде де айтатынмыз газеттің жайы. «Жекеменшік, тәуелсіз газеттер болады. Олар  бюджеттен ақша алмайды, жарнамамен, оқырманының арқасында  күн көруі тиіс» дейтін. Оның сол совет заманында айтқан бұл сөздері совет идеологиясын сүйектен өткізіп алған мына біздің миымызға қонбайтын. Не айтып отыр деуші едік іштей. Мұндай форматтағы «Караван» газеті содан кейін ғана барып шықты.

Ал ренішке келсек, Алтекеңмен бірге екі жылдай еңбек еттім. Сонда маған бір-ақ рет ренжіді. Бірде мені шақырып алып, «Рысбек, КазГУ-дың Заң факультетінің деканы сағат  2-де сені күтеді. Сұхбат алып кел» деді. Түскі астың уақыты, оның үстіне ол кезде қазіргідей көлік ағылып жүріп жатқан жоқ, 10 минут кешігіп бардым. Барсам, деканым кетіп қалыпты. Содан қайтып келіп Алтекеңе айтып едім, «уақытында бардың ба?» деп  сұрады.  Өтірік айта алмадым. Өзінің бір ала көзімен қарайтыны болатын. Сол кезде бірінші рет ала көзімен қарады да, «Рысбек, қазақта «Сенген қойым сен болсаң...» деген сөз бар, соны білесің бе?» деді. «Білемін» дедім. «Білсең, бар да, жұмысыңды істей бер» деді. Міне, екі жылда маған айтқан ең ауыр сөзі – сол. Маған сол сөзі өте қатты тиді. Содан ендігәрі бір жерге жіберетін болса, 15 минут ерте барайын, ұят болады деген ұйғарымға келдім.   

Алтекең үнемі қызметкерлерінің жайын ойлап жүретін. Совет өкіметі кезінде пәтер кезегінде тұратынбыз. 1991 жылдың басында біздің редакциядағы журналистерге төрт пәтер берілетін болды. Тізімде мен төртіншімін.  Алтекең кабинетіне шақырды. «Рысбек, Қайрекең (ақын Қайрат Әлімбек – ред.) екі баласымен пәтерде қаңғып жүр. Ақын жігіт. Сенің пәтеріңді соған берсек, қалай қарайсың? Кейін тағы да аламыз. Сол кезде міндетті түрде бірінші боп өзің аласың» деді. «Бұл менің саған жасап жатқан ұсынысым. Егер бергің келмесе, өзің ал, өзің шеш» деді. Кезегімді Қайрекеңе  бердім. Бірақ  Қайрекеңе құжаттары дұрыс болмай, пәтер бұйырмады.  Мұны білген Алтекеңнің Жанарбек деген курстасы «менің де екі балам бар» деп Алтекеңе өтініш айтқан екен, оның бетін қайтара алмапты. Бірақ ол жігіт пәтерді алып алған соң, «Егемен Қазақстан» газетіне ауысып кетті. Алтекеңнің сонда қатты ренжігенін көрдім.

Сол жылдың соңында Совет өкіметі тарап кетті де, сол күйі пәтерсіз қалдым. 92-жылдың басында  үйлендім. Үйленген кезде Алтекең жатақхананы өзі тауып берді. Сол жерде тұрдым. Сөйтіп жүргенде көктемде президент пен үкіметтің аппаратына ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып кетті. Күзге қарай Ақпарат министрі болды. Құттықтауға барсам, хатшысы кіргізгісі келмейді.  «Кіріп, атымды айтыңыз, қабылдамаса жөніме кетем» дедім. «Кірсін» депті. Аман-саулық білісіп, құттықтадым. Ол кезде өзі алып берген жатақхананы босатуға тура келген. Соны айттым. Көзімше «Кітап» бірлестігінің директорына телефон шалып, сол жерден жатақхана тауып берді. Сол кезде мені министрлікке жұмысқа да шақырды. Бірақ журналистикадағы еркін жүріске үйреніп қалған басым  мемлекеттік қызметтегі тәртіпке бағынғысы келмеді. Қызметтен бас тарттым.

Одан кейін жолықтыңыз ба?

– 2005 жылы біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалдым.  Алтекең болса оппозицияда. «Айлығы тәуір газет ашып жатыр» дегенді естіп қалдым. Барып едім, қабылдады. Шаруамды айттым. Әдеттегідей  көзілдірігін көтеріп қойып: «Бала-шағаң бар ма?» – деп сұрады. «Бұл жерде қысым болады, соңыңа кісі салады, сондайларға шыдайсың ба?» деді. Шынымды айттым: «Алтеке, менің болмысым оппозицияға жақын емес. Маған бар-жоғы бала-шағаны бағатын жұмыс болса болды».  «Онда «Парасатқа» (журнал – ред.) барасың ба?» – деп сұрады. «Ол жерде  ағаңыз отыр ғой. Өте мазасыз деп естіп едім» дедім. Алтекең риясыз ашылып күлді. Рақметімді айтып қайттым. Басқа біреу болса, «қорқасың ба, азаматтық позицияң қайда?» дегендей сөздер айтатын еді.  Менің алғашқы редакторым Алтынбек ондай емес еді, адамдардың жеке ойын сыйлайтын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан

Фото: forbes.kz

РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Мақала авторы:

Қанат Тілеухан

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.