Алматы соты қырғызстандық экс-депутатқа шығарылған үкімді қайта қарай бастады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 12.09.2019868

12 қыркүйекте Алматы қалалық сотында "шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды" және "трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты" деп айыпталып, он жылға сотталған Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулуның үкімі бойынша апелляциялық сот отырысы басталды. Бұл іс бойынша жалпы саны 12 адам сотталған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот залына тек айыпталушылардың қорғаушылары, Қырғызстаннан экс-депутатты қолдап келген бірнеше адам ғана кіргізілген.

Апелляциялық сот отырысына қатысып жатқан айыпталушылар. Алматы, 12 қыркүйек 2019 жыл.
Апелляциялық сот отырысына қатысып жатқан айыпталушылар. Алматы, 12 қыркүйек 2019 жыл.

Қалған азаматтар көрші бөлмедегі монитордан сот процесін бақылауға мәжбүр болған.

Сотқа апелляциялық шағымды алты адам түсірген. Олардың арасында Есбол Жаппасов, Дамирбек Асылбекуулы, Уланбек Мурадилов, Шыңғыс Абакиров бар. Істі үш судьядан құралған сот алқасы қарап жатыр.

Биыл сәуір айында Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулун "контрабанда қылмысы" бойынша кінәлі деп тауып, он жылға соттаған. Сот бұған қоса, экс-депутатты жазасын өтеп шыққан соң елден шығарып, 5 жыл Қазақстанға кіруге тыйым салуды үкім еткен. Оның жазаны өтеу мерзімі қамауда алынған сәтінен - 2018 жылдың 15 ақпанынан бастап есепке алынады.

Асылбекуулымен бірге ұсталған 11 адамға шыққан сот үкімі мынадай:

  • Есбол Жаппасов 14 жылға сотталды.
  • Уланбек Мурадилов 10 жылға сотталды. Қазақстаннан шығарылып, елге кіруіне 5 жылға тыйым салынды.
  • Шыңғыс Абакиров 10 жылға сотталды. Қазақстаннан шығарылып, елге кіруіне 5 жылға тыйым салынды.
  • Мадияр Нұрманов 3 жылға сотталды.
  • Мұхит Тыныбаев 3 жылға сотталды.
  • Данияр Қожамқұлов 3 жылға сотталды.
  • Нұрғали Әуелбеков 3 жылға сотталды.
  • Досбол Жаппасов 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.
  • Мұхит Қазақпай 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.
  • Санжар Сәулембаев 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.
  • Қуаныш Байгелов 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.

Айыптау актісінде Асылбекуулуның 2016 жылы қарашада "депутаттық қызметін пайда табу және заңсыз баю мақсатына пайдаланып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны" айтылған. Прокурорлардың сөзінше, ол қылмыстық топты "Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге заңсыз тауар жіберу үшін басқарған".

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутаты кім еді?

Дамирбек Асылбекуулу 2018 жылы 15-16 ақпан күндері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысында өткен арнайы операция барысында ұсталған. Онымен бірге ұсталған 34 адамның арасында кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер болған. Ұсталғандардың үшеуі – Қырғызстан азаматы.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.