Орыстар қазақ тілін үйренуі үшін митингіге шығу керек

Ербол Ілияс - 12.09.20192697

Президенттік сайлаудан соң көпшіліктің сынына қалып, ел алдына шықпай жүрген саясаттанушы Дос КӨШІМ мен Расул ЖҰМАЛЫ Талдықорғанға келіп, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерімен кездесті.

Дос Көшім жиналған орыс тілді аудиторияға елдегі ономастика және қалыптасқан тілдік жағдай туралы айта бастаған. Бірақ, қоғамдық бірлестік  мүшелері ономастимка емес, қазақ тілін тиімді үйрететін әдіс туралы естігісі келетіндерін жеткізді. Оның себебі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» және «Zhetysu Media» қызметінің ұйымдастыруымен өткен басқосудың баспасөз хабарламасында  «Талдықорған қаласында үкіметтік емес ұйымдарға арналған іскерлік қазақ тілін үйрету» бойынша семинар өтеді деп жазылған.

«Бізге сіздердің айтып отырған мәселе емес, қазақ тілінде іс-қағаздарды қалай жүргізу керек, құжаттарды қазақша қалай толтырады, осыны түсіндіретін нақты әрі пайдалы семинар қажет. Біз мұндай бос әңгіме тыңдау үшін келген жоқпыз», -деді «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жанат ТӨЛЕМІСОВА

«Ұйымдастырушылар сіздерге дұрыс ақпарат бермеген» деген саясаттанушылар, ақыры ашуға ерік берген қоғамдық бірлестік өкілдерімен ымыраға келгендей болды. Ономастика мәселесін ары қарай жалғаған Дос Көшім Қазақстанда 500-ге жуық Ленин көшесі, Калинин мен Кировтерге арналған ескерткіштердің әлі күнге менмұндалап тұрғанын айтты. Ал, идеологиялық тұрғыда ескірген «коммунистическая», «октябрьская», «советская», «Сталина» сынды көше атаулары бірте-бірте азайып келе жатыр екен.

«1991 жылы Алматыда 1984 көше болды. Мониторинг жасағанымызда олардың 16 пайызы ғана Қазақстанға қатысты атау болған. Ал, қалған 84 пайызының ешқандай қатысы болмады.  Мемлекеттік саясат өзгеріп жатыр, бұл табиғи үдеріс. Сондықтан, мұндай атаулар да уақыт өте келе қазақшалануы тиіс», -деді Қазақстан Азаматтық Альянсының вице-президенті Дос КӨШІМ.

Ономастика туралы аз-кем айтылғаннан кейін әңгіме Қазақстандағы тілдік жағдайға ойысты. Қоғам белсенділерінің сынына іліккен, әдеттегідей, өз тілінде сөйлей алмайтын, тіпті, туған тілін білмейтін депутаттар, министрлер және әкімдер. Жалпы, мұндай ұят жағдай тек Қазақстанда ғана бар деген спикерлер тілдік жағдайдың өзгеріп жатқанын айтып, орыс тілді қоғамды тездетіп қазақ тілін үйренуге шақырды.


– Елбасы 2020 жылы халықтың 90 пайызы, мектеп түлектерінің барлығы қазақ тілін білетін болады деді. Соңғы статистикалық мәліметке сәйкес, қазір халықтың 83 пайызы қазақ тілін біледі. Қазақ тілділердің бәрі қос тілді болса, орыс тілділер, өкінішке орай, бір тілді ғана біледі. Уақыт өз талаптарын қояды. Бәрі өзгеріп жатыр. Қалыптасқан тілдік жағдай осылай тұра бермейді. Сондықтан барлық орыс тілді азаматтарға қазақ тілін үйрену керек. 2017 жылы қазақ тілді мектепке барған бірінші сынып оқушылары 89 пайызға жетті.  2018 жылы бұл көрсеткіш 90 пайызды құрады. Сондықтан, 10 жылдан соң, ол 100 пайызға жетеді. Сол уақытта мектеп бітіруші түлектердің 9-ы қазақ мектебінен, 1-і ғана орыс мектебінен болады,- деген саясаткер Дос Көшімнің сөзі залдағы орыс тілділерге қатты тигендей болды.

- Сіздің айтқан сөздеріңізден кейін жүгімді жинап, өзімді елден кету керек болғандай сезіндім. Себебі, мен қазақ тілін білмеймін. Олай болса, мен не бизнеспен, не жеке шаруаммен айналыса алмаймын. Демек, кетуім керек қой,–  деді жиналғандардың бірі.

Бұған саясаткер:– Меніңше, мұнай сезімнің болуы заңдылық. Біз қазақ тілінің болашағы туралы айтып отырмыз. Сіз де сіздің балаңыз да Қазақстанда тұрып жатқандықтан мемлекеттік тілді үйренуі керек. Оған өздеріңіздің ниеттеріңіз болуы керек,– деп жауап берді.

Бұл сөзден кейін жиналған орыс тілді қоғамдық бірлестік өкілдері одан сайын ашуланғандай болды.


- Қазақ тілін үйрену керек дейсіз. Бірақ оны оқытатын жақсы мұғалімдер жоқтың қасы. Мәселен, менің немерем қазақ тілін үйренгісі келеді. Бірақ, қанша жыл болды ешкім үйретпейді. Осылай жалғасып келе жатқанына 30 жыл толды ғой. Тіл дейсіздер, бірақ ешкім оны үйрете алмайды. Кім кінәлі? Меніңше, бала-бақша, мектеп және оқытушылар кінәлі, – деді тағы бір қоғамдық бірлестік өкілі. 

Дос Көшім мұндай уәжге бүй деп жауап берді: Бұған барлығын кінәлауға болады. Бірақ, бұл сіздің мемлекеттік тіл емес пе! Егер үйретпей жатса алаңға шығыңыз, бізге қазақ тілін үйретіңіз деп талап қойыңыз. Осындай талапты сіздерден бір адам  қойды ма? Меніңше, орыс тілді топтар арасынан ешкім бұлай жасаған жоқ.

Фотолар автордікі.


Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.