Баталов жаңа орынбасарын тағайындағанда да мақтанады

Ербол Ілияс - 12.09.20193059

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ жаңа орынбасары тағайындалды. 1 айға жуық бос тұрған орынға облыс әкімі аппаратының басшысы болған Батыржан Құлаймергенұлы БАЙЖҰМАНОВ тағайындалды. 

Облыс активіне шендіні таныстыру барысында өңір басшысы Амандық БАТАЛОВ соңғы кездері пайда болған әдетіне басып өзі басқарып тұрған уақытта Алматы облысының жетістігі артып жатқанын тағы атап өтті. Бүгінгі жиында көпбалалы аналарды баспанамен қамту жарысында Алматы облысы алда екені айтылды. Бірақ, бұған жергілікті атқарушы биліктен гөрі кәсіпкерлер нақтылы көмек көрсетіп жатыр. Десе де, Баталов мұның бәрін өзінің жетістігі санайды және әдеттегідей дәл мұндай «басқа облыс жоқ шығар» деп мақтанып алды.


- Көпбалалы аналар проблемасын бәріңіз білесіздер. Алматы облысында қазіргі сәтте кәсіпкерлер көпбалалы аналарға 160 үй алып берді және мұндай қолдау әлі де жалғасады. Осынша үй алып берген басқа облыс жоқ шығар, - деді облыс әкімі.


Әкімнің жаңа орынбасарымен жақынырақ танысу үшін Талдықорғаннан 300 шақырым жердегі Алакөл, Ұйғыр, Райымбек аудандарының әкімдері де кешікпей келген екен. Шенділердің біразы әріптесін қызметімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Ал, кей аудан әкімдері  жаңа бастықтарының кабинетіне көтеріліп, құтты болсын айтты. 


Ал, олар әкімдіктің 4-қабатына көтерілгенше қызметкерлер әкім орынбасарының кабинетіндегі тақташаны өзгертіп үлгеріпті.


43 жастағы әкім орынбасары еңбек жолын 1999 жылы «ВИП Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері болып бастаған. Алматы қаласындағы «В-Сompany» ЖШС директоры, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар орталығы директорының орынбасары міндетін атқарған екен. Әр жылдары премьер-министр және президент кеңселерінде бас сарапшы, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік  инспекторы болған. Ал, Баталовтың бұрынғы орынбасары, әкімдігінен гөрі әншілігі басым Ақан АБДУАЛИЕВ  Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалған болатын.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.