Қарағандыда әкім орынбасары ұсталды

Арай Сатыбалдықызы - 12.09.20192405

Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары мен Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторына пара алды деген айып тағылуда. Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пара алды деген күдікпен әкімшілік пен еңбек инспекциясы басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа  дейінгі тергеуді бастады», - деп мәлімдеді агенттіктің баспасөз қызметі.

Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары 200 мың теңге пара алды деген күдікке ілінген. Әкім орынбасары жер комиссиясының төрағасы болғанда, жер телімін ұзақ мерзімге жалға алу  мәселесін оңтайлы шешіп бергені үшін жалға алушыдан қаражат сұраған. Ал «қара тізімге ілінген» екінші шенеунік Еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторы. Оған қатысты 20 мың теңге пара алды деген күдік бар. Бұл инспектор кәсіпорын жұмысындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға қатысты оқыту курсының сертификатын оқуға қатыспаған адамға сатпақ болған.

Бүгінде шенеуніктерге қатысты сотқа дейінгі тергеу әлі де жалғасуда. Күдік тағылған мемлекеттік қызметкерлердің қаншалықты кінәсі барын сот анықтайтын болады.

Айта кету керек, осы демалыста Жаңаарқа ауданының тоқсан жылдық мерейтойын шенеуніктер дүркіретіп өткізгелі жатыр. Осы той қарсаңында Жаңаарқа ауданы әкімі орынбасарының басы дауға қалғаны қалай болар екен...

Фото: coe.int

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.