Ақтөбе шенеуніктері жер беруді тоқтатты

Жанар Қожанова - 12.09.20191204

Ақтөбе әкімдігі тұрғындарға мемлекеттен тегін берілетін жер телімдерін үлестіруді тоқтатты. Себебі бөлінген жер учаскелеріне су, жарық, газ тартуға бюджетте көк тиын ақша жоқ дейді биліктегілер.

Шенеуніктердің айтуынша, қаладағы 19 мың жер теліміне коммуникация жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 15 миллиард теңге керек. Ол түгілі бұған дейін бөлінген жер учаскелерін қарық қыла алмай отырғандарын шенеуніктердің өздері де мойындайды. Себебі қаладағы бірнеше ықшамауданға әлі су мен жарық, газ тартылмаған. Салдарынан Ақтөбеде отырып тұрғындар от жағып, суды тасып ішуге мәжбүр.

Злиха Маханбетова он жылдан бері жердің кезегінде тұрғанын айтады. 10 сотық жерін күтіп шаршаған тұрғын қазір баласының қолында тұрып жатыр. Алайда зейнет жасқа келген тұрғын биліктің жер беруді тоқтатқанына қарсы. Сөзінше, онсыз да үй-күйсіз қаңғып жүрген халықтың  үй салуға болмаса, мойындарына несие арқалап, пәтер алатын жағдайы жоқ.

- Мен осы баламның үстінде тұрып жатырмын. Он жылдан бері өзімнің де күткен жерім бар. Биыл шілдеде барып сұрағанда жер тоқтатылды деді. Сонда қалай? Үкіметтің жерін беріп беріп келіп, енді тоқтаттық дегені. Бір үйде үш отбасы тұрамыз. Біздің жасымыз келген. Біз ипотекаға, жиырма жылға несие ала алмаймыз. Жер берсе балалар бірдеңе қылып салып берер еді. Жер тоқтатты деген адамның миына қонбайтын дүние ғой, - дейді ол.

Ал әкімдіктегілер бұл мәселенің қашан нақты шешілетінін  өздері де білмейді.


- Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша жер телімін беру рәсімі уақытша тоқтатылды. Себебі жер учаскелеріне инфрақұрылым тартылмаған. Қашан осы жер телімдеріне инфрақұрылым желісі тартылад, содан кейін ғана жер беру рәсімі қайта жаңартылады, - деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Қамбар МҰҚАШЕВ.

Ақтөбеде соңғы алты жылда 22 мың жер телімі беріліпті. Алдымен  осылардың жағдайын реттегенше ешкімге жер берілмейді деп шешіпті биліктегілер.  Ал дәл қазіргі уақытта Ақтөбеде 150 мыңға жуық адам жер учаскесінің кезегінде тұр.

Фотолар автордікі

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.