Архивтің шаруасы құжат жинаумен ғана бітпейді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 17.11.2018231

Жалпы алғанда, біздің билік мұрағат ісіне аса назар аудармай келе жатқаны жасырын емес. Төрт қабырғаның ортасында құжаттарды қаттап жинаудан басқа қандай шаруасы бар деп ойлайтын басшылар да жоқ емес. Ал шындап келгенде бүгінде барлық мемлекеттік архивтерде тәуелсіз егемен Қазақстанның даму кезеңдерін сипаттайтын ақпараттық ресурстың үлкен бөлігі сақталуда. Оның ішінде ұлттық архивте Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысына елеулі үлес қосқан атақты мәдени, саяси және өнер қайраткерлеріне тиесілі 6000-ға жуық сақтау бірлігінен тұратын жеке тектік құжаттар сақталуда. Міне, мұрағат саласының мәселесі жақында ғана Астанадағы ұлттық архивте өткен «Архивті цифрландыру: дамудың жаңа траекториясы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында кеңінен әңгіме болды. – Ақпараттардың құрамы мен көлемі үлкен және қоғам үшін баға жетпес ресурс екендігі белгілі. Сонымен қатар құжаттардың құндылығын сараптаудың сапасы туралы мәселе де маңызды, себебі құжаттардың барлығы бірдей құнды болып табылмайды және цифрлауды қажет етпейді. Цифрлық технологиялар мүмкіндігінше қағаз түпнұсқаның ұзақ уақыт сақталуын оның цифрлық көшірмесін жасау арқылы қамтамасыз етеді. Бір жағынан, бұл сақтау проблемаларын шешеді, екінші жағынан, құжаттық архив мұрасын жаппай цифрландыру көптеген зерттеушілерге – жергілікті өлкетанушыларға, тарихшыларға, журналистерге және т.б. жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Желілік технологиялар арқасында құжат қоғамға қолжетімді болады. Осылайша біз цифрлық форматта ақпараттың жаңа түрін жылдам дамытудың қатысушылары мен куәгерлері боламыз, – дейді ұлттық мұрағат директоры Жангелді Махашов. Бұл сала да ақпараттық технологияларды жақсы меңгерген және заманауи компьютерлік технологияларды қолдана алатын архивистерді қажет етеді. Қазіргі заманғы технологияларды енгізу міндетті түрде оған қызметкерлерді үйретумен қатар жүргізілуі тиіс. Барлық архивистердің компьютерлік сауаттылығын арттыру, сондай-ақ енгізілген бағдарламалық кешенмен жұмыс істеуді мақсатты оқыту қажет.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.