Маңғыстауда халқы жазда ғана өмір сүретін ауыл бар

Алмас Нүсіп - 16.09.20192879

Ақтау қаласынан 14 шақырым жерде Ақшұқыр деген ауыл орналасқан. Оның іргесінде жапсарлай жатқан бірнеше елдімекен бар. Соның бірі – «Төртінші квартал». Бұл ауылдың тұрғындары қыс жақындаса басқа жаққа көше бастайды. Өйткені, ауылда газ жоқ. Газ болмаған соң үйді электр тоғымен, маймен, пропан газымен жылытуға мәжбүр. Ал оған кететін шығын – пәтер жалдағаннан әлдеқайда қымбатқа түседі.

Бір қарағанда мұнайдың үстінде отырған Ақтауда жылуға қатысты, газға қатысты мәселе жоқтай көрінеді. Сөйтсек, дәл қаланың іргесінде бес жылдан бері газ құбырын келтіре алмай отырған ауылдар аз емес екен. «Төртінші квартал» тұрғындары бұл мәселені айтып та, жазып та көріпті. Тиісті орындар, жауапты шенеуніктер бала алдағандай, әне-мәнемен созып келе жатыр.

- Бұл Ақшұқыр ауылына жалғас салынған жаңа ауыл. Бөлек деп айтуға келмейді. Қалаға тиіп тұр. 32 үй бар, әрқайсысында он шақты адамнан тұрып жатыр. Көбі жазда тұрады да, қыста кетіп қалады. Өйткені, газ жоқ. Тура біз тұрған жерден 100 метр ғана қашықтықта газ бар, бізде жоқ. Бұл туралы ауыл әкіміне де, облыс әкіміне де бірнеше рет жаздық, айттық. Ылғи әйтеуір анау-дейді, мынау дейді, қысқасы алдап кетіп қалады. Біз қазір әкімдіктің алдында тұрмыз, бірақ не айтатындарын біліп тұрмыз. Тағы да келесі жылға қалдырады. Өйткені, қазір күн суытып кетті, биыл тарта қоятын сыңайлары мүлде байқалмайды. Тағы да бала-шағаны алып, қалаға қарай көшеміз. Квартира жалдап... – дейді ауыл тұрғыны Дәуірғали ҚҰЛЖЫҒАРОВ «Жас АЛАШ» тілшісіне.

Тұрғындардың айтуынша, «келесі жылы, келесі жылы» деумен созып келе жатқан әкімдікке сенім мүлде сарқылған. Биыл да сол сылтауды айтарына бек сенімді. Келесі жылы. Ауыл сонда жылу ретінде нені тұтынады деген сұрақ туады. «Көмір жақпайсыздар ма?» деген сұрағымыз тұрғындарға «нан жоқ болса неге бауырсақ жемейсіздер?» деген сияқты естілді-ау. Сөйтсек, бұл жақта көмір жағу деген болмайды екен. Олай болмас жөні жоқ, газы мен мұнайы іргеде, бағасы да арзан. Сонша жерден көмірге шығындалудың реті жоқ. Бірақ, сонша байлықтың үстінде отырып, аспаннан киіз жауса да ұлтарақ тимейтін пақырдың кебін киіп, газ бер деп қол жайып жүргелі 5 жыл.

- Светті уақытша, жоғары жақтан алып отырмыз. Бес жыл боп қалды міне. Жарық өшіп қалмаса әйтеуір қосулы тұр ғой, оның жарасы жеңіл. Оның өзін өз ақшамызға, жиылып тартып алдық. Мәселе тура үйіміздің қасынан өтіп жатқан газда болып тұр ғой. Айдалада болса бұлай ренжімес те едік. Тура үйдің іргесінде... Енді амал жоқ, пропан газын жағамыз баллонмен алып. Шығына да аз емес, - дейді Есбай НҰРПЕЙІСОВ.

Орталыққа жалғанған құбыр атаулыдан ауылда тек су ғана бар. Электр тоғының өзін жекелеген адамдардан тікелей жалғап алып отыр. Уақытша. Оның үстіне бұл жарық жиі өшеді. Өйткені, соншама үйді қамту қиын. Жазда әсіресе. Қыста «көшіп кеткендердің» есебінен жеңілдейтін болса керек.

Көпшілік бұл мәселені айтып көктемде де келген әкімдікке. Ол кезде әкім күзге сілтепті. Бірақ, қыс кеп қалды, тыныш қой деп тағы келіп отырған беті осы тұрғындардың.

- Мен де үшінші жыл осы ауылда тұрып жатырмын. Светті 6 үй болып, өз қаражатымызға жүргіздік. Уақытша болғасын тоқтың қуаты жеткіліксіз. Газ болмағасын үйді маймен жылытып отырмын. ...Май болғанда, «отработанный» май ше, машинадан шығатын, сонымен. Бірінші жылы тіпті газ баллонмен отырдым, бір-екі мәрте өртеніп кете жаздадық. Оның үстіне қымбат. Күніне бір баллон кетіп жүрді. Ол қымбат боп кеткен соң маймен жанатын котел сатып алдым. Алматыдан 350 мың теңгеге тапсырыс бердім. Май жағу да, білесіздер, қауіпсіз емес. Денсаулыққа да зиян ба деп уайымдаймын. Май-май болып жүресің, түтеп, өшіп қалады. Кейде ағып кетеді. Соны қарап отыру үшін қыс бойы жұмыстан шығып, үйде отырам, шыны керек, - дейді Азамат САППАЕВ есімді тұрғын.

Жалпы, бұл ауылды үй жылытудың барлық мүмкіндіктерін пайдаланып көрген ауыл деуге болады. Жағатын көмір болмағасын литрін 100 теңгеден сатып алып, машинаның майын да жаққан бұл ауылдың дені қыс бойы электр тоғын пайдаланады. Оның бүкіл үйді жылытуға шамасы келмейтіні белгілі, амал жоқ, кең етіп салған үйлерінің бір, асса екі бөлмесін ғана жылытуға мәжбүр. Соның өзінде кем дегенде 100-120 мың теңгеден төлейді қыс бойы. Қыста жарық өшіп қалған да кездер болыпты. Сондай кезде «электр тоғымен үйін жылытып отырғандар қайда тығыларын білмей қалады» дейді әкімдік алдына жиналғандар.

Әкім таң ертеңнен бастап күттіріп, тұрғындарды қабылдамай қойыпты. Біз бірер мәрте телефон шалғанда да жауап бермеді. Сөйтіп, ауылдастарының сөзін естуге алдымен орынбасарын жіберіпті. Шығарып салма сөзден жалыққан ауылдастар Ақшұқыр ауылы әкімінің орынбасары Баймұрат ЖАРЫЛҒАПТЫ ортаға алып, «биыл газ бола ма, жоқ па, соны айт!» деп төтесінен кетті:

- Осы жылы Бегей ауылына «Ерзат» дейтін мекемемен 40 миллион теңгеге газ тартылады. Бегей ауылына тартылады, «Төртінші кварталға» емес. Ал, сіздерге келесі жылы тартылады, - деп қысқа қайырды.

Мұндай жауапқа әбден үйреніп алған ауыл тұрғындары сөзіміз баспасөз арқылы облыс басшысы Серікбай ТҰРЫМОВ мырзаға жете ме деп үміттенеді.

P.S.: Тұрғындар алғашында орынбасарын жіберіп, таң атқаннан түске дейін қабылдамай қойған ауыл әкімі Айсағали Нұғыманов тұрғындардың «Жас Алашпен», өзге де БАҚ өкілдерімен байланысқа шығып жатқандарын естіген соң барып, қабылдады деп отыр. Дегенмен, әкім әдеттегідей сырғыма жауаппен шығарып салыпты. Оның айтуынша биыл 13-шақырымға газ тартылып жатыр. Ақша да бөлінген. Ендігі мәселе сол қаржыға тіреліп тұр. «Егер артылса сіздердің ауылға тартамыз», дейді әкім. Соған қарағанда, облыстан қаржы бөлгенде «нақты мына шаруаға жұмса» деп емес, «өзің ыңғайына қарап көр, жеткізуге тырыс, артылса келесі ауылдың бір бұрышын жамай саларсың» дейтін секілді.

Фотоны ауыл тұрғындары ұсынды.

Мақала авторы:

Алмас Нүсіп

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.