Жақыпова «жалған ғалым» ба?

Оралхан Дәуіт - 16.09.201910812

Еліміздің білім және ғылым министрлігіндегі айқай-шу тіптен өрши түскендей... Дүйсенбі күні аталмыш министрліктегі департамент басшысы Анар ҚАЙЫРБЕКОВА «Білім және ғылым министрінің орынбасары Ф.ЖАҚЫПОВА өзінің докторлық диссертациясын толығымен дерлік көшіріп алған» деген мәлімдеме жасады. Бұл туралы ол Facebook парақшасына жазды. "Жас АЛАШ" осыған қатысты пікір сұрағанда Қайырбекова министрдің орынбасарын плагиаттық жасады деп айыптап, Жақыпованы «жалған ғалым» деп атады.


Ф.Жақыпова 2009 жылдың қараша айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Экономикалық теория» мамандығы бойынша экономика ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған екен. Қайырбекованың бұл мәлімдемесі қаншалықты рас-өтірігі алдағы уақытта анықталар, бірақ, ол министр орынбасарының еңбегін арнайы бағдарлама арқылы тексерген көрінеді.

«Жақыпованың диссертациялық еңбегін «Антиплагиат» (https//users.antiplagiat.ru) бағдарламасы арқылы тексеру нәтижесінде мен көптеген көшіріп алу әрекеттерін анықтадым, - дейді бұл жөнінде Анар Қайырбекованың өзі. - Нақтырақ айтар болсақ, ғылыми еңбектің көптеген бөлігінде ол басқа адамдардың еңбегін сілтемесіз көшірген және дереккөздерді көрсетпеген, мұның бәрі әрине, плагиаттық әрекетке жатады. 258 беттік диссертацияның жартысынан астамы ресейлік және қазақстандық авторлардың еңбектерінен алынған. Тіпті, 20-дан астам ресейлік және қазақстандық авторлардың еңбектерін толығымен, сөзбе-сөз, әріп-әрпімен көшірген. Яғни, Жақыпова бөтен адамның еңбегін өз атынан жариялап отыр».  


Осылайша «Антиплагиат» бағдарламасы Ф.Жақыпованың 258 беттік диссертациясының 40,22 пайызы ғана өз еңбегі екенін айғақтапты. Сонда қалған 52,62 пайызы басқалардан көшірілген деген сөз. Яғни, ғылыми еңбектің жартысынан астамы Я.Сергиенко, Д.Папин, И.Галиулин, В.Мигунов, А.Быков, Б.Воронцов, Л.Смольникова және басқа да авторлардың еңбектерінен ұрланған. Қайырбекова министр орынбасары осылайша «Авторлық құқық» туралы заңды бұзып отыр деп, бұл туралы айғақтар мен суреттердің бәрін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына салған. Оның пікірінше Жақыповаға экономика ғылымдарының докторы деген ғылыми дәреже әркімнен ұрлап жазған еңбегі үшін берілген.

«Шын мәнінде экономика ғылымдарының докторы деген диплом бұл маңызды құжат саналады, - дейді Анар Қайырбекова. - Ең алдымен оған осы дәреже заңсыз берілді және осы құжаттың арқасында оның жалақысына қосымша ақы қосылды. Яғни, Жақыпова плагиаттық жолмен жемқорлық қылмысына жол берді. Басқа-басқа білім және ғылым министрлігі ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді мемлекеттік аттестациямен қамтамасыз етуге жауапты мекеме емес пе? Сондықтан Жақыпованың профессор деген атағынан айыру қажет. Осыған байланысты сараптаманың қорытындысын тиісті құзырлы мекемелерге жолдаймын. Бұл дегеніміз тіпті, халықаралық дау десе де болады».

Яғни, А.Қайырбекова Жақыпованың ғылыми дәрежесін алып тастауды сұрап, еліміздің бас прокуроры Ғ.НҰРДАУЛЕТОВТІҢ атына хат жолдамақ. Оның айтуына қарағанда Ф.Жақыпованың өзі министрліктегі жоғарғы білім және ғылым саласына жетекшілік жасайды. Оның ішінде ғылыми еңбектерге қадағалау жасайтын мекемелерге де құзыры жүреді. Сондықтан білім және ғылым министрі А.АЙМАҒАМБЕТОВ пен оның орынбасары Ф.Жақыпованың сараптаманың қорытындысына кері әсер етуі мүмкін деген де күдігінің бар екенін жасырмайды. Осыған байланысты ол премьер-министр А.МАМИННІҢ атына да Ф.Жақыпованы қызметінен босату туралы хат жолдамақ ойы бар. Бұдан бөлек, Ресейдің жоғарғы аттестациялық комиссиясының төрағасына, сондай-ақ, Жақыпова еңбектерін ұрлаған ресейлік ғалымдарға да осы айғақтарды жібермек.


Фатима Нәдірқызы Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры қызметінде жүргенде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу туралы мынандай ойлар айтқан екен. «Соңғы жылдарда біздің елімізде кешенді білім беру және жоғарғы білім беру саласында жемқорлықты жоюға бағытталған көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Шынында аз тірлік жасалған жоқ. Барлық оқу орындары коррупцияға қарсы оқытатын курстармен қамтылған. Одан бөлек «Антиплагиат» жүйесін пайдалану арқылы «Таза сессия» акциясы өтті. Жоғарғы оқу орындарына «Адалдық алаңы» және «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты жобалар тартылуда. Бұл салада өткен жылы қабылданған заң жоғарғы оқу орындарында ашықтық пен жауапкершілікті көбейтіп, оқу орындарының белсенділігін арттыра түседі. Мұндай жағдай әрине, жоғарғы оқу орындарының басшылығы мен оқып жатқан жастар және профессорлық құрамның да жемқорлыққа қарсы іс-әрекетін күшейте түседі» деген болатын Ф.Жақыпова. 

Яғни, білім және ғылым министрі Ф.Жақыпова осы қызметінде ғылыми еңбектердің сапасына мемлекеттік және әлемдік дәрежеде кепіл болуы тиіс еді. Бірақ, «Ұлттық ақпараттық техникалық орталығы» АҚ президенті бекіткен «Антиплагиат» бағдарламасы Жақыпованың заңсыз әрекеттерін әшкерелеп, оның экономика ғылымдарының докторы деген дәрежеге де, дәл осы қызметіне де лайық емес екенін дәлелдеп отыр.

Шынында Ф.Жақыпова министрліктегі жоғарғы білім мен ғылым саласына жетекшілік жасайтын болса, онда жоғарғы оқу орындарында оқытылып жатқан оқулықтар мен бағдарламалардың сапасы туралы не айтуға болады? Ал, ғылым саласы қалай дамиды? Қайырбекова мұндай плагиаттық әрекеттер бір Жақыповада ғана емес, білім және ғылым министрлігіндегі бірқатар лауазымды тұлғалардың да ғылыми еңбектерінде кездесетінен ашық айтып отыр. Соған қарағанда псевдоғалымдарға қарсы күрес енді қызатын сияқты.

Айта кету керек, "Жас АЛАШ" бұл мәлімдемеге және зерттеу жүйесі ісіне араласпағанын және осыған қатысты қарсы тарап - Ф.Жақыпованың пікірін де ұсынуға дайын екенін ескертеді. 

Коллаж: zhasalash.kz

Суреттерді А.Қайырбекова ұсынды

Мақала авторы:

Оралхан Дәуіт

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.