6-шілдеде үй берді, 7-шілдеде кілтті жинап алды

Ербол Ілияс - 18.09.20192765

Елдегі көп балалы аналардың наразылығынан соң, оларды баспанамен қамту мәселесіне алғаш боп кіріскендердің бірі Алматы облысының әкімдігі болатын.  Өңір басшысы Амандық БАТАЛОВТЫҢ сөзіне сенсек, қазір Алматы облысында жеке кәсіпкерлердің қаражатына көп балалы және аз қамтылған 160 отбасына үй сатып алынған. Бірақ, оларды басыбайлы баспанамен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар Алматы облысында, әзірге, ауыз толтырып айтатындай нәтижелі емес. Мұны қала мен облыс әкімдігінің алдына жиналып, жиі наразылығын білдіріп жататын көп балалы аналардың көңіл-күйінен байқауға болады. Дегенмен, Баталов бұл мәселені шешуге барынша тырысып жатқанын атап өткен жөн. Әкім наразылығы күн санап артып жатқан аналарға арнап коттедж қалашығын беруге дайын. Мұндағы 150-ден астам үйдің кілті қыркүйектің соңына дейін көп балалы аналарға табысталатынын айтқан. Кілт табыстау демекші... Баталов Алматы облысындағы қоныс тойларды жібермейтін әкімдердің бірі. Пайдалануға берілетін жаңа үйлерге барып, пәтер иелеріне кілтті салтанатты түрде өзі табыстайды. 


Сондай үйлердің бірін Амандық ҒАББАСҰЛЫ  Елбасы мен Нұр-Сұлтанның туған күнінде, яғни, шілденің 6-ы күні Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында салтанатты түрде пайдалануға берген еді. 60 пәтерлі көпқабатты үй "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған екен. Қызығы, көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасылар және бюджеттік сала қызметкерлері "нұрланған"  үйдің пәтер кілтін Баталов кете салып, әкімдік қызметкерлеріне қайта тапсырған көрінеді. 2 ай өтсе де мұнда "Қоныс құтты болсын" деген жазу әлі тұр. Бірақ, тұрып жатқандардың қарасы аз, бос тұрған пәтерлер көп.


"2-ақ күн болды көшіп келгеніме. 2010-жылдан бері мүгедек қызымды асыраушы ретінде пәтер кезегінде тұрғамын. 6-шы шілде күні облыс әкімі Амандық Баталов салтанатты түрде кілттерді табыстады.  Бірақ, мен белгілі себептерге байланысты қатыса алмадым. Сосын, әкімдіктегілер ұсақ-түйек жұмыстар бітпей жатыр деп кілттерді қайтадан жинап алды. Тамыздың 22-де  хабарласып, кешкі 6-да кілтіңізді алыңыз деп хабарласты. Сол күні әкімдіктегі бір әйел аулаға әкеп қолыма табыстады. Келісім-шартты да енді ғана алдық. Пәтерім 1 бөлмелі, бірақ әлі толық қоныстанып бітпедік"-дейді 2-топтағы мүгедек қызын асырап отырған Сәуле ШӘРІПОВА.

Енді ғана қоныстанып жатқан тұрғындардың көбі «Жас АЛАШ» тілшісіне мән-жайды түсіндіргенімен, аты-жөндерін айтуды жөн санамады. Сөздеріне сенсек, Баталов  алдын ала дайындап қойған 5 адамға ғана кілт табыстаған. Артынша үйдің құрылысы толық аяқталмағанын айтып, кілтті қайта жинап алған. Бұл мәселені Қаратал ауданының әкімінен сұрамақ болдық. Тамыздың 16-да ғана тағайындалған әкім Қайрат БҰЛДЫБАЕВ баспасөз хатшысы арқылы "аталған жәйтты білмеймін" деп қысқа қайырыпты. Тұрғын үй мәселесіне жауапты әкім орынбасары орнына "Назарбаевтың портретін қалдырып кеткен"екен. Араға жарты сағат салып, тілшілер сауалына жауап беретін маман табылды.

«Пәтердің бәрі 1 және 2 бөлмелі, көлемі -42 шаршы метрден бастап 63 шаршы метрге дейін. Жалгерлік үй. Құны - 410 миллион теңге. Аталған үй ауданымыздағы кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға берілді. Атап айтқанда, 26 көп балалы отбасы, әлеуметтік аз қамтылған топтағы 59 отбасы мен 15 бюджеттік сала қызметкерлеріне берілді.  Барлық үйде адамдар тұрып жатыр, барлық коммуникациясы тартылған. Пәтер кілттерін біз шілденің 6-да тараттық. Бірақ, комиссия тексергенде ескертпелер болды. Сол себепті кей үйлер кешірек берілді», - дейді Қаратал аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанат МОРТЫҚОВ.

Өзін үнемі құрылысшымын деп айтатын әкімнің құрылысы толық аяқталмаған үйді қалайша пайдалануға бергені қызық? Әлде, Баталов Елбасының туған күнінде ұпай жинау үшін көзбояушылықпен айналысатын әкімдердің қатарында ма?  Ол жағы, әрине, әкім мырзаның өзіне ғана аян!


Фотолар автордікі.



Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.