Қазақстанда инженерлік білім беру саласы дамып келеді

Сайт Әкімшілігі - 15.09.2019837

Бүгінгі күні инженерлік білім беру саласына көңіл бөліне бастады. Инженерлік білім берудің маңыздылығын түсінгендіктен көптеген жоғарғы оқу орындары осы сала бойынша жаңаша бағытта білім берудің жолдарын қарастырып, шет елдік тәжірибені қолданысқа енгізуде. Соңғы жылдары инженерлік білім беру саласындағы басты жаңалықтардың бірі Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясының KazSEE толыққанды аккредитация жүргізуге мүмкіндік алуы болды.

Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясы KazSEE 2007 жылы дербес қоғамдық және кәсіби ұйым ретінде құрылған болатын. 27 қыркүйек 2017 жылы Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрінің бұйрығымен дербес аккредитациялық орган ретінде №1 Ұлттық реестрге бес жыл мерзімге енгізілді. Бүгінде KazSEE еліміздегі инженерлік білім беру бойынша маманданған жалғыз аккредитациялық орган және инженерлік білім беру бойынша еуропалық ENAEE жүйесінің толыққанды мүшесі.

Осы уақыт аралығында Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясы KazSEE бірқатар еліміздің беделді жоғарғы оқу орындарын институционалдық аккредитациядан өткізді, сонымен қатар, көптеген инженерлік бағыттағы оқу бағдарламаларын мамандандырылған аккредитациядан өткізді. Қазіргі кезде еліміздегі инженерлік бағытта білім беретін колледждермен қарқынды жұмыс жүргізілуде.

KazSEE аккредитациямен қатар, инженерлік білім беру саласының сапасын көтеруге қатысты көптеген іс-шараларды жүзеге асыруда. Соның бірі ретінде Еуропалық Одақ қаржыландыратын ERASMUS+ ENTER - EngineeriNg educoTors pEdagogical tRaining - 598506-EPP-1-2018-1-PT-EPPKA2-CBHE-JP халықаралық жобасын атап өтуге болады. Аталған жоба инженерлік пән оқытушыларының біліктілігін көтеру жүйесіне қойылатын талаптарды зерттеп, жаңаша бағытта ұсыныстар қалыптастырады. Жобаның басты мақсаты инженерлік жоғарғы оқу орындарының оқытушыларының біліктілігін көтеру бойынша айрықша білім беру бағдарламаларын жасап шығару болып табылады.

Бұл жобаға Қазақстан, Ресей, Эстония, Португалия, Словакия сияқты бес мемлекеттің жоғарғы оқу орындары мен аккредитациялық органдары қатысады. Атап айтқанда, Порто политехникалық университеті (Португалия), Дубницкий технологиялық университеті (Словакия), Таллин техникалық университеті (Эстония), Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясы KazSEE (Қазақстан), «Болон клубы» білім беру саласындағы стратегиялық бастамалар агенттігі, Ресей инженерлік білім беру ассоциациясы АИОР, Вятский мемлекеттік университеті, Дон мемлекеттік техникалық университеті, Қазан ұлттық технологиялық зерттеу университеті, Тамбовь мемлекеттік техникалық университеті, Томск ұлттық политехникалық зерттеу университеті (Ресей) қатысады.  Жоба бойынша қатысушылардың жұмыстары екі рет бас қосуда талқыланды. Бұл бас қосулар Порто политехникалық университеті мен Тамбовь мемлекеттік техникалық университетінде орын алды. Келесі бас қосу әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткізіледі деп күтілуде.

Есбол ӨМІРЖАНОВ,

Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясы KazSEE директоры


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.