Қарағандыда зейнеткер әкіммен соттаспақшы

Арай Сатыбалдықызы - 19.09.20191265

Қарағанды облысына қарасты Жәйрем тұрғыны Хадиша РАШАТ кент әкімі Аманғазы НӘУКЕНОВТЫҢ үстінен полицияға шағым түсірген. Бұл туралы өңірдегі «Жас АЛАШ» тілшісі хабарлайды. 

Жәйремдік зейнеткер Хадиша  Рашаттың  айтуынша,  бір жыл бұрын жерге таласып жүрген  көршісі үйіне су келіп тұрған құбырын қиып тастаған. Жалғыз басты қария содан бері суды өзіне қосқыза алмаған. Ауыз сусыз қалған зейнеткер қысы-жазы үйіне жақын маңда орналасқан спорт кешенінен шелекпен су тасып отырған. Үйіндегі жылу жүйесі сусыз жұмыс істемейтіндіктен жалғыз басты қария, қыс бойы пеш жаға алмай  бейнеттеніпті.  Хадиша Рашат бірнеше рет Жәйрем кентінің әкімі Аманғазы Наукеновтен мәселеге араласуын сұрап өтініш білдірген.  Зейнеткердің сөзіне сенсек әкім бұған назар аудармаған. Зейнеткер «әкімнен де заңдылықты қадағалайтын құқық қорғау органдарынан да қайыр көрмедім» деп қапаланады. Өйткені Хадиша Рашат бірнеше рет полицияға, сотқа шағымданғанмен ісін үнемі жауып тастап отырған.

«Жәйремнің әкімі бірнеше рет қыста шелекпен су тасып жүргенімді көрді. Ешқандай шара қолданғысы келмеді. Суымды қиып тастаған көршімнің үйіне келіп жүретін Ерлан Қайырбеков деген азамат қауіпсіздік комитетінде  жұмыс істейді екен. Соның  араласуымен бірнеше рет полицияға жазған арызым жабылып қалады. Оны ешкім қарамай арызымды қоқысқа лақтырады. Осы азаматтың араласып отырғанын Жәйремдегі полиция мамандары жасырын түрде маған айтып қойған еді», - дейді зейнеткер Хадиша Рашат.
Сондай-ақ,  зейнеткер облыс әкіміне шағымданған. Облыс әкімінің тапсырмасынан кейін, жақында  Жәйрем кентінің әкімі сумен қамтамасыз ететін мекеме мамандарын ертіп барып, қарияның суын қосып берген. Алайда қария үйде жоқ кезде келген мамандар бақшаны қазып, он түп жеміс ағашын тамырымен жұлып лақтырып тастаған.
«Былтыр суды сөндіргенде бір қазған еді. Биыл мен жоқта бақшамды қазып, қаншама жеміс ағаштарымды жұлып сындырып кетіпті.Қанша гүлдерім қурап жатыр. Мен өзім гүл өсіріп сатушы едім. Талай гүлдеріммен ағаштарым қурап қалды. Астаң-кестеңі шығып жатқан жерді көріп жылап алдым. Қазылған жерлері сол бетінше жатыр.Бұл мемлекеттік қызметкерлер өз қызметтерін дұрыс атқармайды. Зәбір көрсетеді. Мен қаншама қорлық көрдім», - деп қынжылады қария.
Бүгін Хадиша Рашат Қарағанды облысының Полиция департаментіне келіп шағым түсіріпті. Зейнеткер кенті әкімінің іс-әрекеті жазалануы тиіс деп есептейді. 

«Хадиша Рашат Полиция Департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасарының қабылдауында болды. Шағымында көрсеткен бүкіл фактілері тексерілетін болады. Қорытындысы бойынша заңмен белгіленген уақытта жауабы беріледі», - деп мәлімдеді Полиция Департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Жанатай СЕМБЕКОВ.

Фотоны автор ұсынды. 

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.