Арман Әлменбет. Тоғыз жылдан кейінгі кездесу

Сайт Әкімшілігі - 20.09.20192760

– Сол, есік алдына гаражды жөндесем бе деп... Өзің неғып жүрсің? – деді Бауыржан. Сөй деді де, сұрағына жауап алмастан Азатты екінші рет құшақтай алды. – Сені көргеніме қуаныштымын, бауырым. Рас айтамын, ей.

Мәз болғаннан көзі мөлт-мөлт етіп кеткен Азат аузына сөз түспей, күле берді.

– Жүр, ана жерде бір самсахана бар еді, соған барайықшы, – деді содан кейін.

Бауыржан жерге қойып қойған екі пакетіне қарады:

– Мыналарды машинаға қоя кетейік онда?

– Қайда еді машинаң?

– Ә, әне бір жерде тұр.

– Кеттік онда.

Екеуі гу-гу еткен базардан шығып, автотұраққа қарай бет алғанда, ыж-ыж етіп базардың тұсынан өткен және тар жерде баяу жылжып, бір-біріне баж-баж етіп белгі берген көліктердің үні қаумалап алды. Күн шыжып барады. Ыстық көктен де, асфальт төселген жерден де, тоқтап тұрған көліктердің темірі мен әйнегінен де ұрып тұр.

Бауыржанның көз алдына Азаттың таяқ жеген күні келді. Осыдан тоғыз жыл бұрын еді ғой. Бұл талай рет сол күнді егжей-тегжей еске алып, әбден жаттап алған. Қазір есіне алғанда рет-ретімен ойлап жатпайды, бәрі бір тұтас болып келе қалады.

Бұлар өзі кілең жігіттер оқыған үлкен топ болды. Мамандықтары ауыр өндірістің тоғына байланысты болған соң, қыз балалар түсе қоймаушы еді. Отыз екі жігіт... Бауыржан – староста. Азат томаға тұйық жігіт. Ауылдан келген. Бауыржан соның алдында бір жыл әскерге барып келген соң, әрі ересектеу, әрі біраз өмір көрген жігіт – бәріне аға сияқты еді.

Қалай сол күні ара түспей тартынып қалды, неге олай болды? Осы сұрақтар жылдар бойы Бауыржанды мазалап келіп еді. Басында жиі ойлады, уақыт өткен сайын сейіле берді. Бірақ біржола ұмытылып кеткен жоқ.

– Сомен не істеп жүрсің? – деді Бауыржан у-шу кішкене азайған кезде. Жымиған күйі бұның артынан еріп келе жатқан Азатқа қарады.

– Сен неғып жүргенімді емес, алдымен қашан шыққанымды сұрағың кеп келе жатқан шығар?

– Енді...

– Қысылма. Бәрімізге белгілі жағдай ғой...

– Иә...

– Бір жарым жылдай болды шыққаныма.

– Ерте босап шықтың ба сонда?

– Иә, төрт жылын кешірді ғой, әйтеуір. Қай машина еді сенікі?

– Міне, мынау.

– Мәссаған.

Екеуі қап-қара лексустың арт жағына келіп тоқтады.

– Мықты. Не шенеунік, не кәсіпкер болған екенсің ғой?

Бауыржан күліп жіберді.

– Бір үлкен фирмада атқарушы директормын. Соншалық қымбат машина емес бұл.

– Арзан да емес қой. Жақсы жұмыс болып тұр ғой жұмысың.

– Жаман емес енді. Одан шығатын шығармын, бірақ...

– Неге?

– Енді... – деп Бауыржан ұзақ әңгіме ғой дегендей жымиып қойды. Азат қабағын көтеріп, ернін жымқырып, кім біледі, менікі жай айтқан ғой дегендей ишара жасады. Ол машинаны көріп таңғалса да, төменшіктеп қалған жоқ. Бауыржан соны байқады. Осы тоғыз жылдың ішінде екеуі де өзгеріпті, бірақ Азат көбірек өзгерген сияқты.

– Гараж жөндеп жатырмын дедің бе? Жер үйде тұрасың ба сонда? – деп Азат әңгімені басқа жаққа бұрды.

– Иә, былтыр кіргенбіз.

– Өзің жөндемексің бе сонда? Өзбектерді неге жалдамадың?

– Өзім ермек қылғым келіп тұр... Бәрібір істейтін ештеңе жоқ, демалысқа шыққалы...

– Ауылыңа неге бармадың?

Азат осыны сұраған кезде екеуі самсахананың ішіне келіп кірді. Есік жабылған кезде шу бұлармен кірмей, сыртта қалып қойғандай болды. Екеуі сыртта айқайлап сөйлесіп келе жатқан еді, мына жаққа кірген соң, тыныштықты жатырқағандай боп, әңгімелерін үзіп алды. Бос орынға жайғасып алған соң барып, Бауыржан жауап берді. Бұл кезде бірге оқыған досын көргендегі көңіл күйі басылып, күнделікті қиындықтары қайтадан есіне түсіп, жабырқай бастаған. Оның үстіне самсахананың іші де қараңғылау, үстел-орындықтары ескілеу, дастархандары да дұрыс сүртілмеген – көңілді жадырататындай емес екен.

– Е-е-е, ауылға баратын бет жоқ, Азеке. – деді Бауыржан. – Қатын кетіп қалған. Бір айдан асты. Содан ғой, гараж жөндеймін деп жүргенім. Әйтпесе биыл ондай жоспар да жоқ еді.

– Ойбу, ыңғайсыз нәрседен бастаған екенмін онда әңгімені.

– Жоқ, ә. Сен менің үйленгенімді де білмейсің ғой.

– Балалар бар ма еді?

– Иә, екі балам бар ғой...

– Енді, кеткеніне бір-ақ ай болса, әлі реттеліп кетер.

– Солай болса жарар еді... Жарайды, мені қойшы. Өзің не істеп жүрсің базарда? Осымен нешінші рет сұрап тұрмын. Айтпай қойдың ғой таза.

– Үлгермей жатқан жоқпын ба...

– Ал, айт енді.

Тура осы кезде даяшы келіп, екеуінен тапсырыс қабылдай бастады.

Тапсырыс беріп жатқанда Азатты полиция ұстап әкеткен күн Бауыржанның көз алдынан өте шықты. Бұлар сабақта отырған. Аудиторияның есігін қағып, бір майор басын сұқты да, ымдап мұғалімді шақырып алды. Сол сәтте-ақ Азат баяу орнынан тұрып, заттарын жиыстыра бастады. Өзіне келіп тұрғанын анық білді. Мұғалім есікті толық жаппастан полиция қызметкерімен қысқа ғана сөйлесті де, бері қарап Азаттың фамилиясын айтты. Бұл уақытта Азат заттарын жинап болып, сумкасын иығына іліп жатқан. Есікке қарай беттеді. Тура шығатын кезде группаға қарады да, «Ал, жақсы, жігіттер» деді.

Сол кеткеннен қайтып келген жоқ.

– Біз, сол пәтерді жөндемек боп жатқанбыз. Әке-шешем осы жаққа көшіп келді ғой мен кеткен соң... Былтырдан бері кішкене сауда жасап... Ауылдан ет әкеліп саттым ғой. Сомен біраз үйде реттеп, үйленсем бе деп жатқанмын.

– Не дейді, ей?

Бауыржан атып тұрып, Азаттың жанына барып тағы да құшақтай алды. О баста кездескендегі көңіл күйі қайтып келгендей болды.

– Құтты болсын! Әңгімені осыдан бастамайсың ба? Ал керек болса!

– Солай енді, жағдай.

– Керемет қой, керемет! Әке-шешең мәз болып жүрген шығар.

– Айтпа.

– Ой, тамаша болған екен ғой. Мен қызды танимын ба?

– Жоқ, танымайсың ғой. Біздің жақтікі. Бізден жас. Өзің кімді алып едің? Мен танимын ба?

– Танымайтын шығарсың. Біздің группадағы Думан бар ғой? – Бауыржан Думан туралы айтқанда Азат елең ете ме деп еді, жоқ, ондай ештеңе байқатқан жоқ.

– Иә? – деді сұраулы жүзбен.

– Соның бір ағасы болушы еді ғой? Жатақханаға келіп тұрушы еді ғой, есіңде ме?

– Қайсы, ана мұнайда оқитын жігіт пе?

– Иә. Соның туған қарындасы.

– Е-е-е... «Крутой» жердің қызын алған екенсің ғой онда...

–  Енді... – Бауыржан бұл сөзді әзіл ретінде қабылдап, күле салған болды.

– Бізден кіші ғой сонда?

– Иә, үш курс төмен оқыды.

– Е-е-е, мен кеткен соң түскен екен ғой... Уайымдай берме, енді. Әлі-ақ татуласып кететін шығарсыңдар. Проблемаңды есіңе түсіріп жібердім бе, қайта-қайта әйелің туралы сұрап?

– Ол естен шығушы ма еді. Осы бір айдың ішінде одан басқа ештеңе ойлаған да жоқпын. Ішкенім ірің, жегенім желім болып...

– Не болды сонда?

– Енді...

Бауыржан соңғы кездері көзі жеткен ақиқатты тағы ойлап өтті. Ажырасқан адамдар не үшін ажырасқанын ешқашан ешкімге ашық айтпайтын сияқты. Тіпті екеуі бір біріне де айтпауы мүмкін. Басқа нәрселерді сылтауратады. Ана ауыр мәселеге барғысы келмейді. Сол сияқты кез келген қылмыс жасаған, қателік жасаған адам оның себебін басқа тұрмақ өзінен де жасыратын сияқты. Азат та ана бір адамды не үшін өлтіргенін ешқашан ешкімге айтпайтын шығар. Жоқ, нақты сол адам екеуінің арасында болған жанжалды тергеушіге де, басқаларға да айтқан шығар. Бірақ не үшін өлтірді? Бұл туралы Бауыржанның қорқынышты бір болжамы бар. Азатқа қатысты ойланғанда сол тұжырымға келіп тоқтай беретін. Бірақ оны Азаттан сұрай алмайды. Сұраса да бұл ойлағандай жауап бермейтіні анық.

– Жарайды, айтқың келмесе, оны қозғамай-ақ қояйық, – деді Азат.

– Айтуға болады негізі. Бірақ қиын мәселе ғой... Мен саған бірақ ақыл айта аламын. Үйленсең, ажыраспа. Кім ажырасам деп ойлайды дейсің. Бірақ сен бірінші күннен бастап ажыраспауым керек деп мақсат қой.

– Жарайды, – Азат жымия басын изеді.

Мынау бұрынғы Азат емес деп ойлады сол кезде Бауыржан тағы да. Ол Азат моп-момақан бала еді. Думаннан таяқ жеген Азат – басқа адам. Сонда бір қарсылық білдіріп, қайрат көрсете алмай қалып еді. Өзі кінәлі болды, рас, бірақ сонда да айбат шегуіне болар еді. Басқа жігіттер де қарап тұрмай, жазасын алғаннан кейін арашалап алуы керек еді. Думан біраз артық кетіп қалды. Қаттырақ ұрып, құлаған соң да үстінен қарап тұрып, артығырақ сөздер айтып, тағы да ұрып, намысын езіп жіберді ғой...

Ал дәл қазір алдында өз-өзіне сенімді, ұстамды жігіт отыр. Кәдімгідей мысы бар.

– Группаның жігіттері қалай? Думан қайынаға болған екен ғой саған? Ол не істеп жүр? Басқа кімдермен хабарласып тұрасың? – деді Азат. Думанның атын Азаттың аузынан естігенде Бауыржанның жүрегі су ете қалғандай болды.

– Бәрімен дерлік хабарласамын ғой. Аман-есен. Біразы үйленді. – деп әңгімені басқа жақтан бастады. Жігіттердің біразын аттарын атап, жаңалықтарын айтты. Содан кейін барып Думанға оралды. – Думан екі рет үйленіп, ажырасқан. Студент кезде де автоматқа барып жүруші еді ғой. Ақыры соған салынып кетті. Қолына ақша түссе, казиноға тартады. Алда-жалда кездесіп қап жатсаң, сенен қарызға ақша сұрауы мүмкін. Берме.

Азат бұл сөздерді естігенде не қуанған, не жаны ашыған түр танытқан жоқ. Жай ғана тыңдады да, қойды.

Даяшы буын бұрқыратып екеуіне бір-бір самса алып келді. Жанында қып-қызыл шайы бар.

– Мына ыстықта осынша тойымды тамақ қалай болады екен, – деп қойды Бауыржан күліп.

– Мен түскі ас ішпеп едім, жақсы болды, – деді Азат еш алаңсыз.

– Түскі асты мен де ішкем жоқ. Қазір өзі қарным аш па, тоқ па, сезбейтін болдым. Алдыма тамақ келсе жеймін. Қарным ашқанын сол кезде ғана білемін. Былай түк тәбет жоқ.

– Өтер, кетер. Менің түсінгенім, уақыты келгенде кез келген қиындық өтеді. Өткенше шыдай аласың ба, жоқ па – мәселе сонда ғана.

Екеуі ауыздарын күйдіріп алмас үшін сілекейлерін тартып отырып, самсаны жеуге көшті. Бауыржан көптен бері бұндай жерде бұлай тамақ ішпеген еді. Әріптестері, араласатын адамдары тек қымбат жерлерге кіреді, асты баптап ішеді. Осылай емін-еркін, аузын толтыра шайнап, сөйтіп отырып түсініксіз сөйлегеніне қысылмай, жұтып жіберген соң сөзін қайталап, қолыңдағы самсаға құмарта қарап алып, қайта асап отырғаны өзіне жағып бара жатқандай.

– Ой, рахат-ай, – деді бір кезде. Бірақ осы сөзі өтірік екенін де ойлап үлгерді. Өзінің біржола ажырасып кету алдында тұрғанын, қарсы алдында отырған Азаттың бір кездері жайдан жай адам өлтіргенін де еске алып өтті. Кейінгі кезде бірнәрселерді қайталап ойлай берген соң ба, миы осылай шаршап, басына не келсе де үзік-үзік күйінде келетін болған сияқты.

Азатты полиция алып кеткен соң, не болды екен деп бұлар барынша білуге тырысты. Сөйтсе, түнгі клуба өзінен үлкен бір жігітпен бірге ішіп, артынан қаланың сыртындағы жер үйге барған. Басында біреулермен жүрген болуы керек, соңынан бәрі тарап, екеуі ғана қалған. Екеуден екеу отырып тағы ішкен. Артынан сөзге кеп қалған да, төбелесіп, Азат әлгі адамды сыммен қылқындырып өлтіріп тастаған. Өлтірмесе болмайтындай жағдай емес дейді. Өйткені, өлген адам бұрын сотталмаған, шартпа шұрт мінезі де жоқ, арақ ішсе құр сөйлей беретін жігіт екен. Бірақ Азат соны өлтіріп тастаған. Неге? Бауыржанның ойынша, бүкіл топтың көзінде Думаннан таяқ жеген кезде ішінде қатқан кекті ол солай шығарған болуы керек. Кісіні өлтірген соң түк болмағандай сабаққа келді. Полиция келген кезде өзіне келіп тұрғанын білді. Оған дайын болды. Сасқан жоқ. Кетіп бара жатып, топпен қоштасып кетті. Жасаған ісіне мақтанғандай болды. Мен намыссыз, әлсіз жігіт емеспін, мен керек болса, адам өлтіре аламын, анау бір күні Думанды да өлтіріп тастауым мүмкін еді, әттең сол сәт батыл бола алмай қалдым, енді ешкімді басыма шығармаймын деп кетіп бара жатқандай болған.

– Көп ойлай берме, – деді Азат орнай қалған үнсіздікті бұзып. – Ой деген адамды жеп қояды. Айту оңай, әрине. Бірақ кейін түсінесің. Ең дұрысы, уайымға салына бермей, ақылға салып бір ойланып, шешім қабылдау керек те, сол бойынша алға жылжи беру керек.

Бауыржан өзінің болжамы дұрыс-бұрыс екенін Азаттан сұрағысы келіп кетті. Бірақ өзі неге ажырасып жатқанын айтпайтыны сияқты, Азат та ондай ауыр қылмысқа не үшін барғанын бәрібір айтпайды ғой деп ойлады тағы да. Адамдар ондай нәрсені айтпайды.

Бауыржан группаласына «Есіңде ме...» деп басталатын бір көңілді әңгіменің шетін шығарғысы келді. Бірақ ойына түк келмей қойды. Өзінің ажырасуы еңсені басты ма, әлде Азатқа қатысты жалғыз ғана оқиға есінде қалып, басқасы өшіріліп қалған ба, түсіне алмады. Бірақ аздан соң, Азатқа қатысты «сол баланың жағдайы не болды екен» деп арасында алаңдайтын азапты ойынан құтылғанына қуанды. Ешкімге өкпесі жоқ, өмірге риза болып, алаңсыз отырған Азатқа қарап, тағы да бір сүйсініп кетті де:

– Бауырым-ай, ризамын, ей, үйленейін деп жатқаныңа, – деді. Азат жылы жымиды да, екеуінің де кесесін толтырып шай құя бастады.


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар